Сыр өңірінде «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXXІV конференциясы өтті. Алқалы жиынның басында партияның облыстық филиалының төрағасы сайланып, Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Ашық дауыс беру арқылы облыстық филиалдың жаңа төрағасы лауазымына Алмасбек Есмаханов сайланды.
Қызылорда облыстық филиалының  жаңа төрағасы сайланды
866
оқылды

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Парламент Сенатының де­путаты Наурызбай Байқадамов, партияның облыстық филиалының мүшелері, партияның аумақтық фи­лиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, мәслихаттардағы фракция жетекшілері және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты. 

«AMANAT» партиясының республикалық және өңірлік сайлауалды бағдарламалары әзірленіп, оны іске асыру мақсатында 20 өңірлік Жол картасы бекітілді. Бүгінде өңірлерде әрбір бесінші уәде орындалды. Мәселен, былтыр «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бұқаралық спортты дамыту мақ­сатында өңірде 7 денешынықтыру-сауықтыру ке­шендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ сапалы денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында облыста 15 дәрігерлік амбулатория салынды.

Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту үшін саяси ұйымның рөлін және бастауыш партия ұйымының жұмысын күшейту керектігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының саяси тірегі саналатын «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы әр азаматтың әл-ауқатын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған. Қазір 13 партиялық жоба жүзеге асуда. Бұдан бөлек, Жол картасы іс-шараларының орындалу барысына уақытылы және сапалы мониторинг жүргізу партия филиалдарының негізгі міндеті. Партиялық бақылау комиссиясы осы тармақтардың орындалуын ерекше бақылауға алуы тиіс», – деді ол.

Жиын барысында бұған дейін облыстық филиалдың төрағасы лауазымын атқарған Наурызбай Байқадамов өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Халық қалаулысының келтірген деректеріне сүйенсек, былтыр «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін облысқа 3 млрд теңге қаржы бөлініп, бағдарламада қарастырылған негізгі 5 бағыт бойынша 406 жобаға қолдау көрсетілді. 

«Сонымен қатар былтыр «Жер аманаты» жобасы аясында мемлекет меншігіне 223,7 мың гектар жер қай­тарылып, жылдық жоспар 111,85%-ға орындалды. Жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және об­лыстық бюджеттен барлығы 35,6 млрд теңге бөлініп, 603 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары жөн­деуден өтті. Бұдан бөлек, партияның Жол картасы ая­сында аймақтың газдандыру үлесін 80 %-ға жеткізу жос­пар­ланған. Бүгінде барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекенге газ жеткізілген. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін 1 301 пәтер сатып алынып, тұрғындардың игілігіне берілді», – деді ол.

Сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» аясында биыл өңір бойынша 575 жобаны іске асыру және 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл бағытта биыл 4 млрд 569 млн теңге қа­растырылып отыр. 

Жиыннан кейін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қаланың сол жағалауында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Қан орталығында болып, нысанның жұмыс ба­рысымен танысты. Орталықтың іргетасы былтырғы жыл­дың тамыз айында қаланған болатын. Мұнда жылына 5 000-нан 10 000-ға дейін адамға қызмет көрсетіледі. 

«Мемлекет басшысы «Ұлт саулығы – Әділетті Қазақ­станды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты» екенін ерекше атап өткен болатын. Сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да кеңінен көрініс тауып отыр. Отандық медицина пациенттің мүддесіне жұмыс істеп, біз бен болашақ ұрпақ үшін денсаулық кепілі болады. Медицина қызметкерлері ең озық медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық ресурстармен қамтамасыз етілуі керек. Барлық денсаулық сақтау ұйымындағы заманауи жабдықтардың үлесін 70%-ға жеткіземіз. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасы осы мақсаттарды көздейді», – деді Дәулет Кәрібек.