Еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жалғасуда. Ол жаңа экологиялық сана қалыптастырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.
«Таза бейсенбі»: су айдындары қоқыстан тазартылды
1,076
оқылды

Акция Президенттің «Таза Қазақстан» жал­пы­ұлттық бастамасы аясында өтуде. Биылғы 6 маусымнан бастап партиялықтар жол бойын­дағы учаскелер, өнеркәсіптік аймақтар, тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар сынды түрлі аумақтарды қо­қыстан тазартуда. Өткен аптадан бастап бел­сенділер жағалау аймақтарын, жайыл­­малар мен өзен арналарын, көлдер мен су ай­дын­дарының айналасын тазар­туға күш салуда.

Мәселен, елордада партия мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері Қарасу өзенінің айнала­сындағы аумақты тұр­мыс­тық қалдық­тардан тазартты.

«2 сағатқа жетер-жетпес уақытта 4 қап қоқыс жинадым. Қоршаған ортаның жай-күйіне нем­құрайлы қарайтын демалу­шылар пласти­калық бөтелкелерді, қап­тамаларды, алюминий банка­ларды, тіпті батареяларды да қалдырып кетеді. Ал бұл қоқыс жүздеген жыл бойы топы­рақты у­лап, суды ластайды. Курстас­тары­мызбен бірге әр апта сайын акцияға қаты­су­ға тырыса­мыз. Себе­бі бұл – менің туған қа­лам. Оның таза болға­нын қалаймын», – деді волонтер Рамазан Еркінбек.

Алматыда партиялықтар Казачка өзе­ні­нің жағалауын тазалады. Белсенділер шамамен 1 тонна қоқыс жинады. Акцияға мегаполис тұрғындары да белсенді түрде атсалысып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ал Жетісу облысында «AMANAT» пар­тия­сының мүшелері Ақсу ауданына барып, Балқаш көліне құятын Ақсу өзенінің бойын қоқыстан тазартты. Барлық шыны, қағаз, пластик және металл қалдықтары қайта өңдеуге жіберіледі.

«Өкінішке қарай, кей азаматтар жауап­кер­шілікті сезінбей, өздерінен кейін қо­қыс қалды­рып кетеді. Осы себептен бұл жерлер қоқыс төгетін орындарға айналды. Біз тек оны жинап қана қоймай, осы акция арқылы аудан тұрғын­дарын тазалық мәдениетін сақтауға шақырамыз. Қорша­ған ортаны қорғау – тек бірге шеше алатын мәселе», – деді Жетісу облысының мәс­ли­хат депутаты Данияр Ах­молдаев.

Түркістан облысындағы партия мүшелері де игі істен шет қалмады. Бүгін «Денсаулық» бастапқы партия ұйымының мүшелері Бәйдібек ауданындағы Шаян өзенінің жағасын тазалауды ұйымдас­тырды. Оларға қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын жастар мен жақын маңдағы ауыл тұрғындары да қосылды.

«Каратау тауларының етегінен бастау алатын Шаян өзені – жартылай шөлейт аудандағы жалғыз бұлақ көзі. Өзен мен оның жағасының қоқыспен ластануы үлкен экологиялық апатқа әкеліп, барлық тіршілік иелеріне орны толмас зиян кел­тіреді», – деді ақсақал Қанат Қайыркен.

Ұқсас іс-шаралар елдің басқа өңір­ле­рінде де өтті. Бұл тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутат­тары, белсенділер мен бастап­қы партия ұйым­дарының басшылары бекітілген. Олар сол учаскелерде тәртіп пен тазалықты қамта­масыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты инфра­құрылымды жақсарту мен дамыту мәсел­елерін шешеді.