Қазақстанға да жасанды интеллект (ЖИ) келді. ЖИ білім жүйесіне енгізіліп жатыр.
Төрлет, төрге оз, жасанды интеллект!
843
оқылды

Ол табиғи апаттарды бақылап, мониторинг жүргізуге жәрдемдеседі. Тіпті, шекарадағы электронды кезектерді ретке келтіруге жұмылады. Ауыл шаруашылығына берілетін барлық субсидияның, өзге қолдау қаржыларының әділетті бөлініп, нысаналы жұмсалуын ЖИ қадағаламақ. Осы және басқа жаңалықтарды ілгерілету үшін алдағы оқу жылында тарихымызда тұңғыш рет ЖИ мамандарын даярлау басталады.  

 

Білгендерге анықтай, білмегенде танықтай...

Жасанды интеллекттің қол­да­нылмайтын жері жоқ. Бұрын ол шығармашылық саласына бас сұға алмайды, санасы жетпейді деп есептелетін. Бірақ қазірдің өзінде ЖИ ақпарат құралдарына жаңалықтар әзірлеп, мақала жа­зады, ЖИ «қаламынан» ту­ған әдеби туындылар пайда бол­ды, ол сондай-ақ музыкалық шы­ғармалар шығара бастады. 

ЖИ құралдары интернетті ба­рынша дербестендіреді. Мысалы, министрліктердің, әкімдіктердің, өзге мемлекеттік органдардың ресми интернет ресурстарында, eGov порталында және оның сер­вистерінде қазақша, орысша, ағылшынша, сондай-ақ «Көру қабілеті нашар адамдарға арнал­ған нұсқа» бар. IT маманы Абы­лай Аманбайдың айтуынша, болашақ­та соның қатарына «ЖИ» нұсқасы қосылары даусыз. Себебі ЖИ арқасында әлемде көру не есту қабілетінен айырылған адам­дарға арналған виртуалды көмекшілер жасалып, дамытылып жатыр. 

«Адамдарға кез келген дерлік салада кез келген дерлік міндетті шешуге көмектесе алатын ЖИ негізіндегі агенттер пайда болды. Олар, мысалы интернетте жария­ланған барлық ақпаратты лезде қорытып, бәс тігушілерге, былай­ғы жанкүйерлерге қандай ұлттық құраманың, не спорт клубтың немесе спортшының бабында екенін, жеңіске жетуге жағдайы жететінін айтып береді. Олар математикалық күрделі тапсырма­ларды шешуге үйренді», – дейді сарапшы. 

Олар өтінішті, ғашықтық хатт­ы, диплом мен диссертацияны қалай сауатты жазуды; стикерпак жасауды; қандай да бір затпен бүлінген киімді еш дақ қалдырмай қалай жуып тастауға болатынын біледі және жөн-жобасын көр­сетеді. Жасанды интеллект кез келген мамандықтың зерік­тіретін техникалық міндеттерін өз мой­ны­на алады да, адамға оның шы­ғар­машылық, комму­никация­лық, креативтік қырла­рына назары мен күш-жігерін шоғырлан­дыруына мүмкіндік береді.  Осы­лайша, біз ЖИ төң­керіс жа­сайтын жоғары тех­нологиялық болашаққа аяқ басқанымызды байқамай қал­ғандаймыз. 

ЖИ-ге билік етуге билік дайын ба?

Сарапшылар бұл мәселенің жай-жапсарын егжей-тегжейлі, нысаналы талдау үшін оған Үкі­меттің жеке отырысын арнауды, ең құрыса, Сенат пен Мәжілісте жеке парламенттік тыңдау өткі­зуді ұсынып келеді. Алайда билік органдары әзірге бұдан бас тартып жүр. 

Тек өткен маусым айы­ның соңында, Үкіметте Пре­мьердің орынбасары–Үкімет аппара­тының басшысы Ға­лым­жан Қойшыбаевтың төра­ғалығымен шағын жабық кеңес өтті. Журнал­ис­тер қауымы жіберілмеген жиыннан Үкіметтің баспасөз қызметі шағын ғана мәлімет таратты, онда кеңесте азаматтар мен бизнеске арналған мемлекет­тік қызметтерге жасанды интел­лект элементтерін енгізу мә­селесі талқыланғаны атап өтілген. 

Бірақ сарапшылардың ай­туынша, Үкімет әзірге ЖИ-ді жап­пай, батыл енгізуден қор­қасоқтап отыр. Өйткені әлем­де ЖИ тыңшылық жасау, мем­лекет­тік, өнеркәсіптік құ­пия­ларды, азаматтардың дер­бес деректерін ұрлау үшін де пай­даланылады. Мұның сыртында жаһанды жал­па­ғынан баса бастаған жасанды интеллект бір сырды біліп қойса, ұмытпайды. Ол пара алмайды, қоқан-лоққыңа мыңқ етпейді, қылмыстық қуда­лап, түрмеге қамаумен қорқыта алмайсың. Ол бір жерден білген құпиясын екінші жерде еркін бөлісе алады. 

Ал Қазақстанда киберқауіп­сіздік саласы, хакерлік шабуыл­мен күрес тетіктері енді ғана жетілдірілу үстінде, дамудың бас­тапқы сатысында тұр. Сон­дықтан жабық кеңесте вице-премьер қауіпсіздікке бірінші кезекте баса көңіл бөлуді жүктеді.

–Үкімет өмірдің барлық сала­сында ЖИ енгізу үшін белсенді жұмысын жалғастырады. Бұл ретте деректердің қауіпсіздігіне және заңнамалық нормалардың сақталуына ерекше назар ауда­рылатын болады. Мұндай ша­ра­лар азаматтардың өмір сүру са­пасын жақсартуға және биз­несті дамытуға ықпал ететін мем­лекеттік басқарудың неғұрлым тиімді және ашық жүйесін құруға бағытталған, – деді Ғалымжан Қойшыбаев.

Бұл істе алға көш бойы ұзап кет­кен АҚШ, Еуропа, бас­қа дамыған елдерден айырма­шылығы сол, Қазақстанда ЖИ-ге арналған жеке заң әлі күнге қабылданбаған. Тіпті, жеке мем­лекеттік бағдар­лама жоқ. Ци­фр­лық даму ми­нистрлігі әзір­леп, 2024 жылғы ақпанда қоғамдық талқылауға шығарған «Жасанды интеллектті дамы­тудың 2024-2029 жылдарға арнал­ған тұжырым­дамасының» жобасы сол бойы пысықтауда жатқан көрінеді.ЖИ енгізуге бағытталған алғашқы қадамдар 2017 жылы қабылданған «Ци­фрлық Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы ая­сын­да жасалды және ол ЖИ-ді денсау­лық сақтау са­ла­сында өр­істетуге ба­ғытталды. Же­келеген іс-шара «Цифр­ландыру, ғылым және инно­вация есебінен техно­логия­лық сер­піліс» ұлттық жобасы аясында көзделді. Бірақ былтыр бұл ұлттық жоба күшін жойды.

Қазір «Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары» және «Цифрлық транс­формация, ақпараттық-комму­никациялық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласын дамыту­дың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» си­яқ­ты бірқа­тар стратегиялық құжатта жасан­ды интеллект бағыты бойынша кейбір міндет пен іс-шаралар ішінара ғана айқындалған.

Біздерде мынадай бар, мынадай бар!

Жуырдағы Үкіметтегі кеңесте ЖИ-ге қатысты жобалардың бірен-сараны ғана қаралған екен. Онда бірқатар мемлекеттік орган өз саласында жаңа ЖИ-қызметін енгізу нәтижелерін ұсынды. Атап айтқанда, жасанды интеллектке негізделген білім беру көмекші­сінің, дүлей табиғи апаттарды мониторингтеуге арналған сер­вистің, Қазақстан шекарасын­дағы электронды кезектер жүйе­сінің, «Бәйтерек» холдингіндегі бизнес-процестерді автоматтан­дырудың тұсауы кесілді.

Кеңес барысында вице-премьер «Бәйтерек» холдингіне қызмет көрсетудің «бірыңғай терезесі» қағидаты бойынша бар­лық қаржылық қызметті eGov мобильді қосымшасына шығару­ды жүктеді. Сондай-ақ  жасанды интеллекттің мүм­кіндіктерін пайдаланып, мемлекеттен түрлі қолдау қара­жаттарын алу үшін бизнестен түсетін қаптаған өтін­імдер легін қарау мерзімдерін едәуір қысқартуды және бизнес­пен жұмыс істеудің проактивті форматына көшуді тапсырды.

Цифрлық даму мин­истрлігінің мәлі­метінше, Қазақстан бұл процеске кеш кір­геніне қара­мастан, бүгінде жасанды интел­лектке қатысты бір­қатар жоба түрлі салада іске асы­рылады.

«Мәселен, ден­сау­лық сақ­тауда ­қа­­шықтан ме­ди­­­­ци­­­­на­лық қызметтер көрсету, роботтан­дырыл­ған әдістерді және жа­сан­ды ин­теллектті енгізу бо­йын­ша жобаларға қолдау көр­се­тіледі. Ин­сульт белгілерін диаг­нос­тикалауға көмектесетін Cerebra жобасы (Almaty A.I.Lab), ортодонттарға жақтың ком­пьютерлік томо­граф­иясын жедел оқуға, өңдеуге, кінәратты табуға көмектесіп, лезде жеке орто­донтиялық талдау жүргізетін А.Исатаевтың Aident стартапы, электрокардио­грам­маны қа­шықтан декодтауға ар­налған Smart ECG, Pneumonet жүйесі, LungCancerCT жүйесі, ForUs Data ЖШС-ның MgraphNet жүйесі, Galamat-тың Arnica PACS-Systems, Uniqa ai (дәрі­ханалар) және басқа да жоба­лар қолға алынды», – деп хабар­лады министрлік.

ЖИ-ді Smart City бағытында енгізуді қарастыратын бірнеше жоба бар екен. Соның ішінде атақтысы әрі атышулысы – ешбір инспектордың, өзге де маманның бақылауынсыз, жол жүру ереже­лер­інің бұзылуын өз бетінше анықтап, айыппұл жазатын «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі (Open Technologies Group ЖШС).

Мұның сыртында, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ жүзеге асыратын «Қала басшы­лығы үшін көрсеткіштердің бө­лінген динамикасы бар ахуалдық орталық», «Алматы қаласының мемлекеттік білім беру мекеме­леріндегі Қауіпсіздіктің ке­шен­ді жүйесі», «Бірыңғай бей­немони­торинг жүйесі» жобалары да ЖИ-ге құрылыпты.

Бұдан бөлек, министрлік ЖИ-ге арқа сүйеген және негізінен қала көшелерінде енгізіліп жат­қан келесі жобаларды ата­ды. Арасын­да қалалық ин­фра­құрылымға арналған зи­ят­керлік ақпараттық-теле­ком­муни­кациялық жү­йе­лер: Smart City тұжы­рым­дамасындағы көлік, экология, энер­гетика және деректерді талдау (Smart city ғылыми-инновациялық орта­лығы); нө­мірлерді, тұлғаларды тану жүйесі және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу («Ақпараттық және есептеу техно­логия­лары институты» ШЖҚ РМК); TargetAI ақылды бейне аналитика плат­формасы (TargetAI Limited ЖШС) және басқалары бар.

Өнеркәсіп са­ласында мына­дай жобалар іске ас­ыр­ылды: «Бәйтерек» холдин­гінің Ах­уал­дық орталығы, Мұнай өң­деу және өткізу тиім­ділігін басқару орта­лығы, «Газпром Нефть» ММӨЗ ГОБКК қондыр­ғысының цифрлық егізі (Қ.Сәтбаев ат­ын­дағы ҚазҰТЗУ, Сандық тех­нологиялар және техноло­гиялар институты жоба­лары).

Жер қойнауын пайдаланушы­лардың өндірістік процестерін оңтайландыруға арналған өнер­кәсіптік автоматтандыру және цифрландыру технология­лық платформасы, Brains жасанды интеллект өнеркәсіптік плат­формасы (Tech Garden.IntelliSense-LAB цифрлық өнеркәсіп орталығы), ұңғымалардағы инци­денттерді көпфакторлы талдау негізінде геологиялық-техника­лық іс-шараларды іріктеуге ар­налған Neuron Oil платформасы қолданысқа енгізілген.

Үкіметтің сарапшылары жа­санды интеллектті енгізу бойын­ша біраз проблема барын анық­та­ды. Біріншіден және ең бастысы –   ЖИ және оған құрылған жүйелер заңнамалық реттелмеген.

Екіншіден, ЖИ қолданылған отандық өнімдердің қазақстандық шығу тегін дәлелдеу күрделі: СТ КЗ сертификаты тек тауарларға беріледі, қызметтерге қолданыл­майды, оның өзі биыл жойылып жатыр.

Үшіншіден, көптеген елді мекенде, тіпті Астананың шет­кері аудандарында жо­ға­­ры жылдам­дықты интер­нет жоқ. Төртінші­ден, ақпа­раттық жүйелердің өзара интег­рация­ланбауы сапалы талдау жүргізуге кедергі келтіреді. Медицинада FDA мақұлдауын алу үшін жаһандық стандарттарға сәйкес клиникалық зерттеулер жүргізу қажет. 

Салада маман тапшы. Бұл проблеманы шешу үшін биыл ЖИ мамандарын даярлау басталмақ: University Alliance of Science and Technology жоғары оқу орындар­ының альянсы әзірлеген «Жасан­ды интеллект» атты жаңа бака­лавр­иатта білім беру бағдарламасы 3 жыл ішінде маман дайындауды қарастырады. Қазақстандық және халық­аралық сарапшылар бірлесе әзірлеген бағдарлама Ғылым және жоғарғы білім министр­лігінің жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру ұйымдарына арналған 2024 жылғы Жол кар­тасына кірді. Тиісінше, ­5 уни­верситет жаңа оқу жылында «Жасанды интеллект» бағдар­ламасы бойынша сту­денттерін қабылдауға кіріспек.

ЖИ саласының болашағы зор, демек, өз болашағының зор болу­ын қалаған ел де одан шет қал­мауға тиіс.

Елдос СЕНБАЙ