Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде "Әлеуметтік әмиян" шеңберінде оқушылар тегін және жеңілдікпен тамақтандырылмақ.
Үкімет хабарламасында елімізде азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтандыру 2023 жылдың соңынан бері пилоттық режимде іске асырылып жатқаны жазылған.
Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 43 ұйым қосылып, 30 мың рецепт іске асырылған. Мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтандыруға 93 ұйымға 27 мың түскі ас таратылды. "Әлеуметтік әмиянды" әзірлеушілер аталған пилоттық жобаның сәтті тәжірибесін таратуға ниетті.
"Әлеуметтік әмиян" азаматтардың EGOV қосымшасында мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдау құралдары мен шараларын жинақтау арқылы азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеңілдету үшін жасалған. Аталған жоба арқылы мемлекеттік көмек алу және оның жүргізілу тарихын қадағалау ыңғайлы. Ваучерлер жекелендірілген түрде жазылады, бұл кез келген заңсыз тіркеулердің мүмкіндігін шектейді. Жыл соңына дейін аталған өнім еліміздің барлық азаматтарына ыстық тамақ пен дәрі-дәрмек бойынша қолжетімді болады деп жоспарланып отыр", – деді BTS Digital ЖШС бас директоры Нұртай Әбілғалиев.
Жоба шеңберінде сонымен қатар бірнеше шара бойынша пилоттық жобаны іске қосу қосымша пысықталып жатыр. Оларға:
- ақшалай қаражатты монетизациялау;
- ерекше қажеттілігі бар адамдарға техникалық оңалту құралдарын сатып алу;
- халықтың әлеуметтік осал топтарына ӘМАТ тізбесінен азық-түлік сатып алуда атаулы көмек көрсету;
- әлеуметтік осал санаттағы тұтынушылар үшін тауарлы газға ваучерлер мен ЖЖМ бағасының өсуін өтеу үшін ваучерлер ұсыну жатады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.