Екі апта бұрын қазақ Үкіметі жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасын қабылдады. ЖИ туралы Aikyn.kz көп айтып, жазып келеді. ЖИ-дің адам өмірін өзгертудегі 4 пайдалы және 4 зиянды жағын талдаймыз.
Жасанды интеллект: ТӨРТ пайдасы мен ТӨРТ қаупі
Қазақ Үкіметі жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасын қабылдады. ЖИ-дің 4 пайдалы және 4 зиянды жағын талдаймыз. Фото curtonews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Bing IA / Newsverso
3,452
оқылды

Әлемдегі ЖИ бәсекесі бұл технологияны бірінші орынға шығарды. Aikyn.kz ғаламдық үрдістерді сараптай отырып, QUARTZ технологиялық платформасында жарияланған материалдың негізінде ЖИ-ді қолданудағы тәуекелдерді жүйелеп, ұсынады.

Генеративті жасанды интеллект біздің жұмыс істеу, оқу, шығармашылық және тіпті соғыс жүргізу тәжірибемізді өзгертті. ЖИ технологиялық сингулярлыққа бастауы да мүмкін. Фото sigmaearth.com сайтынан алынды

Генеративті жасанды интеллектің дамуы біздің жұмыс істеу, оқу, шығармашылық және тіпті соғыс жүргізу тәжірибемізді де өзгертті.

Пессимистер ЖИ технологиясы адамзатты жойып жіберуге қауқарлы екенін айтады. Бұны технологиялық сингулярлық деп атаймыз. 

Ал оптимистер бұл қуатты технология біздің күнделікті өмірімізді және жаһандық мәселелерді шешуге көмектесетінін айтады. Сондықтан да ЖИ-ді қолданудан туындайтын технологиялық, экономикалық және этикалық проблемаларды әлем ғалымдары мен сарапшылары жан-жақты зерттей бастады.

ЖИ жүйелері адам өмірінің барлық саларында төңкеріс жасауға экономикалық тұжырымдарды өзгертуге қабілетті екенін көрсетуде. Бірақ одан туындайтын көптеген қатерлер мен тәуекелдерді ұмытпау керек. ЖИ-дің қазіргі қоғамға әкелетін ең үлкен артықшылықтары мен кемшіліктерін төмендегі талдауда көрсетеміз.

ЖИ климаттың өзгеруімен күресуге, көлік, ауыл шаруашылығы және энергетикада энергия тұтынуды азайтуға көмектеседі.  Фото dzen.ru сайтынан алынды

Бірінші пайдалы сипаты. ЖИ климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі

ЖИ көлік, ауыл шаруашылығы және энергетикада энергия тұтынуды азайтуға көмектеседі. Ол дәл болжамдар жасау және климаттың өзгеру тәуекелдерін шешу үшін теңіз деңгейінің өзгеруі және жауын-шашын сияқты сенсорлар мен спутниктерден алынған күрделі климаттық деректерді жылдам талдап, түсіндіре алады. Технология қоршаған ортаның ластануын анықтай алады. Мысалы, ол өрттердің таралуын болжау үшін спутниктік деректерді пайдалану арқылы орман өрттерінің қаупін (ауаны ластаудың негізгі қаупі) азайта алады. Ал фермерлер ЖИ-дің көмегімен тыңайтқыштардың түрі мен мөлшерін дәл анықтап, суды үнемдей алады.

Джефф Безос ЖИ көмегімен климатты өзгерту бастамаларына ақша құйып жатыр. Сәуір айында миллиардер құрған Жер қоры «AI for Climate and Nature» жобасын жариялады, жоба «климаттың өзгеруі мен табиғатты жоғалтуды» болдырмау үшін ЖИ-ді қолдану жолдарын іздейді.

ЖИ фермерлердің тиімділігін арттырады, үкіметке кедейлікті бақылауға және мемлекеттік көмекті дәл, мақсатты және тиімді түрде тағайындауға мүмкіндік береді. Фото bkt-tires.com сайтынан алынды

Екінші пайдалы сипаты. ЖИ кедейлікте өмір сүретін адамдардың экономикалық жағдайын жақсартады

Жасанды интеллект кедейлікте өмір сүретін топтың экономикалық жағдайын жақсартуға көмектеседі. Қазір кәсіби білімі бар дәрігерлер мен заңгерлер сияқты мамандарға жүгінетін мәселелерді ЖИ-дің көмегімен табысы төмен адамдар тегін алатын болады.

Экономист және Массачусетс технологиялық институтының (MIT) профессоры Дэвид Автор: «Негізі, ЖИ-ді ақылмен пайдалану арқылы автоматтандыру мен жаһандану салдарынан жойылған АҚШ-тың еңбек нарығындағы орта білікті, орта тапты қалпына келтіруге көмектесе алады», – дейді.

Сондай-ақ ЖИ дамушы елдердегі кедейлік пен аштықты бірнеше жолмен азайтуға көмектеседі. Біріншіден, ЖИ осы елдердегі фермерлердің тиімділігін арттыра алады. Екіншіден, үкіметке кедейлікті бақылауға және мемлекеттік көмекті дәл, мақсатты және тиімді түрде тағайындауға мүмкіндік береді.

ЖИ ғаламдық желідегі орасан зор ақпаратты ұсынады және сіздің қажетіңізге ыңғайлап, оны талдап береді. Фото securitylab.ru сайтынан алынды

Үшінші пайдалы сипаты. Білім мен шығармашылыққа арналған ЖИ

ЖИ сіз үшін ғаламдық желідегі орасан зор ақпаратты ұсынады және сіздің қажетіңізге ыңғайлап, оны талдап береді. Бұл адамдар мен кәсіпорындардың білімін кеңейтеді және оларға шығармашылығын жетілдіруге көмектеседі.

Үздік генеративті ЖИ әртүрлі ұғымдар мен тұжырымдар арасындағы заңдылықты анықтап, олардан идеяларды тудыру арқылы дивергентті ойлауға жол ашады.

Төртінші пайдалы сипаты. ЖИ денсаулық сақтаудағы диагностика мен емдеуді жақсарта алады

ChatGPT шығарылғаннан кейін екі жылдай уақыт өткен соң, қазірдің өзінде биологияға арналған ЖИ чат-боты жасалды. Ол жаңа дәрілерді, фармацевтикалық препараттарды жасауға қажетті ақуыздар жасай алады. Бұл ЖИ-дің денсаулық сақтау саласындағы төңкерісінің бір ғана көрінісі.

ЖИ мыңдаған ауруларды емдеуге арналған мыңдаған препараттарды сәйкестендіру көмектеседі. Басқаша айтқанда, бұл дәрігерлерге өз пациенттерінің дербес ерекшеліктеріне сәйкес келетін қолданыстағы дәрі-дәрмектермен тиімді емдеуге мүмкіндік береді. ЖИ ауруларды анықтау және диагностикалау үшін де таптырмайтын көмекші.

Жасанды интеллектке мол энергия қажет. Ол көміртек шығарындыларын көбейтеді. Фото timeweb.com сайтынан алынды

ЖИ-ден туындайтын қауіптер мен зиянды нәтижелер

Бірінші зиянды нәтиже. Жасанды интеллектке көп энергия қажет

Жасанды интеллекті мол электр қуатын қажет етеді. Оның энергияға деген үлкен сұранысы Google және Microsoft сияқты ірі технологиялық компаниялардың шығарындыларын көбейтуде. 2030 жылға қарай деректер орталықтары АҚШ-тағы электр энергиясының 16%-ын тұтынуы мүмкін, бұл электр қуатын зерттеу институтының мәліметтері бойынша қазіргі тұтынылатын қуаттан екі есе көп.

Бұл туралы кеше (29 шілде) Aikyn.kz «Генеративті ЖИ-ге қажет электр қуатын ұсыну үшін Қазақстанға техно-экономикалық серпіліс қажет» атты мақала жариялады. Мына сілтемемен танысуға болады:

Екінші қауіп және зиянды нәтиже. ЖИ-дің жалған ақпарат тарату әлеуеті

Жасанды интеллект арқылы жасалған контентті саясаткерлер мен хакерлер жалған ақпарат тарату үшін пайдалана бастады. 2023 жылы Украина президенті Владимир Зеленскийдің украиндық сарбаздарға Ресейге берілуге шақырған фейкінің вирустық видеосын таралды. Өткен жазда Флорида губернаторы Рон ДеСантистің әлі құрылмаған президенттік штабы атынан Дональд Трамптың терең фейктері жарияланды. Польша премьер-министрі Дональд Тусктің саяси партиясы сайлау науқанын күшейту үшін қарсыластары туралы ЖИ арқылы жасалған видеоны желіде таратқан. Қытай қолдайтын Spamoflauge онлайн тобы Тайваньдағы президенттік сайлауға араласу үшін ЖИ арқылы жасалған жалған жаңалықтар видеосын пайдаланған. Microsoft зерттеушілерінің тобы Қытайдың ЖИ-ді АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласу үшін қолдануы мүмкін екенін айтқан.

«Дипфейкке алданып, интернетте көргендеріңізге сенбеуіңіз мүмкін. Осылайша адамдар бәріне күмән келтіре бастағанда, олар фантастиканы шындықтан ажырата алмайтын жағдайға тап болады және бұндай кезде демократияның өзіне қауіп төнеді», – дейді Adobe-тің контент тұтастығы бойынша аға директоры. 

ЖИ көптеген жұмыс орындары қысқартып, жұмыссыздықты өсіреді, нәсілдік және гендерлік теңсіздікті күшейтуі мүмкін. Фото coe.int сайтынан алынды

Үшінші қауіп және зиянды нәтиже. ЖИ көптеген жұмыс орындарын қысқартады

ЖИ әлеуметтік жағынан әлсіз топтар үшін экономикалық жағынан оң әсер етуі мүмкін, бірақ ол еңбек нарығын нашарлатады. Көптеген жұмыс орындары қысқарып, жұмыссыздық өсуі мүмкін. Жасанды интеллект деректерді талдаумен айналысатын және әкімшілік лауазымдағы адамдарға ең үлкен әсер етеді деп болжануда.

ЖИ арқылы кемсіту және жыныстық зорлық-зомбылық

ЖИ нәсілдік, экономикалық және гендерлік теңсіздікті күшейтуі мүмкін екенін көрсетуде. Мемлекеттер бұл мәселені шешуге күш салып жатыр. ЖИ құралдары кемсітушілік мәселелеріне байланысты сынға ұшырауда. Жұмысқа алу барысында ЖИ алгоритмдерінде нәсілдік, жыныстық тұрғыда кемсітушілік болатыны көптеп айтылуда.

Жасанды интеллект арқылы жасалған балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету материалдары да басты мәселеге айналды. Даркнеттегі балалардың дипфейктері кең таралып, ондағы контенттің мазмұнын бақылау мүмкін болмай отыр.

Түрік қорғаныс компаниясы жасаған Bayraktar TB2 жауынгерлік ұшу (UAV) аппараты. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Lokman Ilhan / Anadolu

Төртінші қауіп және зиянды нәтиже. ЖИ соғысы және биологиялық қауіптер

Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін соғыс қарулары ұрыс алаңына сарбаздарды жібермей-ақ қарсыласын қырып-жоюға мүмкіндік беруде. Бұның әлемдегі қауіпсіздік мәселесі үшін де, маңызды этикалық салдары да бар. Ұрыс даласында қандай технологиялық қаруды қолдануға болатындығы туралы мәселе әлі де шешілген жоқ. ЖИ технологияларын соғыста қалай қолданылатынын анықтайтын жаһандық ережелер мен басқару, бақылау тетіктерін жасау күн тәртібіне қойыла бастады. Сонымен бірге, ЖИ-ді қаскөйлер биологиялық қару-жарақ жасауға да пайдалана алатыны үлкен алаңдаушылық туғызуда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.