Атырау облысының прокуратурасы жер қойнауын пайдалануды бақылау барысында ірі мұнай компаниясының мемлекетке аса көп мөлшерде залал келтіргенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Анықталғандай, «ANACO» ЖШС 2018-2023 жылдар аралығында көлемі 4 237 248 м3 шикі газдың жоғалуына жол беріліп, жер қойнауын ұтымсыз пайдаланған.
– Бұл «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 125-бабы 2-тармағы және 147-бабы 4-тармағының талаптарын өрескел бұзу болып табылады (көмірсутектерді өндіру оның жоғалуын болдырмайтын әдістер мен тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы керек).
Қадағалау актісінің негізінде Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасымен мемлекетке келтірілген залал мөлшері есептеліп, 673 130 278 теңгені құрады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жер қойнауын пайдаланушы ерікті түрде жалпы залалдың 285 млн теңгесін төледі.