Кеңес үкіметі тұсында «Джамбулкожобувь» өндіріс ошағының аты тұтас одаққа дүркірегені белгілі. Ол кезде бір ғана Жамбыл қаласынан 6 миллион жұп аяқкиім шығарылған екен.
Аяғыма кимедім былғары етік
481
оқылды

Қазір ол дәуір тарихтың қойнауында қалды. Десе де, қазір «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеуде. Аталған кәсіпорынның бүгінгі тынысы қандай? Байырғы даңқы мен өндіріс көлемін қайта қайыруға бола ма? Зер салып, зерделеп көрсек...

«ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Абдыбаевтың айтуынша, кәсіпорын  бұрынғы «Джамбулкожобувь» өндірістік бірлестігі негізінде 2002 жылы қайта құрылған екен. Зауыттың іргетасы сонау 1961 жылы қаланса, бүгінде кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың жұп аяқкиімді құрап отыр. Өндіріс ошағы  құқық қорғау органдарына арналған аяқкиім, жұмыс және күнделікті аяқкиімдер шығаруда. Аяқкиімнің ассортиментінде 80-нен астам үлгі бар. Қазір зауытта 250 адам жұмыс істеп жатса, айлық жалақылары 150 мың теңге.

Серіктестіктің ерекшелігі – өндірісті кез келген тапсырыс берушінің талғамына қарай бейімдей алады. Ол үшін зауыт барлық қажетті техника және шикізатпен қамтылған. Аяқкиім фабрикасы брезентті жұмыс аяқкиімін шығаратын цехтардан, хромнан жасалған ерлер аяқкиімін тігетін аяқкиім шеберханасынан, аяқкиім шығаруға дайындық цехтарынан тұрады. Аустрия, Чехия және Италия мемлекеттерінен алдырылған  заманауи технологиялармен жабдықталған.  

– 60 жылдық тарихы бар зауытта Кеңес одағы тұсында 6 миллион пар аяқкиім шығарылса, былтыр фабрикада 170 мыңнан аса жұп аяқкиім тігілді. Ал қызметкерлердің саны 242 адамды құрап, орташа айлық жалақылары 

118 643 теңгені межеледі. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Жалақыны көтеру тарифтің жоғарылауына, өнім көлемінің ұлғаюына және қызметкерлердің тиімділігінің артуына байланысты болып отыр. Сонымен қатар серіктестік салықтық міндеттемелерін де талапқа сай орындау­да. Қазір шикізатты Алматы қаласынан алып отырмыз. Біз бар болғаны елдегі жеңіл өнеркәсіптің 3 пайызын құраймыз.  97 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Қазір біздің нарықты Қытай, Өзбекстан мен Түркия елінің өнімдері жаулап алған. Отандық нарықта бізге билік тарапынан қолдау жоқ. Ал тапсырыстың болмауы қысқартуға әкеліп соғуы мүмкін. Осылайша, біз жылдап дайындаған жақсы мамандардан айырылып қалғалы отырмыз, – дейді серіктестік директоры.

Иә, зауыт басшысы кәсіпорынға билік тарапынан қолдаудың жоқтығын ашып айтуда. Оған қоса, өндіріс орны 2016 жылдан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің тапсырысын орындап келсе, биыл одан да айырылып қалыпты. Осылайша, кәсіпорын қиын күнді бастан кешіруде. 

Алайда  өндіріс ошағы тапсырыстан қағылдық деп қол қусырып қарап отыр­ған жоқ. Кәсіпорын  жұмысшылары аяқкиімнің салмағын азайтуға мүмкіндік беретін стробты қатайту әдісін меңгеруде. «ПУ/нитрил» табаны бар әскери етік сияқты аяқкиімнің жаңа үлгілерін шығаруды қолға алған. Сонымен қатар ерлер, әйелдер, жасөспірімдер мен балалардың  күнделікті аяқкиім үлгілерінің ассортиментін ұлғайтқан. 

Өндіріс ошағындағы  кәсіподақ ұйымының төрайымы Марина Тазабаеваның айтуынша, зауыт қызметкерлерінің басым бөлігі – арулар.

– Ұжымның 70 пайызы әйелдерден құралған. Олардың арасында жалғыз­басты аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған нәзік жандылар бар. Кейінгі кездері туындап жатқан  қиындықтарға қарамастан, біз жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салудамыз. Мүмкіндігі шектеулі ондаған адамды жұмыспен қамтыдық. Ұжымдық шартымызда көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындаудамыз. Атап айтқанда, есепті кезеңде зауытта асхана ашылды. Онда жұмысшылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, ас-мәзірінің 50 пайыз  құны кәсіпорын тарапынан төленеді, – дейді Марина Тазабаева.

Байқап тұрсаңыздар, серіктестік қоғамда қолдауды қажет ететін жандарды көптеп жұмысқа алады. Олардың жұмыс орнын сақтап қалуға тырысады. Одан бөлек, өндіріс орны алдына ауқымды жоспарлап қойып отыр. Атап айтсақ, зауыт өндіріс қуатын 30 пайызға арттыруды көздеуде. Алайда оған мемлекет тарапынан қолдау қажет. 

  – Кәсіпорын өз күшімен барлық қиындықты жеңуге тырысуда. Биылға қойып отырған тағы бір мақсатымыз  – табанға арналған нитрил төсемдерін шығару. Бұл материал қазір импортталуда. Осы мақсатқа жетсек, импортты алмастыру көлемі 100-150 миллион теңгені құрап, қосымша 10 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туар еді, – дейді зауыт директоры.

Қазір кәсіпорынның аяқкиімдерін GRAND және «Дос-Нар» сауда орындарындағы нүктелерден сатып алуға мүмкіндік бар. Бағасы қолжетімді. Бірақ тұрғындар отандық өнімнен гөрі шетелдік брендтерге қызығушылық танытатындықтан, кәсіпорынның саудасы мәз емес. Алайда тез жыртылып қалатын жылтырақтан жергілікті мықты былғары аяқкиімді артық көретін азаматтар да бар. 

– Көктем және күз айларында аяқ­киімді міндетті түрде  «ТаразКожОбувь»-тің сауда нүктелерінен аламын. Өйткені зауыттың былғары аяқкиімдері жауын-шашын мен суыққа өте төзімді. Бұрындары бір қыста екі шетелдік аяқкиім киіп шығатынмын. Сондай-ақ маусым сайын аяқкиім ауыстыруға тура келетін. Алайда бірер жылдың бедерінде өзіміздің жергілікті зауыттың өнімін тұтынып, аяқкиімді бір ғана емес, екі, тіпті үш жыл киіп жүрмін. Сәл сыры кете бастаса ауылға апарып тастаймын. Үйдегілер шаруашылыққа төзімді аяқ­киімге дән риза болуда. 

Шындығын айтайын, «ТаразКож­Обувь» шығарып жатқандай аяқкиімді басқа базарлардан 40-50 мың теңгеге аласың. Өйткені оларға брендтік жылтырағы жапсырылған. Ал өзіміздің зауыттың сауда нүктелерінен сол аяқкиім­ді 15 мың теңгеге алуға болады. Сонда қанша қаржы үнем десеңізші. Оған қоса, бір аяқкиімді екі-үш мау­сым киюге болады. Сондықтан мен барша жамбылдықтарды, тіпті қазақстандықтарды «ТаразКожОбувь»-тің өнімін тұтынуға шақырамын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Самат Тілеужанұлы.   

Тараздық жас осылайша замандастары мен үлкендерді отандық өнімді тұтынуға шақыруда. Бұл, әрине бас бармақпен бағалайтын дүние. 

Зауыт өз күнін өзі көруге күш салуда. Алайда  жергілікті билік былай тұрсын, еліміздің  Қарулы Күштерінің өзі тапсырыс беруден бас тартып жатса, бұл жығылғанға жұдырық екені анық. Ел Үкіметі бірнеше жылдың бедерінде отандық өнімді дамытуға үндеп жатыр. Тіпті, мемлекеттік гранттарды да іске қосты. Алайда одан отандық өндіріс дамып кетті дей алмаймыз. Сондықтан  «ТаразКожОбувь» секілді материалдық базасы қалыптасқан мүмкіндігі мол се­рік­тестіктерге неге қаржы құймаймыз? Тамшылатып 1,5-2 миллион теңгеден халыққа мемлекеттік грант беріп шағын және орта бизнесті дамыта алмайтынымызға көзіміз жетті. Оған қоса, бұл жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол ашып жатқаны да айқын. Сол себепті ірі кәсіпорындардың іргесін кеңейтетін кез келгендей. Егер біз  «ТаразКожОбувь» серіктестігіне ауқымды қолдау көрсетіп, өнімін жан-жақты жарнамалауға демеу көрсетсек, отандық өндірістің дамығаны сол болмақ. Бәлкім, одан кейін алдағы онжылдықтың бедерінде өндіріс орнының бұрынғы беделі мен биігін де қайтарып қалармыз. Ал ол экспортқа жол ашатыны белгілі. Одан ел экономикасы ұтпаса, ұтылмайтыны тағы анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы