«Ортеке» күйшілерді жинады

Қарағанды қаласында екінші мәрте «Ортеке» этнофестивалі өтті.

Қарағанды қаласында екінші мәрте «Ортеке» этнофестивалі өтті. Былтыр облыстық деңгейде өткен жарыс биылғы жылы республикамыздың барлық өңірін қамтыды. Республикалық этнофестивальдің ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және облыстық Демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы.

Қытай мен Моңғолиядан, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қара­ғанды облыстарынан және Ұлытау мен Жетісу облыс­та­рынан келген өнерпаздар, барлығы он тоғыз қатысушы Қазақ драма театры сахна­сында «Ортеке» этнофес­тива­лінде өз шығарма­шы­лықта­рын ұсынды. 

Биылғы фестивальдің ерек­­шелігі қатысушылар тек осы байқау үшін жазылған авторлық күйлерін орындады.

– Болашақта біз «Ортеке» этнофестивалінің үздік күй­лерінен жинақ жасағымыз ке­­леді, – деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы, халық­аралық байқаулардың лау­реаты, музыкант, Б.Сарыбаев атындағы музыкалық аспаптар мұражайының негізін қалау­шы, қазақ халық аспаптарын жасау шебері Азамат Бақия.

Бас жүлдені Қытайдан кел­ген Бағдар Жарқын жеңіп алды. Бірінші орынды қара­ғандылық Ерлан Сәду, екінші орынды Ақмола облысының қа­тысушысы Айжан Құрақ, үшінші орынды Жетісу облы­сынан Жәнібек Мақатан қаң­жығаға ілді.

Сәкен Сейфуллин атын­­дағы Қазақ драма театрында фестивальдің басты іс-шара­сы – сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдас­ты­рылды, онда қолөнершілер өз жұмыс­тарын ұсынды.

– Мен металды, ағашты, былғарыны және басқаларын өңдеймін. Қазақ қолөнерінің барлық түрлерімен айналы­самын. Бұқар жырау ауданы­ның Сарытөбе орта мектебінде еңбек пәні мұға­­лімі болып жұмыс істеймін, сон­дай-ақ 20 жыл бойы «Жас шебер» жас шеберлер клубын басқарып келемін. Мен фес­ти­­­вальге екін­ші рет қаты­сып отырмын. Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындарына эмбле­ма жасап, оны көрмеге ұсын­дым, – дейді Мәлік Жомарт.

Экспозицияның ерекше­лігі Астанадан келген «Марс» робототехника орталығының мамандары дайындаған элек­тронды ортеке болды.

– Бізге ортекенің элек­трон­­ды нұсқасын жасау тура­лы ұсы­ныс келіп түсті, содан кейін олар біздің командамен жұмыс істей бастады. Модель әлі де әзірленуде. Болашақта біз ор­те­кені интерактивті тақ­та ар­қылы гаджеттерде ойнау­ға бейім­деуді жоспарлап отыр­мыз, – дейді «Марс» робо­­­то­­тех­­­ника  орталығының өкілі Марс Мақсот.

20 жастағы Есжан Мұрат­бек Моңғолиядан тәжірибе жинап, одан әрі ортекені өз отанында өнер түрі ретінде дамыту үшін келгенін айтады.

– Ортекемен соңғы екі-үш жылда айналысамын. Фести­вальге «Көксерке» күйін алып келдім, – деп бөлісті Есжан Мұратбек.

Сондай-ақ фестиваль ая­сында ЮНЕСКО өкілде­рі­нің қатысуымен материал­дық емес мәдени мұра бойын­­ша семинар өтті.

 

Қарағанды облысы

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ