Әнші Қайрат Түнтеков "Qazaq Airan" Youtube-жобасына берген сұхбатында 2012 жылы басынан өткен жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әнші сол уақытта жол апатына түскен болатын.
"Жол апатына түскен кезде сот жәбірленушіге 40 миллион теңгенің айналасында өтеуімді міндеттеді. Бұл сол уақытта өте көп ақша еді. Халық шулап кетті, ал журналистер одан қатты көтерілді. Ол кезде "хайп" деген түсінік жоқ еді ғой, хайп болған алғашқы әншінің бірі өзім болдым ғой. Қарыздан құтылу үшін 4-5 жылдай жүрдім. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз», - деді әнші.
Өнер иесі сол жайтты қазір күліп еске алғанмен, өте ауыр тигенін айтады. Қайрат Түнтеков жол апатынан кейін 40 күндей қамауда отырған.
«Сол кезде маған қатты ауыр тиген еді. Ал қазір көріп отырмыз ғой, өнер адамдарының арасында да түрлі жағдай болып жатыр. Оларға қарайсың да, "Ауыр тиеді ме, тимейді ме?" деп ойлап қаласың. Еркекпіз, әр еркектің басынан неше түрлі жағдай өтеді. Дегенмен қазіргі жастарға айтарым, абайлап жүріңіздер, сақ болыңыздар", - деді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.