Биылғы 6 маусымнан бастап партия мүшелері түрлі аумақты тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, жол бойындағы аумақтар, өнеркәсіптік аймақтар, тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар. Бүгінге дейін партия мүшелері 4,5 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Ел бойынша акцияға 35 мыңға жуық адам қатысты. Өткен аптадан бастап белсенділер жағалау аймақтарын, жайылмалар мен өзен арналарын, көлдер мен су айдындарының айналасын тазартуға күш салуда. Қазірдің өзінде 70-тен астам су объектісі тазартылды.
Мысалы, Шымкентте шамамен 400 адам партия бастамасына қосылды. Бүгінгі тазалау жұмыстары Абай ауданындағы А2 тасжолының бойында өтті. Шамамен 2 тонна қоқыс жиналып, қалдықтар сұрыптау және қайта өңдеуге жіберілді. Партия мүшелерінен бөлек, игі іске жергілікті тұрғындар, мәдениет қайраткерлері және танымал спортшылар ат салысты. Олардың ішінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков, партияның Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық мәслихаттағы фракция жетекшісі Қайрат Имашев, ардагерлер, мәслихат депутаттары, Jasyl el еңбек жасағы және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері болды.
Сонымен қатар танымал спортшылар Арман Оспанов, Сұлтан Заурбек, Жазира Жаппарқұл, сондай-ақ кинорежиссер Марат Достаев, «Миллион» әзілкештер командасы және «Жайдарман» клубының мүшелері де қоқыстан жол жиегін тазалады.
«Партия мүшелері әр апта сайын, бейсенбі күндері, бекітілген аумақтарда тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етеді. Партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған ауқымды міндеттер тұр. Бүгінде аумақтарды, өзен-көлдердің жағалауларын тазарту, қаланың көшелерін көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде», – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Астана қаласының партия мүшелері де игі істен шет қалмады. 100-ден астам белсенді «Астана – Бурабай» трассасының жанындағы аумақты тазалауға шықты. Олар 200-ден астам қап қоқыс жинады. Айта кету керек, «AMANAT» партиясының астаналық филиалы жанында қаланың экологиялық жағдайын бақылау үшін 5 мобильді топ құрылды. Бұған дейін мобильді топтардың жүргізген мониторингінің нәтижелері бойынша 20 заңсыз қоқыс орны анықталды.
Түркістан облысында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділері Тұрар Рысқұлов ауылының жанындағы Құлан өзенінің бойын тазалады. Жергілікті тұрғын Ақтоты Көшербайқызының айтуынша, бұл көрікті жерге демалушылар жиі келеді, кейбірі қоқыстарын сол күйі қалдырып кетеді.
«Табиғатты қорғау өзіңнен басталуы керек, өйткені тазалық – жинаған жерде емес, қоқыс тастамайтын жерде. Акцияға жастардың белсенді қатысып жатқаны қуантады, олар қоршаған ортаға қамқорлық жасайды», – деді ол.
Шығыс Қазақстан облысында партия мүшелері Күршім және Құйған ауылдарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар Ертіс өзенінің жағалауын, жаңа көпірге апаратын жолды, ауылдардың айналасын тазартты. 13 гектар аумақтан жиналған қоқыстар қайта өңдеуге жіберілді. Үш тонна қоқыс шығарылды.
Осындай іс-шаралар елдің басқа аймағында да өтті. Бұл тек қоқыс жинау ғана емес, әрбір учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастапқы партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар бекітілген аумақтарда тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшігін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдар мен тротуарларды жөндеу сияқты абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешеді.