Содан бері ол – болашақ зейнеткерлердің зейнетақы жинақтарын мол инвестициялық кіріспен қамтамасыз ете алмай, инфляцияға жем қылып келді. Биыл жағдай өзгерді ме?
«БЖЗҚ» АҚ биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысын шығарды. Жеткен нәтижелері бір қарағанда, таңдай қақтырады. Қорда ғаламат көлемде қаржы жинақталған: 1 шілдедегі жағдай бойынша 12 162 195 салымшының зейнетақы жинақтары 20 триллион теңгеге жетті. Нақтыласақ, 19 трлн 876 млрд 178,2 млн теңге!
Соның ішінде қазақстандықтар – төл жалақысы мен табыстарынан, жұмыс берушілер – жалақы қорынан тек биылғы жартыжылдықта аталған квазимемлекеттік қорға 1 триллион 216 миллиард 950,2 миллион теңге жарна құйды.
Мұның сыртында зейнетақы реформасы аясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, қолында ең құрығанда 1 жалдамалы жұмысшысы бар бүкіл жұмыс беруші «жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын» (ЖМЗЖ) төлеуге міндеттелді. Бұл да аталған қорды толықтырудың бір қаржы көзіне айналды. ЖМЗЖ 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін ғана аударылатын болады. ЖМЗЖ көлемі қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты болады және жыл сайын өсіп отырады: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,5%, 2025 жылғы 1 қаңтардан – 2,5%, 2026 жылғы 1 қаңтардан – 3,5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан – 4,5%, 2028 жылғы 1 қаңтардан – 5%. Осы орайда жұмыс берушілер ЖМЗЖ ретінде қызметкерлерінің зейнетақы жинақтарына биылғы 6 айда ғана 98 миллиард 389,3 миллион теңге қаржы аударыпты.
Егер Үкімет келесі жылы Біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) түрінде жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салып тастаса, онда қазақстандықтар осы миллиардтарды әзір игілігіне жарата алмайды. Зейнеткерлік жасқа жетпей, қайтыс болса, мұндай мүмкіндіктен мәңгілік айрылмақ. Тек жинақтардан өз комиссиясын алып, жұмсайтын қор ғана ұтады.
Бұл ретте БЖЗҚ-ның дүние салған салымшылары жинақтаушы шоттарында 27,8 миллиард теңге зейнетақы жинақтарын қалдырып кеткенін, оларға мұрагер табылмағанын хабарлады. Қордың бақиға аттанған салымшыларының саны 259,6 мыңнан асты. Бұл 2024 жылғы 1 қаңтардағы ахуал. Қордың мұрагерлерін таба алмаған салымшыларына қатысты деректер келесідей: ер салымшылар – 186,8 мың, олардың жеке шоттарында 21,5 миллиард теңге қордаланған. Әйел салымшылар – 72,8 мың, жеке шоттарындағы жинағының көлемі – 6,2 миллиард теңге.
Зейнетақы қоры зейнетақыға жарытпады
Зейнетақы саласында қалыптасқан жағдайды түсіну үшін қазақстандықтардың зейнетақысы неден құралатынын білген жөн. Зейнетақы қазір үш бөліктен тұрады. Біріншісі – базалық зейнетақы. Ол зейнеткерлік жасқа толғанда Қазақстанның барлық азаматына есептеледі. Базалық зейнетақы көлемі әр адамның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. 2024 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңгені, ал ең жоғары мөлшері – 45 578 теңгені құрайды.
Екіншісі – ынтымақты (еңбек) зейнетақысы. Ол негізінен, еңбек жолы Кеңес заманына және тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығына тұспа-тұс келген қазақстандықтарға ғана төленеді. Себебі ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға арналған. Көлемі соған дейінгі жылдардағы еңбек өтіліне және орташа айлық табысына қарай есептеледі. 2024 жылы ең төменгі ынтымақты зейнетақы 57 853 теңгені құрады.
Үшіншісі – жинақтаушы зейнетақы: ол азаматтардың жеке зейнетақы шоттарында қордаланған қаражат есебінен төленеді. Мөлшері БЖЗҚ-ның әрбір салымшысының жинаған қаржысының көлеміне тәуелді. Жинақ неғұрлым көп болса, зейнетақы соғұрлым көп болады.
Осы үшеуінің арасында қазақстандықтар соңғысының тым мардымсыз екеніне шағымданады. Үрейлісі сол, қазіргі және келер ұрпақтың зейнетақысы небәрі екі құрауыштан құралмақ, бұл – базалық зейнетақы және жинақтаушы зейнетақы. Екеуінің де көлемі аз.
Мұғалім Ирина Ивановна 2022 жылғы желтоқсанда 60 жасқа толуына байланысты (жұмыс өтілі толық емес) зейнеткерлікке шықты. Шамамен 150 мыңдай зейнетақы алады екен. Оның ішіндегі қомақтысы – ынтымақты еңбек зейнетақысы: 85 мыңға дейіні соған тиесілі. Сонда қалғанының 38 мыңға жуығы – базалық зейнетақы. БЖЗҚ-дан алатыны – 27 мыңдай ғана. Ирина апай жас болғанда және болашақта зейнеткерлікке шыққанда, ынтымақты зейнетақысыз бар-жоғы 65 мың теңгедей зейнетақыға күні қарап қалатын еді.
Қордың өз салымшыларына тым аз төлем төлейтінін БЖЗҚ сарапшылары да жасырмайды. Олар әрбір салымшысының қартайғанда алатын төлемі қалай есептелетінін түсіндіре келе, келесідей мысалды ұсынды. Айталық, зейнеткерлік жасқа толып, қордағы ұзақ жыл жиған жинағыңыздың игілігін көретін күнге аман-есен жеттіңіз делік. Бақытыңызға қарай, зейнетақы жинақтарыңыздың жалпы сомасы 6 миллион теңгені құрады. Қор мамандарының айтуынша, БЖЗҚ-да 6 миллион жинай алған сіздің зейнеткерліктің бірінші жылында алатын зейнетақы төлемдеріңіздің жылдық сомасы 390 мың теңге болады (6 000 000 х 6,5% = 390 000 теңге). Мұнда 6,5% қайдан шыққан?
«2021 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылында зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесіне 6,5%-ға көбейтіндісі ретінде есептеледі. Зейнетақы төлемдері жүзеге асырылғаннан кейінгі жылдары, ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері былтырғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне, яғни 5%-ға ұлғайту жолымен айқындалады», – деді БЖЗҚ сарапшылары.
коллаж: Елдар ҚАБА
390 мың теңге қомақты сома болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл – ай сайынғы алатыныңыз емес, жылдық көлемі. Зейнеткерлігіңіздің бірінші жылында ай сайын қалтаңызға түсетіні бұдан 12 есе аз: 390 000 теңгені 12 айға бөлгенде, айлық төлем 32 500 теңгеден шығады.
Зейнеткерлігіңіздің екінші жылында қолыңызға тиетіні де бұдан сонша көп емес. Кейінгі жылға арналған ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 32 500 + 32 500 х 5% = 34 125 теңге.
Ирина апайдың әмиянына түсетіні бұдан әлдеқайда кем. Өйткені 11 жылдық жұмысы кезінде БЖЗҚ азаматтардың жинақтарын еселеп көбейте алмай келеді.
Зейнетақы жинағын депозитке салса ше?
Зейнеткер Қайыржан Жұмабаев «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасына жазған хатында болашақ зейнеткерлердің жинағын қарқынды арттырудың тамаша, сонымен бірге қарапайым жолын көрсетті.
– Менің зейнетақы шотымда қалған жинақ зейнеткерлікке шыққан 2021 жылдың желтоқсанында 7,3 миллион теңгені құрады. Мұны БЖЗҚ жіберген көшірме растайды. Онда айтылғандай, сол 2021 жыл ішінде қор маған 780 мың теңге инвестициялық кіріс әкеліпті. Алайда келесі 2022 жылы кіріс 71 мың теңгеден ғана асты. Сонда бұл 1% ғана болғаны ғой. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын банктердегі депозиттерге салғанда, олар орта есеппен ғана 13,5% кіріс табатын еді. Онда неге азаматтарға БЖЗҚ-дағы қаражаттарын екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне салып, молырақ табыс табуға мүмкіндік бермеске? – деді Қ.Жұмабаев.
Бұған дейін осы мәселені кәсіпкер Ботагөз Жұманова көтерген-тін.
«Нарықтағы ақшаны сенімді сақтаудың ең қарапайым құралы – теңгедегі депозиттер. Кез келген адам қарапайым банк салымын ашып, орта есеппен 10 пайыздан көп жоғары табыс таба алады. Бұл – біздің зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға жауап беретін сарапшылардың үлкен командасының жеткен нәтижесінен кем дегенде 30% жоғары. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарушы болып табылатын Ұлттық банктің инвестициялық қабілеттерінен баяғыда-ақ көңілім қалып, түңілдім», – дейді Жұманова.
Мұндай ұсыныстарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қысқаша, құрғақ жауап берді: «БЖЗҚ өз қызметін Қазақстанның заңнамаларында айқындалған талаптарға қатаң сәйкестікте жүзеге асырады. Қолданыстағы заңнамада БЗТ-ны айтпағанда, зейнетақы жинақтарының, активтерінің басым бөлігін екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне аудару мүмкіндігі қарастырылмаған».
Демек, ел Парламенті заңнаманы өзгертіп, соған рұқсат етсе, жағдай өзгеруі мүмкін бе? Неғайбыл, өйткені мұндай бастамаларға Ұлттық банк қарсылық танытып келеді. Оның дәйектеуінше, ондаған триллион зейнетақы активтері жаппай банктердің депозиттеріне орналастырылса, айналымдағы ақша массасы еселеп артып, бұл инфляцияға серпін беруі, девальвацияға соқтыруы мүмкін екен.
БЖЗҚ жұмыскерлер мен жұмыс берушілер жиған 20 триллион теңгеге жуық жинаққа 2024 жылдың бірінші жартысында 1 трлн 209,1 млрд теңге таза инвестициялық кіріс қана қоса алды. Оның үлкен бір бөлігі теңгенің құнсыздануы нәтижесінде алынған. Өйткені активтердің бір бөлігі долларда сақтаулы.
«Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін құралдар, салалар және валюталар бойынша әртараптандыру есебінен 2024 жылғы қаңтар-маусым айларындағы жалпы кіріс оң нәтиже көрсетті. Инвестициялық қызметтің, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 2024 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 1,2 млрд теңге болды. Салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың басынан бері 1 шілдедегі жағдай бойынша – 6,59%», – деп хабарлады қор өкілдері.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда биылғы жартыжылдықта (маусым айында) жылдық инфляция 8,4% болды. Яғни, Ұлттық банк пен БЖЗҚ-ның инвестициялаудан тапқан кірістілігі инфляцияны да өтей алмады. Инфляция тоқтаусыз жеп қойып жатқандықтан, Үкімет қорды толтырудың түрлі жолын апыл-ғұпыл іздеп жатыр. Мысалы, алым-салықтың артуы салдарынан онсыз да шығынға батқан бизнестің қуатты қарсылығына қарамастан енгізілген «жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары» (ЖМЗЖ) – сол бағыттағы брейнштормингтің туындысы.
Енді Ұлттық банктің экс-төр-ағасы Григорий Марченко мен Қаржы экс-министрі Болат Жәмішев үш жылдан астам уақыттан бері халықты қуанышқа бөлеп келе жатқан Президенттің бастамасына – БЖЗҚ-дағы артылған зейнетақы активтерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ертерек алып қоюға тыйым салу бастамасын өткізді.
Қор биылғы жартыжылдықта зейнетақы активтері келесі құралдарға инвестицияланғанын хабарлады: 44,34%-ы – Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына, 9,91%-ы – квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына, 4,08%-ы – отандық екінші деңгейдегі банктерінің облигацияларына, 3,73%-ы – шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына, 1,89%-ы – Қазақстан Республикасы эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына, 1,73%-ы – микроқаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің 63,41%-ы – ұлттық валютада, тек 36,58%-ы – АҚШ долларында сақтаулы. Ендеше болашақ зейнеткерлердің жинақтары теңгемен бірге құнсызданып та жатыр.
Елдос СЕНБАЙ