Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері маймыл шешегіне қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
ДДСҰ мәліметінше, маймыл шешегінен пандемиядағыдай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ олар бұл дертке қарсы тиімді күрес жүргізуге болатынын айтады.
— Маймыл шешегі – коронавирустың жаңа түрі емес. Біз бұл аурудың тез таралуына жол бермеу үшін қандай шаралар қабылдау керектігін жақсы білеміз. Бірақ қауіпті толықтай жою үшін ресурс жетпей қалды, – деді ДДСҰ Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге.
Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегіне байланысты жаһандық деңгейде төтенше жағдай жариялаған еді. Ол Африкада тез тарап жатыр. Жаңа штамм Қара құрлықтың 20-ға жуық елінде расталған. Әсіресе Конго Демократиялық Республикасындағы жағдай қиын. Мұнда 16 мыңнан аса науқас анықталды. Солардың 500-і көз жұмған. Нигерияда қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды.
Африкадан бөлек жаңа штамм Швецияда да тіркелді. Сондай-ақ індет Испанияда тез тарап жатыр.
Еуропадан бөлек Австралияда, Пәкістан мен Филиппинде де ауру жұқтыру деректері расталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.