Мемлекет бағаны бақыламайды
Елімізде дәрі-дәрмек бағасының еркін айналымына мүмкіндік беру үрдісі қарқын алды. Бұл дегеніміз – мемлекеттің тауарлар мен қызметтер бағасын бақылауын жеңілдету немесе алып тастау. Еліміздің заңнамасы контекстінде бұл – тауарлар мен қызметтер бағасын белгілеу процесіне мемлекеттің араласуын азайту немесе шектеу, яғни нарық ұсыныс-сұраныстарға сәйкес, өнім бағасын еркін анықтай алады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басшысы Мира Тұяқбаеваның айтуынша, бұл реформа бәсекеге қабілетті нарық жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан бүгінге дейін ЕАЭО елдерінің ішінде дәрілік заттардың бағасын реттеумен айналысатын жалғыз мемлекет болған.
«Аталмыш нарықтың әлеуметтік маңызын ескеретін болсақ, бәсекелестікті дамыту, балама өндіріске мүмкіндік берудің қажеттілігін түсінуіміз керек. Бұл реформа халыққа дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға және фармацевтикалық бәсекені ынталандыруға арналып отыр. Бұған дейін Қазақстан препараттардың толық тізімін, шамамен 7,1 мыңнан астам дәрі-дәрмек бағасын реттеумен айналысып келді», – деді сарапшы.
Биыл жыл басынан бері билік көтерме және бөлшек саудадағы дәрігердің рецептінсіз берілетін барлық препарат бағасын бақылауды қойды. Аталмыш реформаны 2022-2026 жылдары үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған: алғашқысында (2022-2023 жж) – 2,2 мыңнан астам дәрілік зат, оның ішінде қарапайым ауруларды емдеуге арналған гомеопатиялық препараттар, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер бағасына бақылау болмайды. Келесі кезеңде (2023-2025 жж) – рецептпен берілетін дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер, ал соңғысы (2025-2026 жж) – мемлекет бақылауында қалатын дәрілік заттардан басқа барлық препарат бағасын реттеу шектеледі. Осылайша, 2026 жылға қарай билік медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде, «СҚ-Фармация» мемлекет қаражатына сатып алатын дәрілік заттардың ғана бағасын реттейтін болады.
Денсаулық сақтау министрлігі де бұл реформаны жылы қабылдады және болашағынан зор үміт күтеді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ляззат Қашқымбаевның пікірінше, аталмыш жаңашылдық дәрі-дәрмек бағасының тұрақталуына мүмкіндік бермек.
«Әлбетте, ДСМ күні бүгінге дейін дәрілік заттардың бір бөлігінің бағасын реттеп отыр және осы тізімдегі кей препараттардың тапшылығын байқаймыз. Ал бағаны еркін айналымға жіберу арқылы нарық өзін-өзі реттейтін болады. Дәрі-дәрмек бағасы мұның салдарынан күрт қымбаттамайды деп сенеміз. Оның үстіне, 2020 жылғы пандемия кезіндегі жағдайдан кейін (бұл уақытта сұраныстағы дәрілік заттар тапшылығынан баға бірнеше есеге дейін көтерілген болатын) бизнес нарық жағдайын және мемлекеттің қымбатшылыққа жол бермейтінін түсінеді», – дейді сарапшы.
Комитет өкілінің айтуынша, жыл басынан бері бағасы бақыланбайтын рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың бағасының күрт қымбаттауы байқалмаған.
«Бұған дейін қолданыстағы шекті бағалар өндірушілердің дәрілік заттарды төмен бағада сатуына ықпал етті. Біз мұны мониторинг барысынан байқайтынбыз. Қазір бағаны еркін айналымға жібердік және нарықты бақылап отырмыз. Дәрі-дәрмек бағасы бұрынырақтағы шекті бағадан асқан жоқ, соған тек жақындады. Өйткені бәсекелестік бар», – деп түсіндірді Л.Қашқымбаева.
Десек те, сарапшылар аталмыш реформаның сау бәсеке қалыптастыруға септігі болғанымен, дәрілік заттардың құнының көтерілуіне де ықпалы зор екенін алға тартады. Өйткені сұраныс көп болған жағдайда кәсіп иелері дәрі-дәрмек бағасын қалауынша қымбаттатуға мүдделі болады. Демек, дәрі-дәрмек бағасы алдағы уақытта да қымбаттай бермек. Бұған қоса, биылғы 1 шілдеден бастап елімізде барлық препаратты таңбалау мен қадағалау мүмкіндігі енгізілді. Бұл жаңашылдық нарықтан контрафактілік өнімдерді жоюға және дәрілік заттарды бақылау сапасын күшейтуге бағытталды. Сарапшылардың айтуынша, аталмыш идея жақсы, дегенмен оның жүзеге асырылу барысы әлі де түсініксіз.
Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі Талғат Омаровтың пікірінше, бұл жаңашылдық кәсіп иелеріне қосымша жүктеме салуы мүмкін. Өйткені препаратты таңбалау мен қадағалау мүмкіндігі әр өнім үшін қосымша құн салығын төлеуге итермелеуі ықтимал. Бұған дейін дәрілік заттар 12 пайыздық ҚҚС босатылған еді.
«ҚҚС енгізілетін болса, дәрі-дәрмек бағасы кем дегенде 16 пайызға тағы қымбаттайды. Яғни, қазіргі 4 пайызға тағы 12% қосылмақ. Кедендік бақылаудан өткен уақытта ҚҚС төлеуге тиіс боламыз», – дейді маман.
Жүйеде кемшілік көп
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің дерегінше, бүгінде елімізде 7,1 мыңнан астам дәрілік зат тіркелген, оның 6,2 мыңға жуығы, яғни 86 пайызы – шетелдік препараттардың, ал мыңнан астамы, яғни 14 пайызы отандық медикаменттердің үлесі. Бірақ 14 пайызға тең отандық өнімнің шикізаты да 95 пайыз импортқа тәуелді. Егер ҚҚС енгізілетін болса, нарықтағы дәрі-дәрмектің 95 пайызы қымбаттауы мүмкін. Ал отандық өндірісті дамытудың тиісті тетігі жолға қойылмаған әрі бақылануы да төмен.
Жақында Жоғары аудиторлық палата халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысын жариялады. Аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілік анықталған. Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау барысында фармацевтика саласын дамыту бойынша кешенді тәсілдің жоқтығы айқындалған. Дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген. Аталмыш құжатқа сәйкес, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20 пайыздан төмен. 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі – 18%. Бағаны мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті баға қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативті түрде препарат құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате.
Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
«Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде де сатып алу бөлігінде баға белгілеуде сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар. Жыл соңына дейін біз ТМККК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме-бөлшек сауда сегментінде белгіленген бағалардың барлық спектрін тұтастай қайта қараймыз деп ойлаймын», – деді министр Ақмарал Әлназарова.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СҚ-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр. Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде, 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.
Түйін:
Дамыған елдерде дәрі-дәрмектің 70-90 пайызы ұлттық бағдарламалар аясында өздерінде өндіріледі. Мысалы, Испанияда отандық препараттардың үлесі 67%, Францияда – 56%, Израильде – 49%, сондай-ақ Ресей, Беларусь сияқты ТМД елдерінде де отандық өнімі 30 пайыздан асады. Ал елімізде бұл көрсеткіш – 14%. Оның өзінде, дәрі-дәрмектің 95 пайызы шетелдік валютамен сатып алынған импорттық шикізатқа тәуелді. Сарапшылар отандық нарықтағы дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыру мақсатында түрлі реформа жасалғанымен, алдымен өндіріс ісі туралануы керегін айтады. Ал жоғарыда айтқан бастамалар тиісінше бақылануы қажет.
Айдана НҰРМҰХАН