Отандық музыка тарихында аты аңызға айналған өнерпаз көп. Алысқа бармай-ақ Ахмет Жұбанов, Дина Нұрпейісова, Александр Затаевич секілді тұлғалардың есімі дәстүрлі музыка тарихына алтын әріптермен жазылды. Осындай тізім қатарында жеке тұлғалардан бөлек, өнер ұжымдары да бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі.
Құрманғазы оркестрі қалай құрылғанын білесіз бе?
Фото: автордыкі
5,042
оқылды

Интернетте «Құрманғазы оркестрі» деп жазсаңыз ақпарат көп шығады. Оркестр тарихы мен репертуары жайлы мәліметті молынан аласыз. Десе де, көңіл көншітпейтін бір «әттеген-ай» бар. Оркестрдің алғашқы құрылған уақыты жайлы дерек жоқтың қасы. Сондықтан өзімізге оркестрдің алғашқы жылдары жайлы жазуды мақсат еттік. Мақсатымыз айқын болуы үшін ұжымның маңызды, тағдыршешті деген алғашқы он жылдықты алдық.

Бәрі 1933 жылы басталған. Бір жыл бұрын ашылған Алматы музыка-драма техникумы жанынан «Қазақтың халық музыкасын зерттейтін кабинет» және «Қазақтың халық музыкасы аспаптарын дамытатын мастерской» жұмыс істей бастайды. «Бұл Қазақстан Халық Комиссарлар Советінің қаулысы еді» дейді Ахмет Жұбанов. Ашылған мекемелерге арнайы жұмыскер ретінде Ленинградтан Евгений Брусиловский, қазақтың жер-жерінен Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Қамбар Медетов сияқты күйшілер шақыртылады. Осы және басқа да домбырашылар бірігіп, ансамбль ретінде өнер көрсетіп жүреді. Барлығы 11 адам, бәрі де техникум студенттері. Бұл кез туралы оркестр тарихын зерттеген Бисенғали Ғизатов келесідей деректі жазады: «Бұл құрам тек домбырашылардан құралды. Олар ән мен күйлерді унисон (бір дауыста) тартып жүрді. Барлығы да нотасыз тартатын». Ал Жұбанов осы кезді «Кішкене оркестр қатары аз да болса өсіп, 1-2 айдан кейін 17 кісі болды» деп еске алады.

Келесі жылы, яғни 1934 жылы маусым (шілде) айында Алматыда Халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық бірінші слетін ұйымдастырады. Іс-шараға кез келген адам келмесе керек. Төменде 1933 жылдың желтоқсан айында шақырылған адамдардың анкетасы ұсынылып отыр. Құжат Орталық архивте сақталған. 

 

Ары қарай Ахмет Жұбановтың «Ән-күй сапары» еңбегінде жазылған дерекке үңілейік. «1934 жылдың жазы. Қазақ драма театрының іші-сырты толы адам. Сахнада күн-түн демей үзілместен жүріп жатқан концерт. Бірақ бұлардың ішінде Алматы халқы күнде көріп жүрген артистер жоқ. Өйткені бұл халық өнерпаздарының басын қосып жатқан ән-күй жарысы болатын. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген небір аңыраған әнші, құйқылжытқан күйші, мың бұралған биші, тақылдаған әңгімеші астаналықтарға өз өнерін көрсетіп жатқан» деп еске алады А. Жұбанов.

Осы өнерпаздардың қатарында қазіргі Батыс Қазақстан облысынан келген Қали Жантілеуов бар. Біз Орталық архив мұрағатынан Қали күйшінің іссапар қағазын таптық.

 

Бисенғали Ғизатов: «Слетте өңірлерден келген өнерпаздармен қатар былтырдан бері бірге ойнап жүрген ансамбль де өнер көрсетті. Олардың өзара айырмашылығы бар. Ансамбльде отырғандар жаңа домбыралармен сахнаға шықты. Ол домбыралар техникумда зерттеліп, өңделіп, сынақтан өткен. Ансамбль мүшелерінің киген киімдері де бір түсті еді», – дейді. Б.Ғизатовтың бұл сөзін А.Жұбановтың мына сөзімен сабақтасақ дейміз: «...біз кезде үстеріне жасыл жолақ шапан, бастарына бөрік киген бір тор адам сахнаға шықты. Олар дөңгеленіңкіреп алқақотан отырды. Қолдарында – әдемі домбыралар. Шеттеу отырған біреу иек қағып еді, бәрі бірден бастап кетті. Бұлар «Кеңес», «Айжан қыз», «Келіншек» күйлерін және «Дудар-ай» әнін тартты». 

Бұл шара аяқталған соң арнайы оркестр құрады. Алғашында оркестр құрамы отыз адам деп бекіткен екен. Сол құрамда кімдер болғанын А.Жұбановтан оқи аламыз: «... сол жылы бүгінгі ұлт оркестрі құрылды. Оған Қазатком аты берілді. Жаңақаладан келген Жантілеуов Қали, Таловкадан келген Уәлиев Ысқақ, Меркеден келген Кермұқан, Созақтан келген Қаламбаев Жаппас, Қарағандыдан келген Ыбыраев Қабікеш, Сырдан келген Мәлік Жаппасбаев, Құрманғазы күйлерінің шебері Қабиғожин Уахап, жалынды жас домбырасы Матов Ғабдұлман…», – дейді.

Бұл 1934 жылдың 21 маусымы. Оркестрді құру жайлы арнайы бұйрықты Орталық Атқару комитеті дайындаған екен. 

 

Осыдан бастап жұмыс қыза түседі. Үлкен-кішілі концерттерге қатысып жүріп, алыс сапарларға да шығады екен. Мысалы, алғашқы концерті 1935 жылғы 2 қаңтар күні өткен Қазақстан Советтерінің ІХ съезінде өтеді. Көп кешікпей осы оркестр негізінде Үкімет мемлекеттік филармония ұйымдастырады. Төмендегі жарлықта көргеніміздей, оркестр жаңа ұйым филармонияның құрамына енеді.

 

Осы жылы оркестр гастрольдік сапарға жиі шыққан екен. Мысалы. жаз айларында «Шымкенттің қорғасыншылары, Ащысайдың кеншілері, Аралдың балықшылары, Гурьевтің мұнайшылары, Ақтөбенің химиктері, Түркісібтің теміржолшылары» жаңа ұжымның өнерін тамашалайды. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде «қазақ совет өнерінің онкүндігіне» қатысады. 

1936-1937 жылдары Жұбановтың жазуы бойынша, «оркестр Қазақстанның орталық, солтүстік, шығыс облыстарын аралады, көршілес туысқан Қырғыз Республикасының орталығы – Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында болды. Қайда жүрсе де оркестр номерлерін халық үлкен қошеметпен қарсы алып отырды».

1938 жылы оркестр жаңа репертуар жасауға көшеді. Жаңадан келген дирижер Латиф Хамиди ән мен күйлерде гармония қосып, екі дауыста орындауды тәжірибеге енгізеді. Осы жылдары төменде көрсетілген бұйыққа сәйкес, оркестр мүшелері ноталық сауатын арттыруды жалғастырумен қатар, жаңа әндер оркестрге лайықтап өңделу керек.

 

Бұл кез туралы Б.Ғизатовтың мына жазғаны қызықты: «1938 жылы Л.Хамиди жеңіл гармониялық шығармаларды оркестрге енгізе бастады. Мысалы, Брусиловский өңдеген «Жаймақоңыр», «Шіркін-ай», «Жасасың» (авторы М.Ержанов), Хамиди өңдеген «Жеңеше», «Қараторғай», А.Зильбер өндеген «Жиырма бес», «Екі жирек», «Ахау, Семей», Жұбанов өңдеген «Зәуреш», «Айдидай», «Жанбота» әндері ұжымның репертуарына енгізілді».

1940 жыл туралы Ахмет Жұбанов аса құнды естеліктер жазып қалдырған. «1940 жылы бір актілі музыкалы пьесаларға нотамен сүйемел жасалды. Қобыздар тобының әлі де буыны бекітілмеген кез, бұл жылдары оркестр партитурасына симфониялық оркестр аспаптарынан гобой, флейта, фагот енді. 1941 жылдан бастап оркестрдің байырғы аспаптарының орындау мәдениеті көтерілуімен байланысты, жоғарыда аталған аспаптар оркестрден шығып, қобыздан неше алуан жауапты партияларды орындайтын болды», – деп жазады Ахмет Қуанұлы.

1941 жылы соғыс басталғанда оркестр мүшелері де үнсіз қалмайды. Өз еркімен майданға аттанса, қалғандары қаржылай, материалдық көмек көрсетіп үлес қосты. Орталық архивте оркестр мүшелерінің «майданға» деп өткізген киімдерінің тізімдері бар. Сонымен қатар филармония ұжымы өздері жиылып, ақша өткізген. Төменде көрсетілген хаттамаға сәйкес, Л.Хамиди 20 рубль, Жұбанов 30 рубль үлес қосқан. 

 

Соғыс жылдарында да жұмыс тоқтамайды. Моцарттың «Рондосы», Бизенің «Кармен» билетінің бір бөлімі, Шуберттің «Вальсі» секілді әлемдік шығармалар оркестрге өңделіп, көрерменге ұсынылады. Осы еңбек нәтижесінде 1942 жылы ҚазКСР жарлығына сәйкес Қали Жантілеуов пен Латиф Хамиди «ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі» деген атақ алады.

Ресми құрылғаннан бастап, он жыл еңбек еткен оркестрге 1944 жылы ел үкіметінің қаулысымен күйші Құрманғазының аты беріледі.

 

Бұған дейін  Ахмет Жұбановтың домбыраны сынауы деген мақала жариялаған болатынбыз.