Ақын, ойшыл дананың жазып кеткені аз емес. Абай шығарды деген әндер де баршылық. Әндерімен қоса күйлері де бар. Бүгінгі әңгімеміз Абайдың күйлерінің шығу тарихына қатысты болмақ.
Авторлығы Абайға телінетін бүгінде бес күй бар. Біріншісі – “Торжорға”. Күйді жеткізген Абай еліне танымал азамат Ғайса Сармурзин (1904-1987). “Абай” энциклопедиясында келесідей мәлімет бар: “Күйді Ғ.Сармурзин 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын аулында жылқышы әрі Абайға атқосшы болған кісі. Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Ақынның сүйікті ұлы Әбдірахман Верный (Алматы) қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында Ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады. Бұл жөнінде М. Әуезовтің «Абай жолы» романында тартымды суреттелген”.
Ғайса Сармурзин жеткізген тағы бір Абайдың күйі бар – “Май түні”. Бұл күй жайлы мәлімет тіпті аз. “Абай” энциклопедиясында қысқа ғана қайырады: “Бұл күйді 1923 жылы Ғ.Сармурзин Абайдың Ақылбайдан туған немересі Исрайылдан, ал Исрайыл Абайдың өзінен үйренген. Исрайылдың айтуынша, Абай бұл күйін жайлаудағы түнгі сауық-сайранда отырып шығарыпты”.
“Абай” энциклопедиясында хәкімнің күйі деген тағы бірді кездестіруге болады. «Желдірме» – Абайдың домбыраға арналған ән-күйі дей келе, музыкалық ырғақтық ерекшелігін жазған екен. Кейін күй жайлы мәлімет беріледі. "Күйді 1977 жылы музыкалық зерттеушісі Қайролла Түсіпұлы Жүзбасов Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауылында тұратын Демшінов Хамзадан таспаға жазып, нотаға түсірген. Бұл күй алғаш рет Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» деген ән-күй жинағына енгізілді”.
Абайдың “Майдақоңыр” күйі. Күйді жеткізген қазіргі Семей облысы Аякөз ауданында тұрған күйші Жүнісбай Стамбайұлы (1891-1973). Өткен ғасырдың ортасында, нақты айтсақ, 1967 жылы күйші Жүнісбайдың ауылына Алматыдан арнайы келген фольклорлық экспедиция мүшелері ондаған күйді жазып алған. Ішінде осы “Майдақоңыр” да болған екен. Күйдің аудиожазбасы Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық кабинеті мұрағатынан табылды.
Соңғы жылдары Абайдың “Ақтолқын” атты күйі де табылды. Күйші, өнертану РhD докторы Ардаби Мәулетұлы бұл күйді шерткен Тергеусіз Бәлекейұлы күйшінің баласы Қуанышбайдың аудиожазбасы сақталған дейді. Ал күйдің шығу тарихы жайлы 7-su.kz сайтында Қажет Андас "Шың Жияң" қоғамдық ғылымдар журналының 1995 жылғы №3 санынан жарияланды деп келесідей мәлімет береді. “ 1890 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Көктұма деген жерде үлкен съезд өтеді. Оған арғын, найман, керей және қызай руларының атқамінерлері қатысып, қордаланып қалған жер дауы, жесір дауы сияқты істерді қарайды. Съезбен қатар бәйге, балуан күрес, көкпар, қыз қуу, тағы да басқа ұлттық ойындар, ақындар айтысы, күй жарыстары ұйымдастырылады.
Осы съезге қызай руынан шыққан атақты Қоңқай күйші де (1836-1920) қатысады. Сол жолы күйшілер төрт күн бойы күй сайысына түсіп, бақ сынайды. Күй сайысына Абай, Шәкәрім бастаған қасқа-жайсаңдар төрелік етеді. Сайыстың төртінші күні Қоңқай күйші бас бармағы буынынан үзіліп кеткеніне қарамастан, Абайдың бір рет шертіп көрсеткен күйін басқа күйшілер нақышына келтіре алмағанда, төрт саусағымен тартып, елді таңғалдырып, нәтижесінде, бас бәйгені ұтып алады. Күйдің «Ақтолқын» деген атауы сол жолы қойылады.
Кейін бұл күйді Қоңқайдың шәкірті, қызайдан шыққан тағы бір дәулескер күйші Әшім Дөңшеұлы үйреніп, кейінге жалғастырады”.
Рүстем Нүркенов