Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шілденің 28, 30, 31 күндері Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған «Ұлпан» спектаклінің тұсаукесері өтеді.
Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанады
1,125
оқылды

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романының премьерасын ұсынбақ.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шілденің 28, 30, 31 күндері Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған «Ұлпан» спектаклінің тұсаукесері өтеді.

Үшінші жыл қатарынан шілде айында көрермендеріне спектакльдер ұсынып, өзге өңірлік өнер сүйер қауымның да  көркем қойылымдардың куәсі болу үшін жұмыс істеп жатқан Мүсірепов театры 78-ші маусымын жаңа қойылымның тұсаукесерімен жабуды жоспарлап отыр. 

Бұл жолы өзгеше талғам мен көзқарас, ерекше коллаборация, қайталанбас образдар ұштасқан өнер туындысы жарық көрмек. Оған дәлел, спектакльді ғасырдан астам тарихы бар мәскеулік Е.Вахтангов атындағы театрының режиссері Гүлназ Балпеисова қойды. Қойылым кейіпкерлерінің образдарын ашатын бірден-бір көмек құралы болып табылатын киім үлгілерінің суретшісі – әйгілі дизайнер Аида Кауменова. Сонымен қатар, спектакльді әуезді әнмен әрлейтін композитор – елімізге танымал өнерпаз Олжас Дәлелхан болса, қойылымның артистері қатарында халықтың сүйіктісіне айналған ҚР Еңбек сіңірген артистері мен қайраткерлері Гүлжамал Қазақбаева, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Күлжәмилә Белжанова, Жомарт Зейнәбіл және Ерден Жақсыбеков, Толқын Нұрбекова, Ернар Амандық сынды талант иелері бой көрсетеді.

 «Ұлпан» - қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, таным-түсінігін суреттейтін шығарма. Сол себепті, бұл қойылымда қазіргі таңда ең үлкен актуалды тақырыптардың бірі әрі бірегейіне айналған мәселе кеңінен қозғалады. Ол – қазақ қыздарының құқығы мен мәртебесі. Аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы қоғам қайраткері Ұлпан мен беделді би Есенейдің отау құруы қазақтың салт-дәстүрлеріне үлкен тың өзгерістерге алып келеді. 

Кезекті әрі ауқымды премьерамыздың бас демеушісі болып табылатын DALEX DEVELOPMENT компаниясы бүгінгі таңда еліміздің экономикасына үлес қосумен қатар қала сыртындағы учаскелерді көркейтіп, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап жатыр. Қала маңындағы мекендерді дамыту мақсатында 10 жылдан астам уақыт тыңғылықты жұмыс атқара білген компания ұжымы ендігі халықтың тек тұрмыстық жағдайының гүлденуін ғана емес, олардың рухани көркеюін мақсат тұтты.   

 Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – 78 жылдық тарихы бар, Алматы қаласының мәдени hәм тарихи өнер ордасы. 1992 жылы қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері Ғабит Мүсіреповтің есімін алған айтулы өнер ордасы драматургтің қаламынан туындаған талай шығарманы сахналады. «Ақан сері – Ақ¬тоқ¬ты», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесалары ұзақ уақыт жұртшылықтың ықыласына бөленіп, репертуардан лайықты орнын тапты. Бүгінгі күні сахналанар «Ұлпан» романы да театрда 1997 жылы Б.Омаров режиссурасымен жарық көрген болатын. Тарихи туындының сахналық нұсқа авторы  Қ.Ысқақ болды. Қойылымның шығармашылық құрамында Қасым Жәкібаев, Раиса Мұхамедиярова, Айдос Бектемір, Жомарт Зейнәбіл, Меруерт Түсіпбаева сияқты театрдың артистері болған. Араға 27 жыл салып, қайта театр сахнасына шыққалы отырған қойылым заманауи шешімдер мен жаңашыл көзқарасқа толы.

Ұлт әдебиетінің «алтын қоры» саналар сүбелі шығармалар қатарында классик жазушы, көркем сөздің майталманы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы бары анық. Роман нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-бере¬кесін қара басының бақытынан артық санаған өте ақылды, дана әйелдің тағдырын суреттейді. Түрлі тақырыпты арқау еткен айтулы шығарма көрермендерін бейжай қалдырмасы анық.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram   арнасынан таба аласыз.