Апта басын дүрлігіп қарсы алдық. Brent маркалы мұнай бағасы тоқсаныншы жылдардан бері құлдырап көрмеген деңгейге бір-ақ түсті. Рас, 30-32 доллар ешкім күтпеген баға еді. Ал кеше 36-37 долларға өсті деп сүйінші сұрап отырмыз. Себебі алдағы уақытта мұнай бағасының бұрынғы деңгейге көтерілуі қиындау болмақ, онсыз да коронавирустың өршуі қара алтынға сұранысты азайтты. Ал енді Ресей мен Сауд Арабиясының баррель бағасына келісе алмауы – жығылғанға жұдырық болып тиді.
https://www.youtube.com/watch?v=E4iVku6AEy8
Дүйсенбіде Президент шұғыл жиын өткізді, Ұлттық банк пен Үкімет бірлескен мәлімдеме жасады. Жалпылама сипаттағы мәлімдеме кей сарапшыларды сендіре қоймады. Ал Үкіметтің отырысында нақты қандай жұмыстардың қолға алынатыны айтылды. Бірінші кезекте әдеттегідей бюджеттің шығынын азайтып, әлеуметтік міндеттемелерді толық орындаймыз деп уәде берді. Ал бұған күмәнмен қарайтындар аз емес.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, мәлімдемеде квазисектордың үлесін азайту, көлеңкелі экономиканың көлемін қысқарту секілді маңызды міндеттер айтылмаған. Яғни, ұлттық компанияларды бюджет есебінен асырау жалғаса береді деген сөз. Сондай-ақ мәлімдемеде импорт алмастыру саясатын ұстану, Еуразиялық экономикалық одақтағы сауда жағдайымызды түзеу туралы да ештеңе жазылмаған.
«Бізде дәстүрлі функция бойынша қыруар қаражат көзделген. Ең алдымен соларды қысқарту керек. Бұл – мемлекеттік аппарат, құқық қорғау органдары, қорғаныс саласы. Бұдан басқа да қаражат көп жұмсалып жатқан баптар бар. Соларды қысқарту қажет. Екіншіден, мемлекеттің көлемін қысқарту керек. Мемлекеттің көлемі деген макроэкономикалық тұрғыдан, елдің аумағы немесе халқының саны емес. Бұл – Ұлттық банк, Үкімет және жергілікті бюджеттердің барлық шығынының жиынтығы. Соны қысқарту керек. Егер осындай жауапты бюджет саясаты жүргізілсе, әлеуметтік міндеттер, әлеуметтік нысандарды қаржыландыру мәселесі болмайды», – дейді ол.
Бір қарағанда, Үкіметтің кешегі отырысы оптимизмге толы. Олар тіпті доллардың қымбаттауы азық-түлік бағасына әсер етпейтініне сенімді. «Азық-түлік бағасына маусымдық жағдайлар, тауарлық кедергілер, бәсекенің болмауы әсер етуі ықтимал», – дейді. Яғни, доллардың құны емес. Бірақ доллар бағасы шарықтаса, шетелден келетін жеміс-жидек, ірімшік, шұжықтың бағасы қатар өсетінін біздің халық жақсы біледі. Өйткені оларды долларға сатып алады.
Біздің билік мұнай бағасы бензин бағасына да әсер етпейді дегенге сендіріп жатыр. Бензин бағасы еркін айналымда, бағасы тұрақты, қажет жанар-жағармай қоры жеткілікті дейді. Әрине, сенгің келеді, бірақ экономист Қуаныш Оңалбаев мұнай бағасы 35 доллардан төмендесе болды, бюджет пен ұлттық қорға түсетін салық азаяды, мұнай компанияларының табысы төмендеп, жұмыссыздық артады, тіпті теңге құлдырауы мүмкін дейді.
«Экономикада «Голланд ауруы» деген термин бар. Пайдалы қазбаға бай елдерде кен өндіру саласы қарқынды дамиды да, басқа секторлардың табысы азайып, дамуы бәсең жүреді. Қазақстанда осы картинаны байқауға болады. Мемлекеттік бюджетте мұнай бағасының бір баррелі 55 доллар болады деп жоспарланған, ал қазіргі бағасы 36 доллар. Бүгінде бюджетіміздің 44 пайызы мұнай-газ секторынан құралады. Ендеше ортақ қазынамыз қанша шығын көретінін жобалай беріңіз», – дейді Қ.Оңалбаев.
Ұлттық банк баға тұрақтылығын қолдап, теңгенің құнын қорғау мақсатында бүгіннен бастап базалық ставканы және пайыздық дәлізді жылдық 12 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстанады, алайда қандай да бір күтпеген өзгерістер болса, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенция жүргізіледі.
Ұлттық банк бұған дейін де интервенция жасағаны есімізде. Мәселені шешудің басқа тетігін қарастырмай, интервенцияға иек арту шарасыздықты білдірсе керек. Басқаша айтса, теңге бағамын ұстап тұру үшін алтын қорын ысырап ету деген сөз. 2015 жылы осы мақсатта 28 млрд доллар шығындалды. Бірақ соңынан теңге бәрібір еркін айналымға кетті. Яғни, валюталық интервенция да тығырықтан шығар жол емес, өйткені нарық бәрібір өз дегенін істейді.
Бір қызығы, Экономикалық зерттеулер институты мұнай бағасының кешегі мен бүгінгі бағасын сараптай келе, бұл процесті қысқамерзімді құлдырау деп бағалады. Себебі жағдайға ОПЕК+ аясындағы Сауд Арабиясы мен Ресейдің келіспеушілігі ықпал етті. Ал арзан мұнай Ресей мен Сауд Арабиясына тиімсіз. Сондықтан тараптар көп ұзамай бір мәмілеге келеді деп санайды.
Әр істің қайыры бар дейтін халықпыз, мұнай бағасының түсуі халықты талапшыл етіп тәрбиелейді деген пікірді де құптағымыз келеді. Бәлкім, бұл жағдай Үкіметтің ширауына сеп болып, мұнай-газ секторынан басқа салалардың да дамуына жол ашылар. Сондықтан Үкіметтің экономикалық шаралары өз нәтижесін береді деген көңілді нотамен нүкте қойғымыз келеді.