Тамыз айының орта шенін ала басталатын жиынның көтерген жүгі ауыр. Саладағы түрлі тақырып қамтылуы және өткен оқу жылы қорытындылануы керек, алдағы оқу жылына жоспар құру мәселесі тағы бар дегендей... Республикамыздың әр аймағында апта бойы жеке-жеке талқыланған тақырыпты арқалап алыстан ат арытып келген топ Астанада алқа қотан жиылып тағы да кеңеседі, ақылдасады.
Дегенмен жыл сайын қайталанатын жиын еліміздің білім саласына қандай жаңашылдық енгізе алды? Биылғы басқосудың ерекшелігі қандай? Саладағы мәселелерді талқылау үшін республиканың түкпір-түкпірінен мамандарды елордаға жинаудың маңызы бар ма? Осы сұрақтарды жылдар бойы салада еңбек етіп келе жатқан мамандарға қойған едік.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Парламент Сенатының депутаты:
– Биыл тамыз конференциясы жаңа дәрежеге көтерілуде. Яғни, жоғары деңгейдегі ой талқысын жасайтын, болашаққа жоспар құрып, бағдар ұстайтын еркін пікір алмасу алаңына мүмкіндік туып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің бұл бастамасына ерекше қолдау білдіруіміз керек. Жаһандану мен ақпараттандыру заманында әлемдік озық жетістіктер мен тәжірибелерді білім сапасын арттыру мақсатында қолдану мен енгізуден қорықпауымыз қажет. Себебі бүгінгі жас өрендердің ойлау қабілеті сізбен біздей емес, цифрландырудың кез келген түрін емін-еркін қолданып кете алады.
Саммиттің тақырыбына назар аударсақ, «Digital Kazakstan: заманауи білім беру». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді» деп атап өткен болатын.
Цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ең алдымен, сапалы контент жасау, дербестендірілген оқыту мен бағалау үшін жағдайлар жасауға, әрбір білім алушының, педагогтің және білім беру ұйымының қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге бағытталады. Сондай-ақ жасанды интеллект деректерді талдау және болжау негізінде білім беру ұйымдарын тиімді басқару үшін қолданылатын болады.
Сондықтан білім беру саласын цифрлық трансформациялау арқылы сапаға қолжетімділікті арттыру, оның ішінде оқыту әдістерін жаңа технологияларға бейімдеу қажет. Жасанды интеллект адамзат тарихындағы жаңа тарауды және сын-қатерлер мен тәуекелдерді шешу жолдарын ашады. Өйткені жасанды интеллект бізбен бірге. Бұл жаңа қуат көзі және әлемді өзгерте алатын қауқары бар. Қалай десек те, білімді цифрландыру – уақыт талабы. Биылғы кеңесте Қызылорда облысында таныстырылған инновациялық технологиялар жақын арада біздің білім беру саласына қарқынды түрде енгізіле бастайды. Басты жаңашылдық жасанды интеллектінің педагог қызметі мен басқару жүйесін алмастыруға араласуы болады деп білемін. Ол, әрине алдағы уақыттың еншісінде.
Біз кез келген тұста тек экономикалық жағынан тиімділікті ойлап тұрамыз. Делегаттардың конференцияға келіп-кету уақыты, іс-сапар шығыны, ұйымдастыру шараларына бөлінген қаржыны есептеп кетеміз. Жалпы, білім саласында енгізіліп жатқан жаңашылдықтар мен өзгешеліктен бірден нәтиже күту дұрыс емес. Әрбір бастаманың нәтижесін бірнеше жылдан кейін немесе оншақты жылдан кейін де көруіміз мүмкін. Бір ғана мысал келтіре кетейін. «Педагогтер мәртебесі» туралы заң қабылданып, педагогтерге ерекше қолдау білдіріп, айлықтары екі есеге өсті, жұмыс уақыты мен апталық жүктемесі азайтылды. Осы себептен педагогикалық мамандыққа түсушілер саны еселеп артты, мемлекеттік грант конкурсына қатысудың шекті балы – 75-ке ұлғайтылды. Соңғы кезде байқалып жүрген жақсы үрдіс мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлектердің осы педагогикалық мамандықтарды таңдауы мені ерекше қуантады. Бұл дегеніңіз– педагогтердің сапалық құрамының жоғары болатындығының дәлелі. Жақсы ұстаздан тәлім алған шәкірттің жаман болмайтындығы белгілі. Жаңашылдықтар мен өзгерістерге бастау болатын тың идеялардың туындауына себепші болатын конференциялардың ұйымдастырылуына осы себептен де қолдау білдіргенімізді жөн деп санаймын.
Саммит жұмысына барлық өңірден мыңға жуық білім саласының мамандары жиналды. Маңызды басқосу келелі кеңес болды деп толық сеніммен айта аламын. «Жүз рет естігенше, бір рет көр!» дегендей елордаға келіп, білім саласының жетістіктерімен танысу, әріптестермен пікір алмасу педагогтер қауымы үшін ерекше мереке саналады. Өзім де педагог ретінде бұған дейін өткізілген тамыз кеңестеріне бірнеше рет қатыстым. Алдағы уақытта ұйымдастыру және өткізу форматын бұдан әрі жетілдіріп, жаңашылдықтардың жаршысына айналатын кеңес болсын деген тілегімді білдіремін.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Биыл тамыз конференциясы «Dgital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбымен, ал форматы педагогтердің республикалық тамыз саммиті ретінде өтті. Саммит кезінде халықаралық деңгейде қонақтар жиналады, тәжірибе алмасу жүзеге асырылады және ең маңыздысы шешімдер қабылданады. Егер кеңесті саммит деңгейінде өткізетін болса, саммит деп атауын өзгертудегі себебі не екенін білгім келеді. Өйткені тамыз кеңесі, тамыз конференциясы бұрыннан дәстүрлі, заңды құжаттары бар оны өткізуге себеп пен негіз бар. Ал биыл кеңесті саммит деп өткізудің негіздемесі не екені ойландырды. Декларация қабылданды ма, әлде білімнің мазмұнын өзгертуге байланысты шешімдер қабылданды ма? Екінші, digital деген атына сай жасанды интеллектіге қолжетімділікпен қатар, 7 500 мектеп бір кезеңде интернетке қосылып саммитті бір мезетте көре алды ма? Атауына және биылғы өтетін формасына байланысты осы сұрақтар қызық болды. Үшінші, информатика пәнінің оқу бағдарламасын Зияткерлік мектептердегі информатика және жалпы мектептердегі информатика пәндерінің айырмашылығын талдайтын болсам, жалпы білім беретін мектептерде информатика пәнінде ескі бағдарламалық тілдер қарастырылған жаңартулар аз. Информатика аптасына 1-2 рет қана. Мысалы, 5-сыныпта «Графикалық редакторлар» тарауында Paint.net, Photobrush сияқты ескі бағдарламаларды ұсынған. 6-сыныпта: Python бағдарламалау тілі – «Сызықтық алгоритм»–3 тоқсан, 4-тоқсанда басқа тақырып өтеді. Дәл сол секілді 7-сыныпта: Python бағдарламалау тілі – «Тармақталған алгоритм»-3 тоқсан, 4-тоқсан басқа тақырыпқа өтіп кетеді. 8-сыныпта: Python бағдарламалау тілі – «Циклдік алгоритм»–3 тоқсан. Тиімсіздігі: оқушылар 1 тарау бойынша жүйелі білім алмайды, оның үстіне практикалық сабақ аптасына 1 рет жүретін 45 минуттық сабақта өте аз бала түсініп, меңгеріп, оқыған теориялық материалды практикада қолдануға үлгермейді. Тағы қосымша тиімсіздігі қазіргі еңбек нарығы Adob Photoshop, CorelDraw секілді жаңа бағдарламаларды талап етеді. Яғни, информатикадан алатын білім контенті еңбек нарығының сұранысына сай емес.
Егер Зияткерлік мектептермен салыстыратын болсақ, Зияткерлік мектептерде бағдарламалық тілге қатысты оқу бағдарламасының мазмұны үздіксіз жаңартылып отырады. Информатика аптасына 3-5 рет. 8-сыныптан бастап C++ бағдарламалау тілі: сызықтық, тармақталған, циклдік алгоритмдерді қолданады. Оқу бағдарламасы оқушылардың технологиялық, цифрлық (модельдеу, бағдарламалау, симуляциялау, және т.б.) дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Бұл ерекшеліктерді жазда өңірлерді аралағанда информатика пәндерінің ұстаздарымен, университеттегі оқытушыларымен арнайы кездесіп, пікір алмасқан кезде байқадым. Сол негізде талдау әзірленді. Биылғы digital тамыз саммитінде бәлкім информатика пәнінің мазмұнына байланысты шешімдер қабылданса деген ұсынысым болды.
Жақында бастауыш сынып оқушылары арасында өтетін «Алтын сақа» олимпиадасының марапаттау шарасына бардым. Шынын айту керек, бастауыш сыныптар арасында пәндік олимпиада өте аз. Мәселен, «Алтын сақа» олимпиадасы республикалық олимпиадалар тізіміне енгізілмеген. Менің ойымша, Оқу-ағарту министрлігі осындай методикалық шешімін таппаған мәселелерді аяғына дейін жеткізсе... Сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдерінің айтуынша, жүктеме өте көп, аттестациядан өтуде кедергілер бар. Сәйкесінше, бастауыш сынып мұғалімдерінің мәртебесі төмен. Сондықтан оларға жаңаша көзқарас қажет. Бүгінгі балаларды оқытудың қиындығын ескере отырып, бастауыш сыныптарына жаңаша медодика, жаңаша модель қалыптасса деген өтініш бар.
Білім – баршамызға ортақ құндылық. Білім саласының жанашырымыз бәрібір саладағы мәселені көтеріп, шешілуіне атсалыса береміз. Кез келген елдің дамуының негізгі көрсеткіші – білім, білім дамуының негізгі көрсеткіші – ұстаздың біліктілік сапасы, сәйкесінше оқушының білім сапасы, оқушының білім сапасы – ертеңгі еңбек нарығының сапасы, ал еңбек нарығының сапасы – кез келген экономиканың бәсекеге қабілетті болуы. Формальды, ауқымды форумды өткізгеннің артында осы мәселеге көңіл бөлу қажет деп санаймын. Биылғы кеңесте жалпы PISA-ға байланысты қол жеткізген нәтижені сақтап қалуға және арттыра түсуге арнайы шаралар жоспары қабылданып, барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы қажет еді деп санаймын. PISA зерттеулерінің нәтижелерін Оқу-ағарту министрлігі толығымен талдап, сараптама нәтижесінде «қатемен жұмыс» нақты әдістемелік ұсыныстарды әзірлеп, оны педагогтеріміз әрі қарай жұмыстарында пайдалануы өзекті.
Жалпы, білім саласындағы сапаны Оқу-ағарту министрлігі көтеруге міндетті. Соңғы бес жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы реформалары, оның ішінде педагог мәртебесін арттыру, педагогтердің жалақысын өсіру және педагог мамандығының еңбек нарығындағы тартымдылығын арттыруға байланысты реформалары сәтті жүзеге асты осы реформаларды, оның ішінде ұстаздың біліктілігі мен еңбегі оқушының білім сапасына ұласуы аяғына дейін жеткізіліп, сыныпта отырған үшке оқитын бала мен беске оқитын баланың білім сапасындағы алшақтықты азайтуға ден қою қажет. Мектептегі жай ұстаз бен шебер ұстаз арасындағы білім беру методикасындағы біліктілік пен сапа алшақтығын азайту керек.
Жасанды интеллекет біздің өмірімізге етене енді, осы жасанды интеллектімен бәсекеге түсетін адам капиталын одан әрі дамытуға назар аудару қажет. Балалардың тәрбиесі, тәртібі басым бағытта талқылануы керек. Біз қай жерден бала тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық? Бұл сұрақтың жауабын ата-ана, отбасы тәрбиесінен зерделеу өзекті. Ендігі білімнің бағыты, дамуы қалай болады және білімнің, мұғалімнің сапасына қалай қол жеткізуге болады. Осы қадау-қадау мәселелер үнемі талқылана беруі қажет деп санаймын.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
Республикалық «ҚазБілім» орталығының директоры:
– Биыл 1 қыркүйекте елімізде оқушы саны тұңғыш рет 4 миллионға шығады. Бұдан тыс балабақша балалары мен колледж студенттері бар. Бәрінің тағдырына тіке қатысты осы жиынның биылғы жаңалығы не деп қарап отырмын.
«Күлтөбенің басында күнде жиын» дейді ғой. Мұндай жиналыстардың дұрыс өтсе, дұрыс ұйымдастырылса пайдалы жақтары көп. Алдағы жылға үлкен жоспар құру, оқу жылын бекіту сияқты басқа да маңызды дүниелер бар. Бірақ ондай деңгейде ұйымдастыру болмағаннан кейін ештеңе айта алмаймын. Жүздеген маманды, адамды жинағанның пайдасы жоқ. Себебі қазіргі министрлік құрамы өте әлсіз. Істен сөзі көп. Бір жарым жылдың ішінде шашырап кетті. Сондықтан шашырап кеткен жүйесіз тірліктен ештеңе күтпеймін. Жиналыстың сапасы болмағаннан кейін қазіргі жиналыстардың көбі өтті деген атақ және ақша жеудің айналасындағы әңгіме.
Мәселен, білім беру бағдарламалары мен оқулықтар әр төрт жылда бір жаңарып отыру қажет. Бірақ қолданыстағы оқулықтардың алдына 8 жыл болды. Сапасы сын көтермейді. Сапасы сын көтермейтінін кезіндегі министрліктің өзі де мойындаған еді.
Айтпақшы, биылғы тамыз кеңесінің тақырыбы «Digital Kazakstan: заманауи білім беру» екен. Осы тұста информатика пәнінің 8 жыл бұрынғы бағдарламасы бүгін де қаншалықты актуалды деген сұрақ ойлантады. Себебі, жасанды интеллект әлемінің дамуының өзі бұл салада біраз нәрсені өзгертті. Бұрынғы бағдарламалар қолданыстан шығып, қаншама мобильді қосымшалар орнығып жатыр. Мектептегі бағдарлама бір жақта, тамыз кеңесіндегі әңгіме бір жақта болып жатқан жоқ па?
Жандос ЗҰЛПЫХАР,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ,
Информатика кафедрасының меңгерушісі,
п.ғ.к., қауымдастырылған профессор:
– Конференциясын онлайн өткізуге де болады. Мүмкін қаржы жағынан арзанға түсер бірақ тиімділігі аздау. Жалпы мамандарды тамызда ғана емес, онлайн кеңеске үнемі жинап отыруға болады. Ал бетпе-бет кездесіп, үлкен кеңес өткізудің маңызы бөлек.
Биыл Астанада өткен жиында Президент тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект тақырыбы бойынша баяндамалар жасалды. Оны оқу процесіне қолдану туралы ұсыныстар айтылды. Құқықтық жағы бойынша да көптеген пікір талқыланды. Мәселен, цифрлық құзыреттілік пен цифрлық технологияларды білім саласында, оқу процесінде қолданып, оқушыларға дұрыс үйрете білсе, білім сапасы артпаса, кемімейді деп ойлаймын. Дегенмен нәтижеге қол жеткізу үшін уақыт керек болады.
Өмір ШЫНЫБЕК,
Тарих пәнінің мұғалімі:
– Тамыз кеңесі деген Кеңес заманынан қалған «дежурный» жиындардың бірі ғой. Өз басым Тамыз кеңестері білім саласының дамуына тың серпін береді деп ойламаймын. Мұндай кеңестер пайдалы болса, білім саласынан жыл сайын миллиардтаған қаржы ұрланбас еді ғой. Сондықтан білімді басқару жүйесін өзгертпей бәрі бекер. Мұндағы басты парадокс – Білім басқармалары басшыларын өңір әкімі тағайындайды. Ал әкім тағайындаған басқарма басшыларына бағынышты педагогтар орындауға міндетті бұйрықтарды Оқу-ағарту министрлігі шығарады.
Тамара ЖҰҚАБАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
PhD қауымдастырылған профессор:
– Астана қаласындағы тамыз оқуындағы «Digital Kazakhstan: білім беру жаңа шындықта» конференциясы білім беру жүйесінің цифрлық дәуірдегі дамуын талқылау үшін ерекше маңызды шара болды. Алуан түрлі білім беру мамандары, ғалымдар, зерттеушілер және технология мамандарын жиналып, білімнің болашағы туралы пікірталас жүргізіп, зерттеу мен инновацияларды талқылады. Конференция барысында білім беру саласындағы цифрландыру мен білім беру процесін жаңа шындыққа бейімдеуге арналған бірқатар жаңашыл идея мен шешім ұсынылды. Алғашқы сессия білім беруді басқару мен цифрлық трансформацияға арналды. Жасанды интеллект және цифрлық этика сессиясы маңызды тақырыптарды қозғады. Жасанды интеллект білім беру саласында қолданылуы кезінде туындайтын этикалық мәселелер мен деректерді қорғау мәселелері және оқу процесін жеке тұлғаға бейімдеу мүмкіндіктері, білім беру нәтижелерін жақсарту жолдары зерттелді. Цифрлық дәуірдегі білім беру жүйесінің даму жолдары мен трансформациясы сессиясы қазіргі технологияларды білім беру жүйесіне енгізу мәселелеріне назар аударды. Инклюзивті білім беру мен жасанды интеллект қолдану тақырыбында сессияда цифрлық технологиялардың инклюзивті білім беруді жетілдірудегі рөлі талқыланды. Конференция аясында бірнеше шеберлік сабақтар (workshops) болды.
Конференция білім саласындағы қазіргі трендтер мен болашақ бағыттарға назар аударады мысалы, цифрлық трансформация, жасанды интеллект интеграциясы және жеке оқыту әдістері. Білім беру процесін дамыту мен жақсартуға бағытталған үлкен өзгерістер мен жаңа идеялар катализаторы болып табылады. Бұл – білім беру бастамалары мен реформаларына қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Конференция аясында болатын шеберлік сабақтар (workshops) мен оқыту сессияларынан аймақтан келген педагогтер тиімді оқыту стратегиялары мен білім саласындағы жаңалықтарға қанық болады. Семинарлар, сессиялар және басты баяндамалар арқылы кәсіби дамуға мүмкіндік алады. Мамандар өз өңірлерінде тиімді болған стратегиялармен, тәсілдермен бөлісе алады. Бұл мұғалімдерге білім саласындағы соңғы жетістіктер туралы ақпарат алуға және әртүрлі аймақта білім сапасын жақсартуға, бір-бірімізден үйренуге көмектеседі.
P.S.
Қалай десек те, еліміздің білім саласындағы сапаны көтеру алдымен Оқу-ағарту министрлігінің міндеті екені даусыз. Ұрпақтың тәрбиелі және білімді болуы үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалуы керек. Сонда ғана елім дейтін бала өсіп-жетіледі және елге қызмет ететін сана да, мінез де қалыптасады деп ойлаймыз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ