Несиенің жылдық мөлшерлемесі ең төмен елдердің дені – дамыған мемлекеттер.
Әлем елдерінде несие қанша пайызбен беріледі?
3,426
оқылды

Бүгінде банктен өсімақымен несие алу – үйреншікті құбылыс. Тіпті, алпауыт Американың өзінде халық несиеге өмір сүруге әбден үйреніп алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Аргентинада да дәл солай. Ел арасында банктен қарыз алу қарқыны үдеп кеткен. Бірақ көбі қарызын қайтара алмай қиналады. Оған ең алдымен инфляция себеп.

АҚШ-та несие басты мәселенің біріне айналғалы қашан. Алпауыт мемлекет несие карталары бойынша берешегі өте көп елдің бірі саналады. Әсіресе, 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар арасында қарыз алушылар көп. Жұрт несиені жарыса алғанымен, мерзімінде қайтармайтын көрінеді. Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің соңғы есебіне сәйкес, бүгінде тұрғындардың берешегі 1,12 триллион доллардан асады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайға жалақының аздығы мен күнкөрістің қымбатшылығы түрткі.

Аргентинада да жағдай осыған ұқсас. Коммерциялық банктер ұсынған жылдық пайыздық мөлшерлеме орташа есеппен 26-28 пайызды  құрайды. Ал елдегі инфляция деңгейі болса шарықтап тұр. Шілде айында ол 263 пайызды құрады. Сондықтан тұрғындар банктен қарыз алғанымен, кейін оны қайтару кезінде кәдімгідей қиналады. Несиеге пәтер сатып алмақ былай тұрсын, оны жалға алудың өзі қалтаға салмақ түсіреді.

Ипотекалық несиені жоғары мөлшерлемемен беретін тағы бір ел – Венесуэла. Бұл мемлекеттің азаматтары оны 20-22 пайызбен рәсімдейді. Демек, несиені 10 жылға алар болса, 150 пайыз артық төлем жасайды. Мөлшерлеменің мұндай болуына Венесуэланың экономикалық тұрақсыздығы себеп.

Жалпы, несиенің жылдық мөлшерлемесі ең төмен елдер тізіміне келсек, олардың дені – дамыған мемлекеттер. Атап айтсақ, Еуропалық Орталық банктің негізгі мөлшерлемесінің деңгейі 3 пайыздан сәл жоғары. Сәйкесінше, тұтынушылық һәм ипотекалық несиенің пайызы да аз. Мәселен, Финляндияда тұрғын үй несиесінің жылдық пайызы 1,5 шамасында. Нәтижесінде, азаматтар 50 жыл ішінде ипотека бойынша қарызын 28 пайызға ғана артық төлейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.