Қазақстанның қарызы тарихи рекордқа жеткені айтылып жүр. Бұған Ұлттық банктің таяуда жариялаған есебі негіз болды. 2024 жылғы І тоқсан қорытындысында Қазақстанның сыртқы борышы 165,3 миллиард доллардан асқан. Фактчекке жүгінсек, бұдан жоғарғы рекордтық меже тек 2018 жылғы қаңтарда тіркеліпті: сонда сыртқы қарыз 167 млрд 482,7 млн долларды құрады. Бірақ бұл бәрібір жұбанатын жайт емес: мемлекеттік борыш бойынша 2030 жылға белгіленген шекке ел қазірден таяп қалды.
Қарыз жылап емес, жылатып қайтады
1,126
оқылды

Ұлттық банктің есебінде айтылғандай, бір жыл бұрын, 2023 жылғы 1 шілдеде мемлекеттің сыртқы борышы – 14,7 млрд, мемлекет бақылауындағы банктер мен кәсіпорындардың сыртқы борышы – 15,3 млрд, қазақстандық жеке сектордың сыртқы борышы – 131,9 млрд, ал мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш – 2,5 млрд дол­ларды, яғни Қазақстанның жалпы сыртқы борышы 164,4 миллиард долларды құраған екен. 

Содан бері де біршама өсті. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік сыртқы борыш – 13,3 млрд, мемлекеттік банктер мен кәсіпорындардың сыртқы борышы – 15,5 млрд, жекеменшік сектордың сыртқы борышы – 133,7 млрд, мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш 2,8 млрд долларға жетті. Осылайша, Қазақстанның сыртқы қарызы 165,3 миллиард доллар болып отыр. 

«Қазақстанның мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында» 2030 жылға қарай мем­лекеттік борыштың көлемін ЖІӨ-нің шақ­қанда 32%-дан асыруға болмайтыны, сондықтан Үкі­меттің бүкіл жұмысы мемлекет қары­зының өсуін тежеуге бағдарланатыны нақты жа­зылған. Үкімет бұл шектен асып кетуге қан­шалықты таяп қалды?

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2023 жылдың қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 119 трлн 251 млрд 165,7 млн теңгені құрады. Бұл қазіргі ба­ғам­мен 253,03 миллиард долларға тең. Ендеше Қазақстанның жалпы сыртқы бо­рышы ЖІӨ-нің 65,3%-ын құрады деген сөз. 

Дегенмен Үкімет өз есеп-қисабында жекеменшік сектордың сыртқы борышын назарға алмайды: жеке компаниялар, банк­тер және басқасы шетелге қарызын өзі өтей­ді деген үмітте. Әрине, егер борыш ауыртпа­лығын еңсере алмай, жекеменшік ком­­па-­­

­­­­ниялар жаппай банкрот болып жатса, тұтас секторларға жайрап қалу қаупі төнсе, Үкімет көмекке келуге мәжбүр болатыны жасырын емес. Бұған өткен экономикалық дағда­рыс­тар кезінде мемлекеттің ком­мерциялық банк­терге триллиондап қаржы құйып, құтқарғаны дәлел.

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Берік Бей­сен­ғалиев 2023 жылдың қорытын­дысында Қазақ­станның мем­лекеттік борышының өзі 27,2  трил­лион тең­геден асқанын еске салды.

–Бұл ЖІӨ-нің 23%-ына жуық. Қазақ­станның мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында бұл көрсеткіш 2030 жыл­ға қарай 32%-дан аспауы тиіс деп бе­кітілген. Біз болсақ бүгінде осы шекке жа­қындап қалдық. Мемлекеттік борыш неге артып барады? Өйткені бюджеттің шы­ғындары артты. Бюджет шығыстарының басым бөлігі салықпен, салықтық емес тү­сімдермен, сондай-ақ Ұлттық қордан алын­ған трансферт қаражат есебінен «жа­былады». Бюджет тапшылығының қалған бөлігін Үкімет қарыз ақша алу арқылы өтейді. Қыс­қасы, мемлекеттік борыштың жыл сайын өсуі республикалық бюджеттің тап­шылығын қаржыландырумен тікелей бай­ланысты, – деді депутат. 

Олай болса, Қазақстан дефолт шыңы­рауының шетінен бір-ақ шықпауы үшін Үкімет борыштың нысаналы индикаторын сақтау шараларын қабылдауы қажет. 

Ұлттық банктің есебінде көрсетілгендей, Қазақстанның сыртқы борышы ғасыр басында, 2001 жылғы қаңтарда 12 млрд 634,6 млн доллар ғана болыпты. Арада бес жыл өткенде, 2006 жылғы қаңтарда 43,4 млрд доллар белесін «бағындырды». Ары қарай тау басынан құлаған жентек қардай, гео­метриялық прогрессияда ұлғая бастады: 2011 жылы – 118 млрд 222,8 млн, 2016 жылы – 153 млрд 6,6 млн, 2021 жылы – 163 млрд 980,1 млн, 2023 жылғы 1 қаңтарда 160 млрд 682,8 млн доллар болды.

Қарыз – қайтаруымен ғанибет

«Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігінің» (АКРА) сарапшылары Қазақ­станның мемлекеттік қарызы Ұлттық қордың валюталық активтерінен асып түскенін жариялады. Олардың байламынша, бұл мемлекеттік қаржыға арналған «қауіп­сіздік жастығының» енді бұрынғыдай тұ­рақты еместігін білдіреді. Өйткені Ұлттық қордың активтері елдің базалық резервтері са­налады. 

Ұлттық қордағы жинақтар 2014 жыл­дың соңында шырқау шегіне жетіп, 77,3 мил­­лиард долларды құрады. Бұл сол кездегі ЖІӨ-нің 35%-ына тең болатын. Со­дан бері құлдырап келеді. Президенттің Ұлт­тық қор активтерін 100 млрд долларға жет­­кізу тап­сырмасы әзірге орындалған жоқ. 

«Бастапқыда Ұлттық қордың активтері мемлекеттік борыштан айтарлықтай асып түсетін, алайда қазіргі уақытта бұл артық­шылық түгесілді. Қазақстанның мем­ле­кеттік борышының құрылымында ұлттық валю­тадағы қарыздардың үлесі басым. Тиісінше, теңгедегі барлық атаулы мак­рокөрсеткіштер, соның ішінде бюджет тап­шылығы артқан сайын мемлекеттік борыш та өсіп барады. Салыстырсақ, 2008-2023 жылдар аралығында теңгедегі атаулы ЖІӨ жыл сайын орта есеппен 15%-ға өсіп отырса, ал, мем­лекеттік борыш жыл сайын орта есеппен 25% ұлғайып отыр­ған», – деді АКРА сарапшылары.

Әйткенмен, олар Үкіметтің іс-әрекетіне үмітпен қарайды. Жоғарыда айтылған алаң­датарлық үрдістерге қарамастан, Қазақ­станның резервтері сол бұрынғыдай қомақ­ты болып қалды және ЖІӨ көлемінің ша­­ма­мен төрттен бір бөлігіне тең. Мұның сыртында Үкімет Ұлттық қордан бюджетке алып қоя­тын қаржы көлемін біртіндеп қыс­қартуды жос­парлады: 2025 жылы бюд­жетке түсетін жиын­тықты түсімдердің ішін­де қор қара­жатының үлесі 13%-дан 2027 жы­лы 6,7%-ына дейін төмендетіледі. Сонымен бір мезгілде Ұлттық қордың валю­талық актив­терін өсіруі тиіс. 

Экономист Ғалымжан Айтқазин мем­лекеттік борышқа қызмет ету, яғни оны өтеу шығыны да артып келе жатқанын қаперге салды. 

«Мемлекеттік борыштың негізгі бөлігі не­месе 94,7%-ы Үкіметтің қарызына тие­сілі. Өз кезегінде Үкіметтің борышы ішкі боры­штан – 19,1 триллион теңге немесе үле­сі 73,7% жә­не сыртқы борыштан – 6,8 триллион теңге немесе 26,3% тұрады. Өтеу кестесіне сәйкес, Үкіметке қысқа мер­зім­де – 788,5 мил­лиард теңге, орта мер­зімде – 3,2 триллион теңге, ұзақ мерзім­де 21,9 триллион теңге қарызға қызмет етуге тура келеді. Мысалы, Үкіметтің бо­ры­­шын өтеу 2024 жылдың І тоқсанында 718,4 млрд теңгеге түсті, – деді Ғалымжан Айтқазин.

Ұлттық банктің есебі бойынша Қа­зақстан жиынтықты сыртқы борышы үшін биылғы 2024 жылғы ІІ тоқсанда 10 млрд 795 млн дол­лар – негізгі соманы, 7 млрд 809 млн доллар – сыйақы пайыздарын өтеуі қажет. ІІІ тоқсанда негізгі сома – 9 млрд 935 млн доллар, пайыз­дары – 6 млрд 984 млн доллар болады. IV тоқсанда негізгі сома – 11 млрд 945 млн дол­ларға, пайыз­дары 9 млрд 20 млн долларға дейін елеулі өспек. Қорытын­ды­сында, 2024 жыл­дың үш тоқсанында рес­публика сыртқы борышы бойынша 32 млрд 675 млн доллар – негізгі соманы, сондай-ақ 23 млрд 813 млн дол­лар – сыйақы пайыздарын өтеуі тиіс. Мұ­ның ішінде тек мемлекеттің ғана емес, қа­зақ­­стандық компаниялардың берешегі, фирма­аралық қарыз да бар.

Қазақстанның келесі жылы өтейтін со­масы біраз азаймақ. 2025 жылғы І тоқ­санда өтелуі тиіс негізгі сома – 9 млрд 697 млн дол­лар, сыйақы пайыздары – 6 млрд 876 млн доллар. ІІ тоқсанда негізгі сома – 7 млрд 491 млн, пайыздары – 4 млрд 695 млн доллар. ІІІ тоқсанда негізгі сома – 7 млрд 906 млн, пайыздары – 5 млрд 148 млн. IV тоқсанда сыртқы борыштың негізгі сомасы – 7 млрд 594 млн, па­йыздары 4 млрд 871 млн доллар болады. Жиын­тығында, 2025 жылы еліміз 32 млрд 688 млн доллар негізгі соманы және 21 млрд 590 млн доллар сыйақы пайыздарын өтеуге міндетті. 

Үкіметтің көздегені не?

Қаржы министрі Мәди Такиевтің сен­діруінше, мемлекеттік борышты орнықты деңгейде ұстап тұру мәселесі – Үкіметтің тұрақты бақылауында. 

–Мемлекеттің борышын ЖІӨ-нің 32%-ынан асырмау міндеті бекітілген. Кейінгі кезде бұл 20-22,8 пайыз аралығында құ­былып тұрады. Бұл көрсеткіш шектен тыс жоғарылап кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдап жатырмыз. Бұған қол жеткізу үшін жаңа қарыздарды алуды шектеуге және борыштың өсу қарқынын төмендетуге тура келеді. Екін­шіден, шығыстарды төл кіріс­тері­міздің есебінен өтеуге күш саламыз. «Көрпеңе қарай көсіл» деген. Осы орайда салық пен түрлі төлем көбірек түсуі үшін салықтық, кедендік әкімшілендіруді жетіл­дірудеміз. Соның арқасында қарыздың бір бөлігін «жабамыз» деген ойдамыз, – деді Қаржы ми­нистрі М.Такиев.

Ол сыртқы борышты өсіре бермеу үшін Үкіметтің енді қарызды ішкі нарықтан, теңгемен алуға ден қойғанын жеткізді. Елі­міздің бас қаржыгері мемлекеттің борышы ағымдағы бесжылдықта ЖІӨ-ге шаққанда 25% шегінен көп аспайтынын уәде етті. Ал сол борышты өтеуге бағытталатын соманы ЖІӨ-нің 10%-ынан асырмайды. 

Жалпы алғанда, 2023 жылы мем­ле­кеттік борышты өтеуге және қызмет көр­сетуге 4,3 триллион теңге шығын­далды. Бұл – ел бюджетінің барлық табысының 28 па­йызы. Мысалы, жалғыз асыраушы сана­латын отағасының барлық тапқан табы­сының үштен біріне жуығы үнемі кредитін өтеуге кете берсе, ол отбасының хал-жағ­дайы қандай болатынын түсінуге болады.

Қаржы вице-министрі Дәурен Те­мірбеков мемлекет қарызының қарқынды өсуіне бюджет тапшылығының ұлғаюы серпін беріп отырғанын растады. Басқаша айтқанда, Үкімет көрпесіне қарай көсіл­мейді, тапқаны төл шығындарын «жап­пайды». Салдарынан 2024 жылғы респуб­ликалық бюджетте қаржы тапшы­лығы 3,1 триллион теңгеден асты. Бұл – ел та­ри­хында бұрын-соңды болмаған анти­ре­корд. Салдарынан Үкімет Ұлттық қорға биыл қолды мол салды, сондай-ақ отан­дық банк­терден, биржадан, шетелдік қаржы инсти­туттарынан қарызданып-қауғаланып қар­жы тартып жатыр. 

Қаржы министрінің орынбасары Д. Те­мірбеков болашақта Үкімет бюджет шы­ғындарын тұрақтандыру, борышты арт­тырмау, Ұлттық қордан алынатын тран­­­­­­­сферттерді азайту, салықтық кіріс ба­засын арттыру бағытында жұмыс істеуді жос­парлап отырғанын нықтады. Бұл мін­дет үдесінен шыға алар ма екен? Өмір көрсетеді. 

Бюджет қаржыға толуы, тапшылығы болмауы үшін Қазақстан бизнесті серпінді өркендетуі қажет. Мысалы, Америкада бір ғана ExxonMobil федералдық бюджетке 45 миллиард долларға дейін салық пен түрлі төлем аударады. Бұл қазіргі бағаммен 21 трил­лион теңгеден артық. Қазақстанның 2024 жылғы республикалық бюджетінің барлық шығысы 23 трлн 316 млрд теңге. Де­мек, Қазақстанның бүкіл бюджетін АҚШ-та бір ғана компания беріп отыр. 

Қорыта айтқанда, Үкіметтің бір мін­деті – қаптатып алып жатқан қарызымен мемле­кеттің тәуелсіздігіне, экономиканың тұрақ­тылығына, келер ұрпақтың жарқын бо­­­ла­­ша­­ғына балта шаппау, елді жарға жық­пау. Қазақ «қарыз алдың – қайғы ал­дың» деп бекер айтпаған. «Қасқыр қарызын те­рісімен төлейдінің» кері келіп жүрмегей.

Айхан ШӘРІП