Қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі Қуаныш Жиенбай шығармашы­лығының басты идеялық түйіні «Табиғатты аялаңдар, адамдар» деген өзекжарды ойға тіреліп жатады. Бүгінгі уақыт күрмеуі мол күрделі проблемаларға толы десек, соның ең бастыларының бірі – Табиғат–Ананы қорғау мәселесі.
Табиғатты аялаңдар, адамдар!
497
оқылды

Жаратылыс үйлесімділігінің бұзылуы адамзатқа зор қатер тудырып отырғаны шындық.  Топан су, сілкінген зілзала мен опырылған жер, құйынды дауыл мен алапат өрт Табиғат–Ананың адамдарға білдірген «ашуы» сияқты.

Экологиялық зардаптарды қазақ жері де тартудай-ақ тартып келеді. Кеңестік замандағы Семей полигоны мен Тайсойған құмындағы ядролық қару сынақтары, жер-жаһанның көз алдында айналасы 20-30 жылдың кө­лемінде жойылып кеткен Арал теңізі мен Байқоңыр аспанынан ауа қабатын бұзып-жарып ғарыш кемелерінің тоқтау­сыз ұшырылуы озбыр биліктің қолымен жасалған Табиғат–Анаға, оның маңайында тіршілік кешкен адамдарға жасалған есепсіз қастандық болатын.

Әдебиет бұл күрделі тақырыптан тыс қалмады. Көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясы Арал теңізінің жойылу трагедиясын көркем бейнелесе, жазушы Қ.Жиенбай туындылары сол жағалау тұрғындарының кейінгі тағдырларына арналды. Жағалаулықтардың кейінгі өмірі жеңіл болған жоқ. Бұл ретте жазушы сомдаған қаһармандарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. 

Біріншісі – атамекеннен еріксіз көшуге мәжбүр болғандар. Теңіздің қайтуымен ауа құрғақшылыққа ұшырап, тіршілік көзі таза су мәселесі қиындады. Ауру-сырқау өршіп, дүниеге мүгедек сәбилер келді. Өзіне-өзі қол жұмсау дерті күшейді. Осы және басқа да жағдайларға байланысты қоныс аударғандардың жүректерінде бәрібір теңізге, ата кәсіпке деген мәңгілік сағыныш сақталып қалды. Жазушы ту­ын­­дыларында экология зардабынан туындаған психологиялық дағдарыс әлеуметтік жайдайлармен астастырыла бейнеленді. 

Екіншісі – сол өңірде тұрақтап қалып, заман ыңғайымен жанкешті тірліктерін бастағандар. Бұл туындыларда Байқоңыр ғарыш айлағы мен жұпыны Төретам стансасы, қобыз сарыны сар даланы тербеткен Қорқыт ата кесенесі шендестіріле суреттеледі. Тәуелсіздік рухы жол ашқан жаңа уақыт тынысы бейнеленді. Күн ара зіркілдеп, төңірегіне от шаша аспанға ұшатын коммерциялық ғарыш кемелері жергілікті халықтың мүддесін көздеген жоқ. Әр ғарыш кемесі ұшқан сайын далада көз аштырмас құмды дауыл тұрды. Ара-арасында жарылыс болып, гептил уы қазақ даласына төгілді. Автор алапат зорлыққа ұшырап жатқан киелі өңірдің тарихы тереңде жатқанын күллі түрік дүниесіне ортақ дара тұлға Қорқыт ата бейнесі арқылы тірілтеді. Бұл өңір – қасиетті мекен. Сондықтан да жазушы қаһармандары қандай қиын уақытты бастан кешсе де, туған жер тарихына үңіліп, қасиетті өлкені жаңа заманның ыңғайымен дамытуға күш салады. Әлемдік сенсация жасап, аспанға ғарыш кемелері күнара жол салып жатқан Байқоңыр жанындағы Төретам стансасының тірлігі жұпыны. Әлеуметтік теңсіздік күшті. Сонда да рухы мықты кейіпкерлер жаңа заман технологиясымен шұбат өңдеп, оны ғарышкерлердің бір­ден-бір жеңсік, пайдалы асына айналдыруды мақсат етеді. Йодқа бай Қамбаш көлі жағалауынан емдік орын ашып, әлем назарын аударуды армандайды.

Үшіншісі – Астанада, басқа да ірі қалаларда жүрсе де, Арал теңізіне қайт­сем көмек жасаймын, халық тірлігін қалай жақсартуға болады деп жарғақ құлағы жастыққа тимей ой кешетін ізденіс адамдары. Олар Кіші Аралға, Барсакелмес қорығына, бір кездері теңіз жағасы болған, бүгіндері құм басқан ауылдарға барып, халықпен байланысады. Жерасты суларын зерттейді. Жан кіре бастаған Кіші Аралда жеке бас қамын ойлаған браконьерлер шыққан. Табиғатқа есепсіз зиян келтіре бастаған оларға жазу­шы қаһарманы түрлі тәсілмен қарсы күреске шығады. 

Әлбетте, жазушы шығармаларының қаһармандарын топқа бөлу –шартты нәрсе. Дегенмен туынды кейіпкері – жазушы идеясын тасымалдаушы көркем тұлға. Автор бүкіл ой-сезімін, суреткерлік позициясын басты соған жүктейді. Адам қолымен жасалған табиғатқа қастандықтың залалын шеккен олар, ең алдымен адамдық болмыстарымен, адамдық құндылықты сақтауға ұмтылыстарымен дараланады. Жазушы тұлғалаған образдар – негізінен экологиялық зар­дапқа ұшыраған туған жердің қамын ойлаған адамдар. Өмірдің әр алуан соққыларына ұшырағанмен, жүректері таза. Заманға орай ашық, әлемдік қауымдастықпен етене жақын. Бірі – Мәскеуде білім алған білікті маман болса, бірі – Баренц теңізіне суға батқан кеме заттарын су бетіне шығарушы батыл да шебер сүңгуші. Енді бірі күн-түн демей жасаған мүсін-жобасымен әлемнің атақты мүсіншісінің назарына ілігеді. Тағы бірінің жасаған жерасты су картасы Байқоңыр космодромы басшыларын есептесуге мәжбүрлейді. 

Қырық жылдың үстіндегі шығармашылық ғұмырында қазақ прозасына бірнеше роман және повестерімен, көптеген тұшымды әңгімелерімен мол олжа әкелген Қ. Жиенбайдың мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырылған «У мен уылдырық» жаңа кітабы да адам және экология тақырыбын, ар-ұждан мәселесін жаңа қырымен қозғайды. 

«Оны мазаламаңдаршы...» повесінің кейіпкері Жұмабек – темір дәнекерлеу­шісі болғанмен, жұмысына өнер деп қарайтын жүйрік ойлы шығармашылық иесі. Бір кездері теңіз толқыны жағаға соғып жатқан портты қаланың тұрғыны. Қазір су жоқ, ойдым-ойдым қазан шұң­қырлар қаңсып кеуіп қалған. Теңіз тағдыры, туған жердің бүгінгі жабырқау көрінісі оның жанына маза бермейді. Шетелдік қор өкілдерінің келіп, бұзылған табиғаттың құрсауында қалған жағалау­лықтарға мүсіркей қарауы, болмашы әлденемен көмек көрсетуі намысқа тиеді. «Табиғатқа көзсіз өктемдік жасау­дың соңы неге әкелетінін, ойланыңыз­даршы адамдар!» дейді ішкі ­дауысы. Соған арнап темірден мү­сін-­ескерткіш жасауды ойлап, күндіз-түні дамыл көрмей, түрлі сызба-жобаларын жасайды. Тамырлары білеуленіп, көкке созылған арбиған қол бұл жерге аяқ басқандарға ой салып, ұмытылмастай сес көрсетіп тұрса дейді. Көз көруі на­шарлаған оның сызба-жобасын әлемдік Зураб Церетели атындағы қор қуаттап, облыс әкімдігіне хат жолдайды. 

Повестегі сюжет динамикасы осылай күшейеді. Әлемге танымал әйгілі мүсіншінің теңіз жағасындағы қуаң тартқан қалаға назар аударуының, әлем жұртшылығы делегациясының келуінің өзі не тұрады. Жұмабек – ақ адал еңбегіне, тынымсыз ізденісіне сүйенген шебер. Көз көруі нашарлаған оның училищеде шәкірттерге дәріс жүргізуі, темірден түйін түйетін өз өнерін жалғас­тыратын екі-үш шәкірт тәрбиелеуі мақсат тұтуы образ сырын аша түскен. «Бір жағына шығыңдар, өнер мен өтірік қоңсы қона алмайды» дейтін ол әйгілі Михаил Шемякин туралы шәкірттеріне қызықты баяндайды. «Менің Шемякинге бүйрек бұратын себебім, оның қолынан шыққан дүниелердің бәрі кәдімгі қаңылтырдан жасалған. Саз балшық, гипске жоламайды. Әне, қа­ң­ылтырды өз еркіне көндірудің түп төр­кіні сонда. Оның үйрену, солықтау дәурені Эрмитаждың жертөлесінде өтті» дей­тін ол шәкірттеріне өнер жолының қиындығын білдіреді. Өнер жолында қызғаныш та, қиянат та кезігеді. Кең толғамды дәріс Жұмабектің жай әуесқой емес, өнер тарихына қанық, шын өнердің бағасын білетін білімдарлығын танытады. 

Автор образды түрлі тәсілмен тереңдеткен. Облыс басшысының ой-толғанысы мен аудан әкімінің жанталасқан қарекеті, Жұмабектің төтеннен қосылған тыңдаушы әкімнің баласы Ришатпен арадағы диалог – сюжетті қоюлатқан. Шығарма соңы басты қаһарманның мүлде күтпеген тұстан төбесінен жай түскендей оқиғамен аяқталады. Мүсін-жобаның авторы қатарында Жұмабектің аты-жөнімен қоса, тағы екі адамның аты-жөні қосарланыпты. Дүниені жалпағынан басқан жалған, паразит «авторлар»!.. Ұяттан, ардан безгендер!.. Бірі – бәрін де сатып алуға болатын дейтін аудан әкімінің баласы... Оу, әділдік қайда?!. Қиянаттың шегі бар ма?!. Алдында ғана облыс әкімінің араласуымен көзіне операция жасатып, жарық дүниеге қайта оралған Жұмабек аспан айналып жерге түскендей күй кешеді. Мұны көргенше, соқыр болғаным жақсы еді ғой деп жүрек қабынады.

Бір жылдардағы көркем туындыларда арам шөптей көтерілген халтурщиктер айыпталса, қазіргі өмір шындығы жаңа «авторларды» туғызған. Дарынды тұлғаның еңбегін пайдаланған озбыр, өктемшіл жалған авторлар пайда болған. Түрлі жолмен шын автордың еңбегіңе жармасып, атын тарихта қалдырғысы келеді. Автор «дертті» шындыққа табан тіреп әжуалайды.

«У мен уылдырық» повесінде де қазіргі уақыттың өткір мәселесі қозғалған. Жазушы шығарма өзегін өмірден алған. «Қазір адамдардың табиғатқа деген жанашырлығы азайған. Кіші Аралдың төңірегін айтайын, балықшы жерлес­терімнің көбінде табиғатқа деген жанашырлық көзқарас жоғалған, табиғатты тонау әрекеттері жүріп жатыр. Кішкентай ғана теңіз жағалауында 6-7 балық зауыты бар. Ауылға барғанда балықты у шашып, теңіздің астына лампа қойып, кит аулаған секілді сүзіп алатындарды естіп жаным түршікті. Қытайдың торымен әбден сүзіп алатындары да бар екен. Балықтың уылдырық шашатын мезгілі болады, балыққа көбею үшін екі-үш ай уақыт береді. Оған қарап жатқандар аз, табиғатқа аяушылықтан гөрі, қатыгездік көзқарас басым. Ауылға барғанда осы жағдайға жаным ауырып, «У мен уылдырық» деген повесть жаздым» дейді автор.

Шығарманың бас кейіпкері Есберген теңіз жағасындағы атақоныс Көнебөгенге келеді. Министрлікте жұмыс істеген, атақ-абыройы зор адам. Халықаралық жиында Сырдарияға тиесілі судың бөлінуі туралы мәселе көтеріп, ықпал жасаған. Туған жері, әкім қаралар да оны алақанына салып қарсы алуға даяр еді, бірақ ол жұртты таңғалдырып, екі-үш үй ғана қалған байырғы атақонысқа ат басын тірейді. Автордың суреттеуінде 60-қа толса да, 40-тағы адамдай өзін ширақ сезінеді. Су астына сүңгудің шебері. Бір жылдары Баранец теңізіне батқан кеменің заттарын су бетіне шығаруда әріптестерін таңғалдырып жұмыс жасаған. Сонда скафандрасыз су астында ұзақ уақыт жүзген. Әкесі теңіздегі маяктың шырағын жағушы еді. Әкесімен бірге бала күнінде теңізге баратын. Су астында ұзақ жүзуді сонда үйренген. 

Есбергеннің құм басқан ескі қоныс­та жалғыз тұруы ауылдастары үшін жұмбақ. Жүйрік қайығы, басқа да теңізшіге тән мықты құрал-жабдық­тары бар ол күн сайын Кіші Аралға шығады. Туындыда бір кездері теңізден белгі болып қалған Үшшоқы, Қыземшек, Қаратерең, Аяқөткел тәрізді жер-су аттары аталады. Есберген – тұлғалық тұрғыдан реалистік образ болғанмен, повестегі әрекеті тұрғысынан алғанда, шығармашылық қиялдан туындаған, автор идеясын, позициясын арқалаған кейіпкер. Ол тәрізді су астында тыюсыз кеткен ашкөздердің тар көзді қытай ауларын қиып, суға себілген у дәрілерді көріп, балықтарды басқа жаққа айдап жатқан, не уылдырық шашып жағада қайраңдап қалған балықтарды жанталаса суға жіберген жанкешті адамды көрмессіз. Автор оқиғаны нанымды өрбіткен. Есбергеннің теңіз, балдырлар, суасты қойнаулары туралы ой-тол­ғаныстары кейіпкер психологиясын орнықтырған. Күні кешеге дейін Аралды жоқтап келдік, енді Кіші Аралды үлкен қажыр-қайратпен қайта ор­алтып жатқанымызда, жағалаулықтардың табиғат байлығын жетілдіруге жол бермей, ашкөзденуі қалай? Автор повесте әлеу­меттік-моральдық мәселені көтереді.

«Қашқын» хикаятында әлдебір себеппен елден кеткен Бөрібайдың туған жерге деген сағынышы суреттелген. Жазушының қай шығармасы болмасын қат-қабат астарлы болып келеді. Бүгінгі уақыт шындығы, адам психологиясындағы өзгеріс, қазіргі адамның моральдық мәселесі мен адамдық құ­н­дылықтар жайы көрінеді. «Оны мазаламаңдаршы» повесіндегі қызы Англияға оқуға түскен Сәлімгерей дүркіретіп той жасауды ойламайды. Жұмабек оны құрдассынып намысына тиісе сөйлегенде: «Жә, Англияға барып, оқуға түскен жалғыз менің қызым ба?» деуі – ысырапты қажетсінбеген жаңа психология көрінісі. Аудан әкімінің баласы Ришаттың Жұмабек алдында астамсына сөйлеп, не нәрсені болмасын сатып аламын деп дөрекілік танытуы да – уақыт белгісі. «У мен уылдырық» повесіндегі Есбергеннің ауыл қарияларына өз жұмбағын білдірмес үшін, балық желбезегіне іліккен адамды қартайтпайтын түймедей дәрі болады деп алдаусыратып жауап беруі мен ауыл қарияларының ұзақ өмір сүру туралы қиялдарының шарықтап кетуі, бір жағынан күлкілі ситуация болса, екіншіден – Есберген образын орнықтыра түскен көркем деталь. Пошташы келіншектің болмысы бөлек Есбергенді ұнатып қалуы, шығарма соңында ойын балықтарын құтқаруға жанталаса әрекеттеніп, есінен тана құлаған оның басын пошташы келіншектің сүйеуі оқырманның алдынан жаңа мазмұн ашады. «Қашқын» повесіндегі Бөрібаймен санасуды қойып, өктемдік жасай бастаған Гүлжәмила әрекетінің шарықтау шегі күйеуінің жерлесі болып келетін құрылысшыларды үйден қуып жіберуімен көрінеді. Елін, анасын сағынып, түрлі себеппен ауылына жете алмай жүрген Бөрібайға мына тірліктің құны қалмаған сияқтанады. Автор қосалқы желілерді өрбітумен өмірдің күрделілігін, шағын отбасының өзінде алуан түрлі жағдайлардың болып жататынын аңғартады. Жан-жақты тарамдала дамыған желілес оқиғалар шығарма соңында түйінделіп, бір жерден табылып жатады.

Түйіндей айтқанда, жазушының басты тақырыбы – табиғат пен адам арасында орныққан күрделі байланыс. Табиғатқа өктемдік – өзіңнің өсіп-өнген алтын бесігіңді қиратумен бірдей. Сондықтан да автор кейіпкерлері табиғатты қорғау жолында күрессе, енді бірі оның күрделі шараларын шешуде қайсарлық танытады. Жазушы шығармаларында көз алдында теңізді жоғалт­қан бүтін бір ұрпақтың трагедиясы, жанкешті күресі мен психологиясы бейнеленген.

Прозаиктің өзіндік стилі қалыптас­қан. Оның жазу мәнерін көп шығармалардың ішінде мынау Қуаныш Жиенбайдың қолтаңбасы деп тану аса қиын емес. Туындыларының барлығы дерлік қаһармандарының монологіне құрылған. Олардың ішкі сөзі өзін-өзі мінездейді, ортаға, өзгеге деген көзқарасын, танымын білдіреді. Жақсы көру мен жек көру арасындағы жан диалектикасы тартысты ішкі сезім арқылы өріледі. Бірақ автор соның мөлшерін жақсы сезінеді. Оқушысын жалықтырып алмайды.

Автор шығармашылығын қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Ә.Нұрпейісов, Ә.Тарази, Д.Досжановтан бастап, қатарлас әріптестері жоғары бағалаған. Шын мәнінде, ол – бүгінгі заман иірімін жан-жақты бейнелей алған өнімді жазушы. Бүгінгі уақыттың көкейкесті мәселелерін қозғаған «У мен уылдырық» повестер мен әңгімелер жинағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығына лайықты шығарма деп білеміз.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор