Бүгінде суши біздің елде де сұранысқа ие тағамға айналды. Алайда шикі балық қосылған тамақты жеу қаншалықты қауіпсіз? Гастроэнтеролог Дарья Утюмова сушидің зияны жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
"Известия" басылымының мәліметінше , шикі балық қосылған тағамды жеу арқылы ішек құрттарын жұқтырып алу қаупі бар. Сушиге қолданылатын теңіз балығында кей паразиттердің құрттары болуы мүмкін. Бірақ оларды жұқтырып алу қаупі аса жоғары емес.
"Сушилерді дайындау кезінде қолданылатын балық пен теңіз өнімдері негізінен арнайы контейнерлерде өсіріледі. Әдетте паразиттер оның ішіне кіре алмайды. Алайда шикізатты сақтау мен дайындау процестерін бұзатын өндірушілер жайлы да ұмытпау керек", - деді Утюмова.
Тұздалған немесе қақталған балықтан жасалған тағамдар қауіпсіз болып келеді. Сондай-ақ шикізат қатты мұздатылған болса, ішек құрттары өліп қалады.
"Егер балық -18 градус температурада кем дегенде жеті күн немесе, мысалы, -35 градус температурада кем дегенде 15 сағат сақталса, паразиттерді жұқтыру тұрғысынан ол қауіп төндірмейтіні туралы айтуға болады", - деді ол.
Суши жеуді қауіпсіз ету үшін онымен бірге васаби ұсынылады. Маманның айтуынша, ол шынымен де паразит құрттарын өлтіре алады. Алайда ол үшін васаби дұрыс дайындалған болуы керек. Сол секілді сушимен бірге берілетін зімбір де пайдалы. Оның құрамындағы белсенді заттар да бактериялар мен паразиттерді жоя алады. Сондай-ақ зімбір асқорытуға қатысады және ағзаға антиоксидантты әсер береді.
"Гельминттерді жұқтыру қаупіне байланысты 12 жасқа дейінгі балаларға суши жеуге кеңес берілмейді", - деді гастроэнтеролог.
Жалпы, кез келген нәрседен құрт инфекциясы жұғу қаупінің алдын алу үшін гигиенаны сақтау керек: қолды жиі жуу, жемістерді, жидектер мен көкөністерді мұқият тазарту, ет пен балықты дұрыс пісіру керек.