Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылып, терең реформаны бастан өткеріп жатыр. Оған елімізде ешбір ұйымда жоқ ерекше мәртебе берілді.
Бизнес пен ғалым дос болса...
494
оқылды

Сондай-ақ өткен ғасырдың соңынан бері өзін-өзі қамтамасыз етуге жіберілген, біраз талауға ұшыраған ҰҒА қайтадан мемлекеттің қарауы мен қамқорлығына алынып, тікелей республикалық бюджеттен қаржыландырыла бастады. Жуырда, 1 шілдеде Мемлекет басшысы академияға, жалпы ғылымға қатысты жаңа заңдар топтамасына қол қойды, ол нендей жаңашылдық, тағы қандай тың өзгерістер әкелмек?

Ғылымды дамытуға серпін бере ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 1 шілдеде тұтас заңнамалық түзетулер пакетін құптады. Оның арасында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» негізгі заңы, сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін (Салық кодексін) қолданысқа енгізу туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдары бар. 

Аталған заңдарға Президент қол қойғанымен, олар алғашқы ресми жарияланған күннен бастап, тек 60 күн өткен соң, яғни биылғы күзде, қыркүйекте қолданысқа енгізіледі. Осылайша, ондағы жаңашылдықтарға салалық министрлік, академия және басқа мекемелер әзір болуы, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актіні, қаулы мен бұйрықтарды қабылдауы, басқа да дайындық іс-шараларын жүзеге асыруы үшін осындай өтпелі кезең ұсынылды. 

Бұл ретте негізгі заң толыққанды күшіне енген соң қолданыстағы «Ғылым туралы» заң, сондай-ақ «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң күшін жойып, тарих қойнауына кетеді. 

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Алтынбек Нұхұлының түсіндіруінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес жазылған бұл жаңа заң ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіруге, соның ішінде Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясын «жоғары ғылыми ұйым» ретінде құруға бағытталған. 

Ал ілеспе заң арқылы қолданыстағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңына толықтырулар енгізіледі. Соның нәтижесінде «жоғары ғылыми ұйым» деген жаңа мәртебе коммерциялық емес ұйымдар қатарына қосылады. Сондай-ақ жоғары ғылыми ұйымның, яғни ҰҒА-ның қызметі, нысанасы мен мақсаттары, құзыреттері, өкілеттіктері заң жүзінде айқындалып, бекітілді. Бұрынғыдай, академия басшылығының «өзім би, өзім қожа» деп өзімбілемдікке салынуы бұдан былай болмауы тиіс. 

Сенат депутаты Қайрат Тастекеев ғылым академиясының рөлін арттыруға ел Президентінің өзі баса назар аударып келе жатқанына екпін түсірді. Себебі кезінде көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың өзі негізін қалаған ҰҒА – ғылыми жүйе мен ойды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттің жетекші орталығы. Экономиканың әр саласын дамыту, елді индустрияландыру, жасыл, инновациялы экономика құру, тіпті өзі әлем алдында жариялап, міндеттемеге айналдырған, 2060 жылға дейін Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы осы академияға сүйенетін болады.

– 2022 жылғы 1 маусымда, ҰҒА-ның 75-ші мерейтойлық сессиясында Президент бюджеттен қаржыландыруға көшіріп, академияға мемлекеттік мәртебе беру арқылы оның статусын көтеруге бағытталған бірқатар шара қабылдауды қадап тапсырды. Оның тиісті тапсырмасы дәл осы заңдар аясында, заңнамалық түрде іске асырылды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның маңызды бір тұжырымдамалық ережесі – академияның мәртебесін арттыру: ол республикадағы жалғыз жоғары ғылыми ұйым ретінде анықталды. Заң деңгейінде оның функциялары, ҰҒА төралқасының, академиктердің жалпы жиналысының, қамқоршылар кеңесінің құзыр-өкілеттіктері, қаржыландыру көздері белгіленді, – деді сенатор.

Президент жанындағы ҰҒА Мемлекет басшысының заңдар топтамасына қол қоюына қатысты үн қатты. 

«Жаңа мәртебенің берілуі Ұлттық ғылым академиясының рөлін арттырады. Оның ғылыми ойдың орталығына, сондай-ақ сарапшылық қызметті жүзеге асыратын беделді құрылымға айналуына мүмкіндік береді. Осының арқасында Қазақстандық ғылым дамудың жаңа серпініне ие болады», –  деді ҰҒА баспасөз қызметі.

Академия ғылым – өркендеудің қоз­ғалтқышы екенін еске салды. ҰҒА ұстанымынша, «салмақты интеллектуалдық әлеуетке ие қазақстандық ғылым серпінді, ғылыми қамтымды технологияларды өз бетінше құра алады». ҰҒА мүшелері институттарды, зертханаларды, кафедраларды және басқа ұйымдарды басқара жүріп, түрлі салада іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға үлес қосуға тиіс. Олардың және ҰҒА-ның бұл міндет үдесінен шығар-шықпасын уақыт көрсетеді. 

Академияда не өзгеріс?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттің тікелей қаржыландыруына толыққанды көшірілгенін хабарлады. 

– Франция, Ресей, Қытайда ғылым академияларының арнайы мәртебесі, дербестігі бар. Осы заң аясында «жоғары ғылым ұйымы» деген арнайы мәртебе берілді. Сол арқылы ҰҒА бірнеше маңыз-

ды функцияға қол жеткізді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру, гранттық қаржыны, нысаналы гранттарды тарату, ғылыми-техникалық тапсырмалардың сараптамасын жүргізу және басқасы. Бізге, министрлікке ғылыми жобаларға тәуелсіз сараптама керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда грантқа тапсырған ғылыми ұжымдарымыз, ҒЗИ-лар тапсырманы толыққанды орындамай, сараптамадан өте алмайды, оларда нақты нысаналы көрсеткіштер көзделмейді, – деген С.Нұрбек бұл міндет те ҰҒА-ға жүктелетінін жеткізді.

Ғылымның форсайтын өткізу, негізгі ғылыми бағдарламаларды, басым бағыттарды айқындау да академияға қатысты болады.

Ғылым министрі осыған орай академия қайта құрылып жатқанын айтты. Отандық негізгі ғылымдар 4 негізгі топқа бөлінді және оның әрқайсысына ҰҒА президентінің орынбасарлары жетекшілік етеді.

«Бүгінгі күні төрт негізгі бағыт құрылды. Оларды төрт вице-президент жүргізеді. Біріншісі – жаратылыстану, инжиниринг, оның ішінде химия, физика бағыттары. Екіншісі – ауыл шаруашылығы, агробиология, агрохимия. Бұл өте үлкен, басымдықты бағыт. Үшіншісі – биотехнологиялар мен медицина саласы. Төртіншісі – гуманитарлық, әлеуметтік ғалымдар. Осы төрт бағытта жұмысты бастадық. Ол кеңейтілуі мүмкін, өйткені қазір үлкен конкурстар өтіп, академия жаңа академиктермен толықтырылып жатыр», – деді Саясат Нұрбек.

Осыдан бірер күн бұрын Ұлттық ғылым академиясы өз қатарына жаңа 6 академикті қабылдады. Оның ішінде 40-қа да жетпеген екі жас адам академик атанды. 

2023 жылғы сәуірде академия тізгінін академик мәртебесі жоқ Күнсұлу Закарья ұстаған еді. Қ.Тоқаев бір жылдан соң оны өзінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі ретінде тағайындап, 2024 жылғы 22 қаңтарда ҰҒА президенті лауазымын академик, ауыл шаруашылығы экс-министрі Ақылбек Күрішбаевқа берді. 

Қызметіне кірісе сала Күрішбаев ғылымға қатысты заңжобалар топтамасына академияның мәртебесін одан сайын күшейтуге, тәуелсіздігін, автономиясын қамтамасыз етуге, құзыретін арттыруға бағытталған төл ұсыныстарының топтамасын әзірлеп, Парламентке жолдаған екен. Алайда Ғылым министрлігі оны жолдан бұғаттады: реформаларды тежемеу үшін заңдар пакетін шұғыл қабылдау қажет болыпты. Ал Сенат министрліктен: «күрішбаевтық ұсыныстар келесі заңның аясында қаралады» деген хат алды. ҰҒА-ға қатысты келесі жаңа заңды Саясат Нұрбектің ведомствосы әзірлеуге кірісіп кеткен.

Өнертабыс қайтсе табыс әкеледі?

Қыркүйекте күшіне енетін «Ғылым және технологиялық саясат туралы» негізгі заңы және оған ілеспе заңдар аясында Үкімет пен ҰҒА қазақстандық ғылымды коммерцияландыру жүйесін жетілдіруге, ақпараттық, білім, қаржы ресурстарын жұмылдыруға талпыныс жасамақ. Бұл тұрғыда бизнес-акселерацияға, технологиялық бизнес-инкубацияға баса көңіл бөлінеді деп күтіледі. Осы арқылы инновация мен стартаптардың ілгерілеуі үшін қолайлы орта құруға болады. 

Бірақ әлемдік тәжірибе көрсеткендей, инновацияларға капитал тарту үшін отандық және шетелдік компанияларды ынталандыру керек. Олар қаржы салмаса, тек мемлекеттік бюджеттің қаражатымен алысқа ұзамайды, ғылыми ашылымдар, өнертабыстар қағаз жүзінде қалып, архивтерде, компьютерлерде «шаң басып» жатады. 

С.Нұрбектің сендіруінше, жаңа заңдар пакетінде жеке бизнесті инновацияға шығындалуға іңкәр, құмар ету үшін қолдау тетіктерінің тұтас топтамасы қарастырылып отыр. Ғылыммен дос болған кәсіпкерлер бай болатын көрінеді, себебі «супершегерімдерге» қол жеткізіп, бюджетке төлейтін салықтарын еселеп азайта алады, сөйтіп, біраз қаржысы қалтасында қалады. 

–Жаңа заңда қолдау механизмдерінің үлкен пакеті көзделген. Оның бастысының бірі – салықтық супершегерімдер. Жапония, Тайвань, Сингапур, Израиль, Финляндия, Францияда мұндай супершегерімдер орта есеппен 250-300%-ға дейін барады. Біз бірінші кезеңде 150%-дан бастаймыз. Дамыған елдерде осы тетікті пайдаланатын жеке компаниялар мемлекетпен серіктесіп, ғылымды көп қажет ететін өндірістерге, инновацияларға инвестиция салады. Өз өндірісіндегі өнімдерінің қосылған құнының тізбегін арттырады, оңтайландырады. Сол үшін мол салықтық артықшылық-преференциялар алады. Осы – супершегерім атайды. Салықты 150 пайызға дейін кеміту тетігі бізде тұңғыш рет қолданылмақ, – деді министр С.Нұрбек. 

Оның нақтылауынша, егер әлдебір жеке компания, қалталы адам ғылыми-зерттеу институтымен, ғылыми ұйыммен, ең құрыса – төл, жекеменшік университетімен серіктестікте қандай да бір инновациялық өндірісті құрса, инновациялық жобаны жүзеге асырса, ғалымның өнертабысын ендірсе, салған инвестициясының 100 пайызы көлемінде салықтық супершегерім иеленеді. Мұның сыртында қосымша ынталандыру түрінде кәсіпорын-фирма шығарған өнімге немесе көрсеткен қызметке тағы 50 пайыз салықтық шегерім алады. 

Бұдан бөлек, Ғылым министрлігі «Ғылым қорын» қайта құрып жатыр. Жаңа заң оған венчурлік қор функциясын береді. Сол арқылы бұл қор бюджеттен ғана емес, қазақстандық, шетелдік қорлардан, компаниялардан қаражат тартып, оны жүйелі, заңды түрде үлестіре алады. Ол миллиардтар ғалымдарға, өнертапқыштарға қайтарымсыз негізде беріледі. Өндіріске енгізген инновациясы елге еш игілік-қайыр әкелмесе, құрылған кәсіпорын не фирма банкрот болып, жабылып тынса, соған қатысы болған ғалымдардан, мысалы, академиктерден, кәсіпкерлерден қор қаражатын қайтару талап етілмейді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, Сауд Арабиясы қоры қазақстандық ғалымдардың әзірлемелеріне қызығушылық танытып отыр: тиісті заңнамалық түзетулер, ынталандырулар өмірге жолдама алса, бірінші венчурлік қорға 100 миллион долларға дейін салуға дайын екен. 

Жалпы, бизнес, инвесторлар қазақстандық ғалымдар мен инноваторларының жаңадан нені ойлап тапқанын қалай біледі? Qazpatent ұлттық зияткерлік меншік институтына хабарласуына болады. Бірақ ол өнертапқыштар мен демеушілер арасында делдалдық қызметтер көрсетпейді. 

Заңға сәйкес, ғылымға, технологиялық-инновациялық жобаларға қатысты барлық ақпарат жиналатын бірыңғай ақпараттық жүйені құру жоспарланған. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері қажетті ақпарат пен материалды сол жерден таба алмақ.

Әділет министрлігінің дерегінше, 2023 жылы елде жаңа өнертабыстардың – 492-сі, пайдалы моделдердің – 983-і, тауарлық белгілердің – 6 319-ы, өнеркәсіптік үлгілердің – 122-сі, селекциялық жетістіктердің – 83-і тіркеліп, патент иеленген. 2022 жылы – 6 832, 2023 жылы – 8 031 өнеркәсіптік меншік тіркеліп, саны бір жылда 18% өсіпті. Бәрі болмағанымен, арасында коммерцияландырса, мол кіріс әкелетін «инновациялық жауһары» бары даусыз. 

Әзірге, министр отандық ғылымның басты қаржы көзі – мемлекет болып қалғанын қынжыла жеткізді. Барлық ғылыми жобаның 73%-ын республикалық бюджет қаржыландырған. 

Салыстырсақ, Оңтүстік Кореяда – 75-78%-ы, АҚШ-та – 82%-ы – жеке инвестициялар. Инновацияларды, өнертабыстар мен жобалардың жаңа, озық атаулысын Google, Amazon, Meta, Samsung, автокөлік брендтері, техногиганттар және басқасы таласа-тармаса сатып алады. Сондықтан мемлекет осы жаңа заңдар арқылы бизнестің ғылымға енуіне кең даңғыл ашып, қозғау салып, жүйелі де нақты тетіктерін жасап бергелі тұр. 

 

Айхан ШӘРІП