Елдің атын әлемге танытатын әр саланың өз бренді бар. Киімнің сапалы болуы, тамақтың өнімділігі туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде белгілі бір елдің аты аталады. Тіпті, музыкада да қалыптасқан бренд бар.
Әннің де бренді бар, тренді бар
709
оқылды

Музыкадағы ұлттық бренд деп отырғанымыз – Қазақстан атын естігенде шетелдіктердің ойына бірден келетін тұлғалар немесе еліміздің танылуына ықпал етіп жүрген өнер майталмандары. Музыка әлеміндегі бренд термині әлі толық қалыптасып, жеке анықтамаға ие емес. Дегенмен осы салада жүріп еліміздің атын шығарып, даңқын көтерген тұлғалар аз емес. Ұлттық бренд деген кім? Оны қалай жасайды? Ендеше осы сауал төңірегінде ой өрбітіп, музыка өнерінің ішінде жүрген мамандардан жауап алуға тырысқан едік. 

Балнұр САРДАРБЕК,

 музыкатанушы:

Патриоттық тақырыптағы әндер өтпейді

Музыкатанушы ретінде субъективті, критикалық ойлау арқылы әр кезеңнің өзіндік бренді болады деп айтар едім, яғни бренд те жаңарып отырады. Мысалы, Кеңес одағы кезінде Мәскеуде сахнаға шыққан орындаушы арнайы жасалған тұғыр (стенд) үстінде қимылсыз тұрып ән айтуы керек. Сонда Валерий Леонтьев сахнада қозғалып ән айтқан алғашқылардың бірі болыпты. Дайындық кезінде де сол тұғырдан қозғалам деп талай рет құлаған. Осылайша, ол өз елінің брендін жарата алды.

Бір кездері Дос-Мұқасан ерекше шығып, көпті дүркіретіп еді. Оның бірден-бір себебі – жанрдың ерекше болуы. Біріншіден, поп-рок және ұлттық фолк-рок жанрды алып келді. Халық әндерін заманауи поп жанрымен үндестіре отырып, ерекше туындыларды шығарды. Сондықтан олардың орындауындағы кез келген әнді халық бірден жақсы қабылдап, келесі әндерін асыға күтетін деңгейге жетті. Екіншіден, 70-жылдары халық қазақ тілінде айтылатын әндерге, халықтық музыкаға аш еді.  Дос-Мұқасан сияқты ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ана тілімізді сақтауға үлкен үлесін қосқан топтар аз болды. Бәсекелестіктің жоқ болғаны да белгілі. Сондықтан кезінде нағыз талантты әншілер халық арасында ерекше танылып, бір ұлттың «бренді» атануға мүмкіндік оңайырақ болды деуге негіз бар. Қазір музыкаға әлем деңгейімен қарасақ, жанрдың, бағыттың түрі көп, сондықтан топтарды былай қойғанда, бір әннің өзі ұзақ уақыт бойы тыңдарман арасында актуалдығын сақтап тұра алмайды. Мәселен, он жыл бұрын бір ән жарты жылға дейін тыңдарманның аузында жүретін, одан кейін кезек бойынша келесі ән шығады. Ал қазір хит болудың ұзақтығы небәрі 40-45 күн ғана. Менің ойымша, бүгінгі тыңдарман үшін дауыстың күшінен гөрі оның драматургиясы маңыздырақ. Әлемге танылған Моргенштерннің бір сұхбатын тыңдағанда, ол әннен бұрын қосалқы ырғақтың рөлі зор екенін айтқан. Тағы бір айтарым, қазір патриоттық тақырыптағы әндер өтімді емес. 

2000 жылдардың басында бренд болып қалыптасқан топтардың бірі – МузАрт.  Бұлар – новаторлар, реформаторлар. Осы топпен қатар ансамбльдер, орындаушы топтар көп құрылды. Бірақ неге дәл осы топты «бренд» деп отырмын? Себебі олар шығарған әннің шамамен 90 пайызы хит болды. Орыстілді қазақ тыңдарманын өзіне қаратты және вокалды-инструменталды ансамбль (ВИА) болды. Сондықтан оларды өз кезеңінде қазақ эстрадасындағы нағыз «бренд» деп айта аламын. 

Одан кейін қазақ эстрадасына жаңа леп алып келіп, қазақ тіліне ерекше мән беруге, халық әндердің сахнада көп орындалуына баса назар аударып, рухты әндерді орындап жүрген топтардың ішінде «Ұлытау» тобы бар. Алғашқылардың бірі болып жетіген аспабының сүйемелдеуімен орындаушылықты алып келген Қарақат Әбілдинаның да үлесі зор. Менің ойымдағы бренд – тыңдарманы қазақтілді аудитория ғана емес, новатор әрі ұлттық құндылықтарымызды пайдалана отырып, халық әндерін, аспаптарын кеңінен насихаттауға ұмтылған еліміздің атын шығарып жүрген музыканттар.  

Ерболат БЕДЕЛХАН, 

продюсер:

Ұлттық идентика бренд қалыптастырады

Кез келген әннің тыңдарман арасында кеңінен таралып, қошеметке ие болуы әншіге байланысты емес. Ол уақыттың өзекті деген тақырыбына, мәселесіне байланысты деп ойлаймын. Қазір ақпараттық технологиялар жедел дамып жатыр, сондықтан түрлі бағыттағы, жанрдағы әндер өз аудиториясында ұзақ сақталады деп айта алмаймын. Мұндай жағдай орындаушылардан бөлек, продюсерлердің де жұмысын күннен күнге күрделендірді. Музыкада «Мейнстрим» деген ұғым бар. Ол – әнді белгілі бір уақыт ішінде ғана ұстап тұруға арналған түсінік. Кей әншілер қазір мейнстримге сіңісіп кеткен. Өйткені орындайтын әні бір уақытқа, жалпы емес кішігірім аудиторияға ғана арналады. 

Музыка – үнемі жаңарып отыратын және осыны талап ететін өнер. Егер қазір бұрынғы стильдегі әнді шығара салып, ұсынып көріңізші, тыңдарманы жоқ. Сол стильді жаңартып, қазіргі заманауи бояуды қоссаңыз, оған жаңаша көзқарастар пайда бола бастайды. Мысалы, Майкл Джексонның, 80-жылдардағы ән ырғақтарын қайтадан жаңартып ұсыну арқылы тыңдарман арасында тағы бір тренд жасауға болады. Бұған дейін Еуропа, Африка, тіпті үнді әндерін тыңдап жүргенде Азия елдерінің ішінде K-pop жарқырап шығып, күллі жұрттың назарын аударған болатын. Демек, сол кезде осы стильдегі әндер өтімді болған және жалғасын тауып келе жатыр. 

Ән әлемінде де біз ұлттық бренд қалыптастыра аламыз. Ол үшін өнім шығарар кезде ұлттық идентиканы, яғни бірегейлікті дұрыс пайдалануымыз керек шығар. Ұлттық бренд – ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға бағытталған, бүкіл әлемге ерекше ұлттық болмысы бар қазақ деген ұлттың иісін сездіру. Оған біздің болмысымыз, тарихымыз, ұғымдарымыз бәрі кіреді. Оңтүстік Кореяның музыкалық бренді қалыптасқаны сонша, бүкіл әлем сол халықтың ұлттық киімдерінен, киносынан, салт-дәстүрінен хабардар. Ал біз «Орда», NinetyOne топтары арқылы заманауи көзқарасты көрсеткіміз келді. Осы топ арқылы Қазақстанда фан-клубтар пайда болды деп дөп басып айта аламын. Бұл да заманауи музыкамыздағы жетістіктердің бірі болып отыр. «Қазақ тілі мен заманауи музыканы байланыстыруға болады екен» деген ой қалыптастырды. Біздің қазақ эстардасында қазақтілді контентке сұраныс бар екенінің дәлелі. Музыка, негізі әлеуметтің ішкі дүниесі, айнасы ғой. Тыңдарман талғамындағы тақырып пен сырттағы әнші орындауындағы ән мазмұны, еңбегі бір-бірімен тоғысқан кезде ғана трендке айналу мүмкіндігі туады. Тренд ел ішінде өзінің жақсы нәтижесін көрсеткенде ол әлемге таралуы әбден мүмкін. Мұндайда көбіне Оңтүстік Кореяны үлгі етіп, эстраданы дамыту жедел қолға алуға болады. Бірақ тыңдарман арасында жаңа тыныс ашылып келе жатса, көпшілік оны қабылдамайды және уақыт сұранысымен санаспайды.

Уақыт өткен сайын тыңдарманның әнге, музыкаға деген көзқарасы өзгере бастайды. Оған шетелден енген субмәдениет немесе әлемдік деңгейге шығып кеткен трендтер әсер етуі мүмкін. Қазір Қазақстанның музыка жүйесінде ұрпақтар қақтығысында толық қалыптасқан жүйе жоқ.  Кей жағдайда аға буын өкілдері жастарға үрке қарайтын болды. Бұдан екі буынның арасында теңдік сақталмағанын көреміз. Ал сол теңдік сақталуы үшін, үлкендер шәкірттеріне дұрыс тәрбие беріп, үлгі көрсетуі керек, сонда шектен шыққан артық қылық болмас еді және тың, жаңа дүниелер пайда болғанда аға буынның арасында түсініспеушілік азаяр ма еді деген ойым бар. 

Мейіржан ОМАРОВ, 

музыка пәнінің мұғалімі:

Бізде брендтер бұрыннан бар

Ұлттық бренд бізде әрқашан болған. Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан бері мәдениеттің түрлі саласында жар­қыраған перзенттер халықтың атынан шығып, шетелдік сахналарды бағындырып жүрді. Айталық, 1925 жылы Әміре Қашаубаев Парижде күллі әлем алдында қазақы дауысымен ән шырқады ғой. Сондағы әмбебап көрмеге қатысуға шақырту алғандардың ішінен Қазақстаннан жалғыз Әміре Қашаубаев болған. Одан кейін КСРО кезінде де халық әртісі атағына ие болған жезтаңдай әншілер өте көп. Қазірдің өзінде түрлі халықаралық фестивальге шығып, Абайдың, халық әндерін шырқап жүрген әншілер жетерлік. Міне, нағыз бренд. Одан кейін Қытай сахнасынан жарқ етіп көрініп, аз ғана уақыттың ішінде дүниенің төрт бұрышына аты тараған Димаш Құдайбергенді атап өтпеске болмас. Білсеңіздер, ол екі жыл қатарынан Азия-Тынық мұхит аймағының ең танымал әртістері тізімінің көшіне енді. Лондонда, Дубайда, Түркияда жеке концертін өткізді. Бұл – Қазақстан үшін зор мәртебе. Мәртебе деп отырған себебім, сахнада шырқаған әндерінің 60 пайызы қазақ тілінде және оның атын естігенде шетелдіктердің ойына бірден Қазақстан түсетіні де рас. Төрткүл дүниеге қазақ өнерін паш еткен тұлғаларды қазіргі тілмен айтқанда еліміздің «бренді» деп атауымыз керек. Бұл туралы өте сирек айтылып жүр.

Бір өкінішті тұсы, біз бренд деп мақтанатын таланттарды өз елімізде бағаламаймыз. Бағалау деген ауыз толтырып мадақ айтып, азды-көп сыйлықтар ұсына салу емес. Брендті бағалау дегеніміз – шетелдіктер мойындаған әншінің әнін үнемі тыңдап, ләз­зат алу. Ал бізде қалай? Кез келген жастардан сұраңыз, елге тиер пайдасы шамалы бір орындаушыларды атайды. Әлемді мойындатар бренд қалыптастырамыз десек, тыңдарман, халық тарапынан бойында дарыны бар әншіге қолдау керек. 

 

Дайындаған Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ