Biz Birgemiz қоғамдық қоры бастамасымен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты белсенділері сел тасқынынан зардап шеккен Қырғызстан тұрғындары үшін Алматы қаласынан 40 тонна гуманитарлық көмек жолдады. Қазір жүк Ош қаласына жеткізілуде.
Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді
www.istockphoto.com
1,044
оқылды

Қырғызстанның Ош облысындағы сел салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басып, күрделі қиындықтар тудырды. Осыған орай, Biz Birgemiz қоры мен «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері эвакуацияланған тұрғындар үшін азық-түлік, киім-кешек және қажетті заттарды жинап, өз тарап­та­рынан көмек көрсетуге кірісіп кетті.

Biz Birgemiz қорының жетекшісі Перизат Қай­раттың айтуынша, бауырлас Қырғызстанның тұр­ғындары көк­темдегі су тасқыны кезінде елімізге қолдау білдірді дейді.

«Елімізде болған төтенше жағдай кездерінде қыр­ғызстандықтар қолдау көрсетіп, жанымыздан табыла білді. Қиын халде қалған Ош облысының тұр­ғындарына да тиісті демеу білдіру – біздің пары­зымыз деп білемін. Дайындалған заттар ішінде ұзаққа жарамды азық-тү­ліктер, төсек орындары – матрас, жастық, жамылғыш және тағы басқа бар», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде гуманитарлық жүктерді тиеуге және жөнелтуге көмек көрсету үшін аз уақыт ішінде «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Әкежан Кеңесов бірнеше ондаған еріктіні жұмылдырды.

«Біздің еріктілер кез келген жағдайда көмек көр­сетуге әрқашан дайын. Бауырлас қырғыз еліне қолдан келген көмекті аямайтын боламыз. Төтенше жағдайлар кезінде тәжірибе жинақтаған жастармен Ош қаласына жол тарттық», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде Ош облысы мен Ош қаласындағы қарқынды жауын-шашынның салда­рынан қатты сел жүрді. Сел тасқыны кезінде алты адам қаза тапты. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік ны­сан­дар­ды қоса 800-ге жуық ғимарат апаттан зардап шекті.