Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады
531
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ербол Қарашөкеев Президентке өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді.

Осы ретте ол облыс экономикасы қарқынды өсіп келе жатқанына тоқталды.

  • құрылыс саласында 12,3 пайыз, байланыста 8,5 пайыз, көлік бағытында 7,4 пайыз, аграрлық секторда 4 пайыз өсім бар. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2,3 пайызға (311 мың шаршы метр) артқан;
  • негізгі капиталға 196,3 миллиард теңге тартылған. Өңірдің 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба бар. Бұл 6,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді;
  • жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр;
  • облыс экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жеткен. Бұл ретте шетелдік ірі компаниялармен келісім аясында жүзеге асып жатқан фосфор өнеркәсібінің рөлі айрықша;
  • бүгінде аймақ шаруалары егін жинау науқанына кірісіп кетті. Болжам бойынша биыл негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 миллион тоннаға жетеді.

Сондай-ақ ол өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде баяндады:

  • облыста 26 денсаулық сақтау, 41 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр;
  • биыл 452 медициналық жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарлануда;
  • жыл соңына дейін 19 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондай-ақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі;
  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылдың соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі;
  • республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар, арналар мен арықтар тазартылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылған.

Президент облыс әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.