Жақында Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігі мен «Ха­лықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Ас­та­на» қорының» ұйымдастыруымен Мәскеу төрінде Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер кеші өтті.
«Халық қаһарманы» Мәскеуде ұлықталды
2,427
оқылды

Елдік пен пат­рио­тизмге толы шараның басты мақсаты – «Халық қаһарманы», қа­зақ­тың аты аңызға айналған тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Дос­панованың ерлігін ұлықтау мен оған арналған әннің тұсау­кесері болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Сәуле Жанпейісованың «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер ке­­­шіне жиналған көрерменнің қарасы қа­лың болды. Олардың басым бөлігі – ке­зінде түрлі жағдаймен Ресейге қоныс ау­дарған, тағдыр талайымен сол жақта қал­ған қазақтар. Мәскеуде білім алып жүр­ген қазақстандық жастар да осы кеш­тің басы-қасынан табылды. Көрші ел­де тұрып жатқан қырғыз, өзбек, татар, қа­рақалпақ секілді өзге ұлт өкілі де атал­ған концертті тапжылмай, ұйып тыңда­ды.

Сахна шымылдығын Жұмекен Нә­жі­меденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қал­даяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әні­мен ашқан Сәуле Стаханшылқызы осы­нау кештің маңызы ерекше екеніне тоқ­талды:

– Біз бейбіт күнді мәңгілікке қаны­мен, жанымен сыйлап кеткен, жеңіс кү­нін жақындатқан, қаратүнек фашизм­ге қарсы жан аямай күрескен әрбір жа­уын­­герге қарыздармыз. Мәскеу төрін­де­гі бүгінгі кеш – сол батыр бабалары­мыз­ға арналған тағзым кеші болмақ, – де­ді әнші, композитор.

Бұдан соң экраннан көрермендерге «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанова туралы шағын бейнефильм көрсетіліп, даңқты ұшқыштың құрметіне арналған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әнінің тұсауы кесілді. Осы әннің сөзін жазған Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері, ақын Нұрсұлтан Мықтыбай кешке ар­найы қатысып қана қоймай, аталған кеш­тің тізгінін ұстады. Әнді Хиуаз Қайыр­қызының жерлесі әрі ком­по­зи­тордың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті, Абай атындағы мемле­кет­тік опера және балет театрының со­лисі Шыңғыс Нұрғалиұлы орындады.

– Қан майданда жаумен алысып, та­лай мәрте өлім аузынан аман қалған Хиуаз апамызға арналған ән осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық мерейтойына орай шыққан болатын. Бірақ халыққа ұсынудың сәті бүгін түсіп отыр, – деді Қа­­зақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері.

Жезтаңдай әнші аталған кеште ха­лық әндері, Абай, Мұхит, Ғарифолла шы­ғармаларынан бөлек, Пушкин мен Есе­ниннің «Татьянаның хаты», «Он­е­гин­нің өлердегі сөзі», «Қара шәлі» се­кіл­­ді өзі әнін жазған атақты туын­ды­лар­ды орындап, орыс, қырғыз, ноғай тіл­де­рінде ән шырқады. Мәскеулік көрер­мен­дер «Жан әке», «Фариза – жыр биік», «Көк нөсер», «Тұғыр» секілді ав­тор­лық әндерін жылы қабылдап, қо­шемет танытты. Сондай-ақ Ресейде тұра­тын Қазақстанның еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері Татьяна Полтавс­кая, сазгердің шәкірті Шыңғыс Нұрға­ли­ұлы, көрші мемлекетте тұратын және білім алып жатқан Гүлнар Құспақова, Гүлбану Мұратова, Динара Сейтешева, Гүлсәуле Үділбекова, Ақбермет Айна­құлова, Гүлжанар Бимұғамбетова, Еркін Сая­жан, Асхат Оралбеков, Абзал Тас­тан­бек, Айжамал Асқарова өнер көр­се­тіп, ән мен биден шашу шашты.

Мәскеуде басталған шара артынша «Халық қаһарманының» кіндік қаны тамған туған жерінде жалғасты. Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылының мәдениет үйінде қа­зақ­тың қанатты қызына арналған Нұр­сұлтан Мықтыбайдың сөзіне жазылған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әні орындалған сәтте зал толы көрермен орын­дарынан тік тұрып, ыстық ықылас­тарын білдірді. Осылайша, бұл жаңа туын­ды Мәскеуден кейін батыр ана­мыз­дың туған жерінде орындалды.

Айдын ӘБДІХАЛЫҚ