Елордада 1 тамыздан бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңгеден 110 теңгеге көтеріледі. Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлайды.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Астана автобустарында жолақысы 90 теңге болып 2014 жылдың қыркүйегінде белгіленді. Бұған дейін қаулы жобасы ашық НҚА порталында жария талқылауға шығарылды.
Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар 2020 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Мұндағы басты шарт – оқушыда мектептің көлік картасы болу керек және оны автобуста валидация өткізуі тиіс.
Сондай-ақ келесі санаттарға жататын азаматтар жеңілдікке ие:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
Жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
Көпбалалы аналар;
Көпбалалы отбасылар;
Ерекше күтімді қажет ететін жандар;
18 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері);
"Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы" Заңда белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.