Әлем медицинасы ұзақ және саламатты өмір сүруге көмектесетін емдеу жолдарын іздеуде. Ғалымдар қартаюды жылдамдататын ақуыздың жұмысын тежейтін дәрі ойлап тапты.
Жақсы жаңалық: адам өмірін 25%-ға ұзартатын препарат табылды
Анти-IL-11 терапиясы метаболизмді күшейтіп, бұлшықет массасы мен күштің азаюын болдырмайды. Фото vladtime.ru сайтынан алынды
1,714
оқылды

Ғалымдар адам өмірін ұзартуға көмектесетін жаңа препарат тапқанын жазған  newatlas.com сайтына сілтеме жасай отырып, бұл әдістің тиімділігі мен әсер ету клиникасын Aikyn.kz түсіндіреді.Ғалымдар IL-11-дің қартаю процесіндегі рөлін анықтады. IL-11 ақуызы бауыр мен іште майдың жиналуына, сондай-ақ бұлшық ет массасы мен күштің азаюына әкеледі екен. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Juan Gaertner

Ғалымдар қартаю кезінде ағзамызда белгілі бір ақуыздың қалай көбейетінін және оның қартаю процесіне белсенді түрде ықпал ететінін алғаш рет көрсетілді. Бұл ақуыздың белсенділігін жою арқылы адамдарға ұзағырақ өмір сыйлауға, қартаюмен бірге жүретін физикалық әлсіздікті болдырмауға болатыны дәлелденді.

Сингапурдағы Duke-NUS медицина мектебінің зерттеушілері бұрын интерлейкин-11 (IL-11) ақуызының экспрессиясын және оның жүрек пен бүйрек, бауыр және өкпенің сау болуына ықпалын анықтау үшін үш түрлі зерттеу жүргізді. Соңғы зерттеулердің нәтижесі бойынша, қазіргі уақытта өкпенің фиброздық ауруын емдеуге арналған клиникалық сынақтардан өтіп жатқан эксперименттік анти-IL-11 терапиясы жасалды.

Осы жұмыстың негізінде ғалымдар IL-11-дің қартаю процесіндегі рөлін анықтады. Бұл IL-11 ақуызы бауыр мен іште майдың жиналуына, сондай-ақ бұлшық ет  массасы мен күштің азаюына әкелетін процесті жылдамдататыны анықталды. Бұл ақуыздың экспрессиясын тежеу арқылы ғалымдар «қартаю белгілерін түбегейлі азайтуға болады» деп сенеді.

«Бұл жоба 2017 жылы әріптесіміз басқа жоба үшін тіндердің үлгілерін жіберген кезде басталды. Қызыққанымнан мен IL-11 деңгейін тексеру үшін бірнеше тәжірибелер жасадым. Біз IL-11 деңгейінің адамның жасы ұлғайған сайын өсетінін анық көрдік, сол кезде біз қатты толқып кеттік», – деп түсіндіреді Duke-NUS қауымдастырылған профессоры Анисса Виджая. 

Клиникалық сынақтар бұл ақуызды жою арқылы қартайған кезде пайда болатын әлсіздіктен және аурудан қорғайтынын анықтаған. Фото vitvesti.by сайтынан алынды

Клиникалық сынақтар бұл ақуызды жою арқылы қартайған кездегі әлсіздіктен және аурудан қорғайтынын анықтаған. Тышқандардан IL-11 генін жою жануарлардың өмірін орта есеппен 24,9%-ға ұзартқан. Тышқандарға IL-11-ге қарсы терапияны 75 аптадан (адамның шамамен 55 жылына баламалы) өлгенге дейін жүргізгенде, еркек тышқандардың орташа өмір сүру ұзақтығы 22,5%-ға және аналық тышқандарға 25%-ға өскен.

Бұл терапияны қабылдаған тышқандар ұзақ өмір сүріп қана қоймай, қартаюдың негізгі белгілерінен де арылған. Анти-IL-11 терапиясы метаболизмді күшейтті, бұл жануарлардың проблемалы ақ май қорларынан гөрі калорияларды қажетсіз жағатын қоңыр майды өндіруіне себеп болды. Бұлшық ет массасы мен күштің азаюын болдырмайды және көп ауру мен кардиометаболикалық аурулардан қорғайды.

Бұл жаңалық егде жастағы адамдарға сапалы қартаю жылдарын ұзартуға, әлсіздік пен ауруды азайтуға мүмкіндік береді. Фото lifeinsurance.kz сайтынан алынды

Duke-NUS деканы профессор Томас Коффман: «Соңғы онжылдықтарда өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай өскенімен, өмір сүрген жылдар мен аурусыз сау жылдар арасында айтарлықтай алшақтық бар. Бұл жаңалық егде жастағы адамдарға сапалы қартаю жылдарын ұзартуға, әлсіздік пен ауруды азайтуға, кардиометаболикалық денсаулықты жақсартуға мүмкіндік беретін зор мүмкін», – дейді.

Қатерлі ісік қарт тышқандардағы өлімнің негізгі себебі деп саналады және осы зерттеу IL-11 экспрессиясын басу бұл қатерлі ауруды айтарлықтай төмендететінін көрсеткен. Анти- IL-11 препаратын қатерлі ісікке қарсы иммунотерапиямен бірге қолдану үшін жаңа клиникалық сынақтар әзірленуде. Сингапурлық ғалымдардың гипотезасы расталса, қатерлі ісікпен күрестің тағы бір тиімді жолы ашылады деп айтуға болады. 

IL-11-ге қарсы терапияны мүмкіндігінше кеңінен қолдану арқылы адамдар ұзақ өмір сүре алады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Christoph Burgstedt

Жаңа терапиялық әдіс барлық жасушаларға жақсы әсер еткен. Медициналық әдіс жасуша бөлінген сайын теломерлердің қысқаруын азайтып, митохондриялардың тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Анти-IL-11 терапиясы өкпенің фиброздық ауруына тестілеудің бастапқы сатысында болғандықтан, зерттеушілер оның қауіпсіздік профиліне көңілдері толған.

«Біздің мақсатымыз – IL-11-ге қарсы терапияны мүмкіндігінше кеңінен қолдану, осылайша әлемдегі адамдар ұзақ өмір сүре алады. Алайда бұл оңай емес. Өйткені қартаюды емдеуге арналған препараттарды мақұлдау жолдары нақты анықталмаған және осы саладағы клиникалық сынақтар үшін қаражат жинау өте қиын мәселе», – дейді зерттеуге қатысушы SingHealth Duke-NUS Academic жүрек-қан тамырлары медицинасының профессоры Стюарт Кук.

Дегенмен бұл ең перспективалы емдеу әдістерінің бірі болуы мүмкін. Өйткені ғалымдар қартаюға қарсы тиімді терапияны іздеуді жалғастыруда. Орташа өмір сүру ұзақтығын бір жылға ұзарту үшін қартаю процесін бәсеңдету 38 триллион АҚШ долларын құрайды деген болжам бар.

Зерттеу Nature журналында жарияланды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.