Бүгінде кәмелет жасқа толмай жатып қылмыс жасайтын жасөспірімдер саны артқан. Олардың өмірге деген көзқарасы қалыптасып үлгермей, болашағына балта шабылуда.
Балалар қылмысы азаяр емес
400
оқылды

Әрине, бұл мәселенің бір ұшы ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт қарауымен байланысты. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала тәрбиесінің әлсіреуі  қоғамның айықпас дертіне айналуда. Осы жылдың бес айындағы көрсеткіш бойынша БҚО-да балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 50 пайызға төмендеген. Жасөспірімдер негізінен ұрлау, тонау секілді құқықбұзушылықтарға барып отырған көрінеді.

Ақ пен қараны айырып, жақсы мен жаманды үйрету –  әрбір ата-ананың бала алдындағы басты міндеті. Дегенмен күйбең тіршілік, бала-шағаның қамы деп азаннан қара кешке дейін жұмыста жүрген ата-ана көп. Олардың басты арманы – баласының мұқтаждық көрмей өсуі. Ал енді бірі ішімдікке салынған әке мен жоқтықтан шаршаған ана. Оның баласына дұрыс тәрбие беруге мұршасы да жоқ. Тізе берсек, мысал көп. Бір сөз­бен айтқанда, қазір ата-ананың балаға көңіл бөліп, қадағалауға уақыты жоқ. Ащы да болса, шындық – осы.

Мектеп жасындағы жасөспірім оқу­шылардың қылмысқа бой ұруы –жақсы құбылыс емес. Оларды мұндай теріс іс-әрекеттерге итермелейтін нендей күш? Қай кезде де жасөспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір, көкейкесті әрі өзекті мә­селелердің қатарында болып келеді. Егер сандарды сөйлететін болсақ, БҚО бойынша 2022 жылы 96 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы 125 қылмыс тіркеліпті. Ал биылғы жылдың бес айында 30 қылмыс тіркелген. 

Әдетте балалар арасында қылмыс туралы айтылғанда бірден оның өскен ортасы қандай деген сұрақ туындайды. Көп жағдайда әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары қылмыс жасайды деген түсінік бар.  Жалпы, БҚО бойынша полиция есебінде 108 қолайсыз отбасы тіркеуде тұрса, ол отбасыларда 278 бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді. 

Бірақ полиция өкілдері «Қазір құ­қық­бұзушылықты тек әлеуметтік осал топтардың балалары жасамайды. Толық отбасында тәрбиеленіп жатқан, жағдайы жақсы отбасының балалары керсінше қылмысқа көп баратын болған» деп қынжылады. 

Балалар арасындағы қылмыстың ал­дын алу негізінен ювиналды поли­ция­ның міндетіне кіреді.

– БҚО бойынша тек 70 ювеналды полиция қызметкері бар. Оның 48-і Орал қаласының өзінде жұмыс істейді. «Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция жетпеген мектептерді сол ай­­мақ­тың учаскелік полициясы қа­рай­­ды», – дейді Полиция департаменті ЖПҚ бастығы Ернар Сұлтанғалиев. 

Балалар арасындағы қылмыстың көбінде ұрлық фактілері жиі кездеседі. Биылғы бес айда облыс бойынша бала­лар арасында тіркелген 30 қылмыстың 20-сы мектеп пен колледж оқушыларына тиесілі екен. 

Жасөспірімдер мен балалар арасын­дағы қылмыстың алдын алу үшін «Түнгі қаладағы балалар», «Назар аударыңыз, балалар», «Демалыс» профи­лактикалық іс-шараларын өткізіп келеміз. Әсіресе, түнгі мезгілде балалардың бей-берекет жүруіне жол бермеу мақсатында ювенал­ды полиция өкілдері түнгі қаларда рейдік шараларды жиі өткізеді. БҚО ПД ЖПҚ бастығы Ернар Сұлтанғалиевтің ай­туынша, бүгінгі күнге дейін 2 531 әкімші­лік хаттама толтырылған.

Психологтер жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі екенін айтады. Яғни, баланың немен айналысып, қайда барып жүр­геніне ата-ананың назар аудар­мауының, сондай-ақ кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желі­лерге оңай қол жеткізуі де балалар ара­сындағы қылмыстың жиілеуіне себеп болып отыр. Өйткені олар қыл­мысқа көбіне балалықпен, аңғалдықпен ұрына­тын көрінеді.

 

Батыс Қазақстан облысы,

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА