Соның бірі "беліңді таянба" деген сөз тіркесі. Бұл тыйымның астарында не бар? Мағынасын этнограф Болат Бопайұлы түсіндірді, – деп жазады Aikyn.kz.
Massaget.kz тілшісіне Болат Бопайұлының айтуынша, белді таяну тәкаппарлық саналады.
"Қазақ белін таянып, шіренбейді. Ол астамдық, тәкаппарлық, жаман әрекет болып саналады. Бұрын долы, ашушаң, ұрысқақ әйелдер бүйірін таянып, қарғыс айтатын болған. Сондықтан осындай сөлекет көрініс жасау жаман ырым саналған", – деп түсіндірді этнограф.
Ал этнограф Зейнеп Ахметова бұл тыйымды жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылайтын әйел ғана белін таянады деп түсіндірген.
"Бір үйдің адамы қаза болғанда ол адамның жақындары қимастықпен егіліп, солқылдап жылайды. Мұндай кезде адамның ішкі ағзасының барлығы бірдей қозғалысқа түседі. Солқылдап жылағанда бүйрек пен бауыр созылып кетуі мүмкін. Мұның барлығы жүрекке салмақ салады. Осындай қаза үстінде қаралы үйдің адамдары белдерін мықтап буады.
Белін мықтап буған адамның ішкі құрылысы жылаған кезде бос тұрмайды. Содан кейін екі иіні түсіп бүкшиіп қалмайды, өйткені белі буылған адамның иығы көтеріледі. Екі бармақты белді буған жерге, мықыннан сұғып отырғанда адам еңсесі түспей, тіктеле түседі. Бір жағынан, бұл - сүйеу, тіреу. Мұны үйдегі әйелдер істейді. Олар орамалдың ішінен байлауышпен басын да мықтап байлайды. Жайшылықта бүйірді таяну жамандық шақырғанмен бірдей", – деген ол.