Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Х БРИКС Парламенттік форумына қатысты. Екі күнге жалғасатын форум аясында халықаралық қатынастар жүйесінің тиімділігін арттыру, көпжақты сауда жүйесін нығайту, жаһандық дағдарыстардың салдарына қарсы тұру мәселелерінде Парламенттердің рөлі, сондай-ақ гуманитарлық және мәдени салаларда парламентаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланып жатыр.
Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, аталған форум әлем елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған кезеңде өтіп жатқанына назар аударды. Бүгінде экономикалық және климаттық дағдарыстардың салдарынан геосаяси шиеленіс одан әрі ушығып тұрғаны белгілі. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері осындай жағдайда текетіресті азайту және әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді шешімдер табу маңызды міндет екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасаң дүниетаным стереотиптерін еңсеру және ашықтық пен сындарлы ынтымақтастық негіздерін нығайту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазақстан қауіпсіз және теңгерімді әлем құруға арналған тың тәсілдер ұсынатын БРИКС сияқты маңызды халықаралық ұйымдармен серіктестікті одан әрі арттыруды белсенді түрде қолдайды. Бұл ұстаным Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатымен үндес», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы сенім дағдарысын еңсеру және халықтар мен мемлекеттер арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту ісінде парламенттік дипломатияны барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев парламентаралық өзара іс-қимылдың бірқатар негізгі бағытын атап өтті.
Сонымен қатар Палата Спикері өз сөзінде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде парламентаралық өзара іс-қимыл маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті. Ол бұл бағыттағы жұмысты одан әрі арттыру үшін Қазақстанда Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылғанын айтты.
«Орнықты даму бағытында парламентаралық диалог орнату үшін арнайы платформа құруды ұсынамыз. Мұндай бастама БРИКС және ТМД елдерінің Парламенттеріне Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың тағы бір перспективалық бағыты – ғылым, жаңа технологиялар мен инновациялар саласы. Бұл сала біздің елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда айрықша мәнге ие және экономикалық өсудің маңызды факторы екені анық», – деді Сенат Төрағасы.
Парламентаралық іс-қимылды жандандыратын келесі бағыт – цифрлық ынтымақтастықты нығайту. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, электрондық коммерция саласындағы заңнаманы жетілдіру бағыттарында депутаттардың бірлесіп жұмыс істеуі және цифрлық бағытты реттеу секторында тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие.
Форум жұмысына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Бразилия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Эфиопия және Оңтүстік Африка Парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара кезінде Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға ілтипат білдірді.
Сонымен қатар бүгін форум аясында Мәулен Әшімбаев шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі елдің парламентаралық байланыстарын дамыту перспективасы және өңірлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар «Орталық Азия – 2040» стратегиясын іске асыру аясындағы бірлескен жұмыс туралы пікір алмасты.
Одан бөлек, Сенат Спикері Иран Мәжілісінің Төрағасы Мохаммед-Багер Галибафпен кездесіп, екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын нығайту барысына тоқталды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас көптеген салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде өзара сындарлы саяси диалог жолға қойылды, берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Осыған байланысты тараптар екі мемлекеттің Парламенттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына да қатысты. Шара барысында Достастық елдерінің депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ТМД ПАА-ның 2023 жылғы жұмысын қорытындылады.
X БРИКС Парламенттік форумының екінші күні кеңейтілген форматтағы пленарлық отырыстың сессиясымен ашылды. Онда қатысушылар көпжақты сауда жүйесінің бөлшектенуіне қарсы іс-қимыл мәселелерін және жаһандық дағдарыстардың салдарынан туындайтын сын-қатерлерді еңсеру кезіндегі Парламенттердің рөлін талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту барысына назар аударды.
Сонымен қатар бұл күні Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Іс-шарада депутаттар Әзербайжан мен Ресейде өткен кезектен тыс президент сайлауына және Беларусьтағы Парламент сайлауына Ассамблеядан қатысқан байқаушылардың жұмыс нәтижелерін қарады. Одан бөлек, Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін Парламент сайлауына дайындық барысы пысықталды.
Кеңес отырысында ТМД-да модельдік заң шығарудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспары да қаралды. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Парламентінің Сенаты аталған жоспарға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы модельдік заң әзірлеуді қосу жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстандық сенаторлардың бұл бастамасына ТМД ПАА-дағы әріптестері қолдау білдіріп, біздің мемлекеттің заңнамалық жұмыстағы оң тәжірибесіне назар аударды.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан реттеу және оның алдын алу бағытында Қазақстанның айтарлықтай тәжірибесі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл сәуір айында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды арттыруға арналған заң қабылданды. Сондықтан Қазақстан Парламентінің Сенаты ТМД елдері үшін модельдік заң әзірлеу туралы бастама көтерді. Осы жылдың соңына дейін Сенат тиісті заңнамалық актінің жобасын Парламентаралық Ассамблеяның қарауына енгізеді. Аталған модельдік заңды ТМД елдерінің Парламент депутаттары өздерінің заң шығару қызметінде пайдалана алады», – деді Сенат Спикері.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев сапар аясыда бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен сұхбат кезінде Палата Төрағасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын жоғары бағалап, екі елдің байланысына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жақында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және оның Астанадағы ШЫҰ саммитіне қатысуы тың серпін бергенін айтты. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшылары қол қойған бірлескен мәлімдеме жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайта түсті.
Сонымен бірге Сенат Спикері Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Онда Мәулен Әшімбаев Х БРИКС Парламенттік форумы халықаралық деңгейде маңызды бастамаларды ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Тараптар екі мемлекеттің қарым-қатынасы барлық бағыт бойынша серпінді дамып келе жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ғылым, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, білім беру және өңіраралық өзара іс-қимыл саласындағы бірлескен жобаларды әрі қарай арттыруға мүдделі екендерін танытты.
Үндістан Халық палатасының Спикері Ом Бирламен кездесу барысында мемлекеттер арасындағы берік экономикалық және мәдени байланыстар, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері сөз болды. Одан бөлек, сұхбаттасушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында рухани дипломатияны дамыту барысына тоқталды.
Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен де кездесті. Диалог кезінде бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынастың жан-жақты сипатына баса мән берілді. Сенат Төрағасы мұндай тығыз ынтымақтастық мемлекет басшыларының өзара сенім мен достыққа негізделген байланысының нәтижесі екенін, бұл екіжақты байланыстарға маңызды серпін бергенін айтты. Кездесу кезінде тараптар ТүркПА аясындағы ынтымақтастық пен ортақ міндеттерге және Ассамблеяның Өзбекстанда өтетін алдағы отырысына да назар аударды.