Астана қаласы әкімдігінің Му­зыкалық жас көрермен театры өзі­­нің 4-ші театр маусымын 14 шіл­де күні Дулат Исабековтің «Гау­һартас» музыкалық драмасы­мен салтанатты түрде жапты.
Маусым «Гауһартаспен» жабылды
Ажар Лаубаева
326
оқылды

Көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің ең алғашқы тырнақалды көлемді прозалық туындысы «Гауһартас» повесінің сахналық нұсқасына, яғни музыкалық драма жанрындағы қойылымға 70-жылдардағы атакәсіп шопандықпен айналысып, қарапайым ғана тіршілік кешкен шағын отбасының шынайы өмірі мен кісілік келбеттері арқау болған. Адам жанының тазалығы мен биіктігін арқау еткен «Гауһартас» қойылымы ешқашан өзектілігін жоймайтын ұлттық отбасылық рухани құндылықтарды дәріптей отырып, жар қадірін ұғыну, махаббат пен бақыт, шынайы сезімді бағалау секілді ұғымдардың тереңіне бойлатады. Музыкалық жас көрермен театры ұжымының «Гау­һартас» спектаклінің әр қойылым  билеттері аншлагпен сатылып, рекорд орнатқанын театрсүйер қауым жақсы есте сақтап қалған болуы керек.

Музыкалық драманың авторы Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабеков, қоюшы режиссері және сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, сценография және костюм суретшісі – Алма Сырбаева, қойылым лейтмотивін жазған Бауыржан Ақтаев, қоюшы-хормейстер – мәдениет саласының үздігі Ғалымжан Берекешов, қоюшы-хореограф – Уәлитбек Сиязбек, режиссердің ассистенттері – Бауыржан Нұрбай мен Оразалы Игілік, жарық қою суретшісі – Айдын Досаев, дыбыс режиссері – Сабина Ильясова, режиссердің көмекшісі – Гүлдана Әбдісадық және Нұрай Рысбекова, музыкамен сүйемелдеуші – театр ансамблі.

Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына төрт жылдай уақыт өтті. Биылғы маусым да театр ұжымы үшін табысты болып, жаңа премьералардың тұсауы кесілді.

Осы маусымда театр қоржынына «Мәңгілік мұңның әуені» музыкалық-поэтикалық концерті, «Қоштасқым келмейді...» музыкалық драмасы, «Қар ханшайымы» музыкалық ертегісі, «Мадемуазель Нитуш» опереттасы, «Махаббат жағалауы» психологиялық драмасы және «SHOCK қыздар» комедиясы еніп, 7 жаңа премьерамен толығып, театр репертуарының жалпы қойылым саны 23-ке жетті. Сондай-ақ көрермендерге 308 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 71 636 көрермен тамашалады. Аталмыш театрдың жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жас­өспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.

Айта кетейік, музыкалық жас көрер­мен театры V маусымын 10 қыркүйекте ашуды жоспарлап отыр.

С.БЕГІМБАЙ