Тыңдарман арасында хит әнімен танылып, қағытпа қалжыңымен елге белгілі болған өнер адамдарының бірінен кейінгі бірінің ісі халықтың көзінше сотта жиі талқыланып кетті. Оған қоғамдық орындарда ерсі қылық көрсетіп, бейәдеп сөз айтуы себеп болған.
Бірі қойса, бірі бастар сахнаның «еркесі-ай»!
2,087
оқылды

Әртістердің әрекетіне қарап сахна адамының мәдениеті қайда деген сұрақтың туындайтыны анық. Халықтың сынына ұшыраған азаматтардың қылығы бірінші рет емес, былтыр да жұрттың дауын тудырып еді. Кей жұлдыздар «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей-ақ жылына бір рет жаңа қырымен елді елең еткізетін синдромға шалдыққан сияқты.

Мәдениетсіз әртістерді медиаға шығармаған жөн

Ұшақ бортында бірінші танымал әзілкеш Қабатовтың, кейін Қайраттың шу шығаруы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Жазалары бірнеше тәулікке қама­луымен өтелді. Ал 7 жылға жүргізу куә­лігінен айырылған Төреғалидің де жағдайын ел біледі. Жұрт алдында жүріп ашуға булығып, ақылынан адасқанның тірлігін жасаған өнер адамдары кінәсін мойындап, жазасын өтеуде. Ашығын айтқанда, мұндай жағдайларға қоғамның бір бөлігі көз жұмып қарағанымен, бір тараптан сынның астына алып жатқандар да табылды. Сотқа ұласқан істің кең таралуына басты себеп – қазіргі техно­логиялардың қарыштап дамуы. Өнертану (PhD) докторы Молдияр Ергебек қазіргі әртістердің қоғамдық орындардағы мәдениетсіз әрекеттерінің жиі болуын жаңа медиа, жаңа коммуникация техно­логияларының дамуымен байланыстырып отыр. 

«Біз қазір дамыған технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі болып жатқан жағдайлардың бәріне бір-ақ нәрсе себеп. Ол – медиа. Сондықтан оларды қай жерден тыйып тастаймыз десек те мүмкін емес. Бірақ өнер адамдарынан сол атқа лайық болуын, этикаға сай жүруін талап ете аламыз. Десек те, жаңа медиа дәуірінде осы тыңдарман, көрермен тарапынан қойылған талаптың 100 пайыз іске асуы мүмкін емес», – дейді ол. 

Өнертанушы өзін сапалы деп баға­лайтын медиа қанша жерден халыққа өтімді қалжыңы бар әртістер мен танымал әннің орындаушылары мәдениетсіздік көрсеткен  жағдайда олардың жұмысын таратпауы керек, сонда өздері-ақ авто­цензура жасауы мүмкін деп есептейді.

«Қандай да бір сахна адамы көпшіліктің этикасына жақпайтын іс-әрекет жасаған болса, сол әртістің кейінгі жұмыстарын медиа таратпауы керек.  Міне, сол кезде ғана мәдениетсіздік істермен аты кірленген, репутациясына нұқсан келген сахна адамдары өздерін мәдениетті көрсетіп, жөнделе бастайды», – деп  пайымды пікірін білдірді. 

Қатар болған істер күмәнді

Өнерімен танылған әртістер  көпке үлгі болуы керек дегенді алға тартқан мәде­ниеттанушы Бердалы Оспан сахна мәде­ниетінен бөлек, қоғамдық орындарда да тәртіпті қатаң сақтау керегін айтады. Сон­дай-ақ заңның лауазымға, танымал­дыққа қарамастан бәріне ортақ екенін негізге алды. 

«Елдегі миллиондаған азаматтың әрқайсысына бөлек-бөлек заң шығара алмаймыз. Халық – біреу, заң да – біреу. Кешегі танымал адамдардың әрекетіне қатысты «Баяғыда халық сал-серілердің еркелігін көтерген екен» деген пікір оқыдым. Шынында, сал-серілер халықтың еркесі болған мәдениеті биік өнер адамы еді. Ал қазіргілердің істеп отырғаны жай «еркелік». Заң алдында бәрінің құқы бірдей және оған бағынуға тиіс. «Семіздікті қой ғана көтереді» демей ме қазақ? Бұл жұл­дыздар танымалдықты көтере алмаған секілді», – дейді мәдениеттанушы. 

Қазіргі экраннан көрсетіліп жатқан арзанқол әзілдер шоу-бизнестің негізгі форматына еніп кеткен. Соның ішінде жүрген кей әртістер өздеріне жүктелген міндеттерді толық атқармай, шектен шыққан әрекет жасайтынына көпшілік куә. Мұндай жағдайдың алдын алу немесе азайту үшін біріншіден, сахна адамының өзі күресуі керек. Егер қателік жіберген жағдайда аға буын өкілдері тарапынан айтылған кеңестің де маңызы зор. Мәдениеттанушы Бердалы Оспан ән­шілердің қоғамдық орында жұл­дыздардың мәдениетсіздігіне байланысты ешқандай аға буын өнер адамының ой саларлық пікір білдірмеуіне ашынғанын және атын шығару үшін әдейі бұзықтық жасау бұрын да болғанын айтты. Сонымен қатар елге танымал өнер адамдарының бірінен соң бірі айыпқа тартылып жатқаны күдікті болып тұр деген екіұшты ойға келгенін жасырмады. 

«Елдегі адамның біразы заңды біліп калды. Бұзғанына қарай қандай жаза қолданатынынан да хабардар. Соған қарай жеңіл қылмыс жасауы мүмкін. Шоу-бизнесте жиі болып тұратын нәрсе бұл. Атын атамай айтайын. Сахнада тұрып «5 тәулікте ешқайда шықпай дайындалып келдік, енді Қ. азамат кетті дайындыққа» деп жағдайларын қалжыңға араластырып отыр. Зал толы көрермен соған күледі. Бұл – елдің рухани тоқырауына алып келетін нәрсе. Баяғыда түріктің Азиз Несин деген жазушысы мен Қалтай Мұхамеджан ағамыз бір сатира әртісінің концертіне барыпты. Сонда күлкісіз шыққан ағамыз «Біз арзанқол әзілге күлетін жағдайға жеткеніміз жоқ» деген екен. Ал қазір жағдай мүлде басқа болып тұр», – деді ол. 

Мәдениеттанушының пікірінше, танымалдыққа ие адамдардың осындай ерсі әрекеттерін ел алдында талқылау керек. Өйткені бір шаңырақ астындағы елге заң да бір. 

«Кей әншілерді жас деп істеген қа­телігін сынға ала бермейді. «Әлі жас» деп айтуға болмайды. Қошқарбаев Рейхстагқа 21 жасында ту тіккен. Енді осындайда менің қарным ашып отырғаны, жасы үлкен атақты әншілер ақыл айтып, өнер әлемінің тәртібіне шақыру керек. Біреудің қателігі екен деп отырмай, оған ұялу керек еді. Өнердегі «елдің қаймағы» болуға ұмтылып, өзінен кейінгілерге үлгі көрсетуге тырысса, өнердегі мәдениетіміз де, еліміздің әлем алдындағы мәдениеті де өсер еді», – дейді Б. Оспан. 

Осы кезде мәдениеттанушылар ара­сында екіжақты пікір пайда болды. 

Сынға алып, түзей алмаймыз

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдениеттану лекторы Айжан Нұрхамитқызы танымал тұл­ғалардың тергеуге жіберілген ісін халықтың көзінше талқылау дұрыс емес екенін және оның  мәдениетсіздікке жататынын баса айтты. 

«Ел алдында жүрген адамдардың сах­надан тыс жасаған қателіктері мен ерсі қылықтарын өздері рұқсат бермейінше, көпшіліктің назарына шығармаған дұ­­рыс. Оның керегі де жоқ.  Өйткені тергеліп отыр­­ған тұлға рұқсат бермесе, оны талқы­лап жатқан қоғамның ісі тікелей мәде­ниетсіздік болады. Өйткені репутациясы жоғары тұлғаларды талқылау арқылы өздерінің абыройы мен рейтингін ойлай­тындар да көбейіп кетті. Кейде баспалар өздерінің рейтингі үшін танымал адамдарды тал­қылап жатады, бұл мәде­ниеттанушы ре­тінде субъективті үлкен қателік деп ой­лаймын. Мүмкін, халықтың алдына салу арқылы оларды тәрбиелейміз деп ойлайтын шығар. Бірақ толық қа­лыптасып қойған тұлғаны тәрбиелеу мүмкін емес», – дейді А. Нұрхамитқызы. 

Сонымен қатар мәдениеттанушының пікірінше, сахнада жүргеннің барлығы сауатты адам болғанымен, олардың кей іс-әрекеттері өзінің алдындағы өнердегі ұстаздардан тәлім алмағанын көрсетеді. Өйткені сахна мәдениетін тек өнер адамы ғана біледі және оған қойылатын талап та күрделенуі керек сияқты. 

Өнер адамы үшін халықтың ықыласына бөленгеннен асқан марапат жоқ. Осындай марапатқа ие боламын дейтін әр сахна адамы хайппен емес, байыппен, нағыз өнерімен танылуы керек-ақ. Танылудың «жаңа» жолымен бір сәтте жарқ етіп алған атақтың ұзаққа бармайтыны анық. 

Ал заң – бәріне ортақ. Құқық бұздың ба, заң алдында жауаптысың. Ел «еркесімін» деп еркелеп жүрген жұлдыздардың да мұны ескергені жөн болар.

 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ