Мемлекет басшысының сөзінше, вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Бұл қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылданып, арнайы заң да шықты. Бірақ вейп қолданатындар әлі де бар.
Алматыда 10 мыңнан астам вейп тәркіленген
Қазір әлем нарығында 30-дан астам мемлекет темекі түрлерін саудалауға заң жүзінде тыйым салған. Дегенмен елімізде вейп айналымына шектеу қоятын ресми құжат қабылданса да, көздегенін іске асырып, зиянды вейпті емін-еркін саудалап жүргендер табылады. Мәселен, биыл Алматы қаласында бір айдың ішінде 10 мыңнан астам вейп тәркіленген. Қазір құзырлы органдар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде заң негізінде шектеу қойылған өнімдердің таралуына және тұтынушыларға сатылуына жол бермес үшін бақылау орнатылғанын жеткізді. «Киберпол» қызметкерлері электронды темекіні заңсыз сатумен айналысқан бес адамды ұстады. Аталған жағдайға қатысты Алматы қалалық ПД криминалдық Полиция басқармасы қылмыстық із қозғалғанын мәлімдеді.
– Заңсыз айналымнан әртүрлі өндірушінің 10 мыңнан астам бірреттік электронды темекілері тәркіленді. Әрбір жағдай бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сатушылар мен осы өнімдерді жеткізумен айналысқан тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1- бабы бойынша темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды өткізгені және таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Мақсат Қанапяев.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы «Қазақстанның балалары мен жасөспірімдерінің денсаулығын, әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» зерттеуінің нәтижесінде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8 пайызы вейпті жиі тұтынатыны белгілі болған. Сондай-ақ зерттеу қорытындысы бірнеше жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өсу байқалғанын көрсетіп отыр.
Бүгінге дейін түйіні тарқамаған мәселенің қоғамдық талқыға салынып, көптің ұлт болашағына алаңдаушылығын туғызуының арқасында көп ұзамай Қазақстанда вейп қолдануға ресми түрде тыйым салынды. Сан мәрте талқыға түскен заң негізінде енді вейп сату арқылы саудасын қыздырып, қалтасын қампайтқандар жазаланады.
Қауіпті бәлекетке ұрынуға себепші – орта
Алматылық Айсұлу Жәнібекқызы жастардың вейпке құмартып, үлкен кеселге ұрынуына ықпал ететін – адамның өз ортасы екенін атап өтті. Кейіпкеріміздің айтуынша, оның өмірінде де электронды темекінің дәмін татып көруге шақырған адамдар кездескен.
– Қазір электронды темекіні көшеде кем дегенде екі жастың қолынан көретініміз анық. Өзіміздің дос-жарандарымыз, құрдастарымыз оның зиян екенін білмей, қалыпты жағдайда тұтынуды әдетке айналдырған. Өкініштісі, біздің өзіміз де бұл қауіпті құбылысқа үйреніп бара жатқан сыңайлымыз. Сіз өзіңізге таныс емес заттың дәмін татып, қолмен ұстап көрмесеңіз, оған тәуелділік пайда болмайды. Оның дәмін татуға итермелейтін маңызды фактор – орта. Өз басымнан мұндай жағдай өтті. Былтыр танысым маған вейп шегуді ұсынды. Бірақ мен ұсынысынан бас тарқан кезде «Саған вейпті өзім сатып алып берейін, дәмін байқап көрсеңші. Бағасы да аса қымбат емес» деді. Сол уақытта вейп орташа бағада 2 500-3 000 теңгеден басталады екен. Мен саналы түрде бас тарттым. Айтайын дегенім, жасөспірім кез келгеннің айдауына көніп, темекіні шегіп көрместен бұрын өзін-өзі ақпаратпен қамтамасыз етсе екен деймін, – дейді А. Жәнібекқызы.
Онымен қоса, Айсұлу таяуда пойызда өз көзімен көрген тағы бір оқиғаны айтты. Оның сөзінше, діттеген жеріне кетіп бара жатқан жолаушылардың арасында бір жігіт вейп шексе, қасындағы достары қолындағы вейпті кезекпен пайдаланған. Ал денсаулық сақтау саласындағы мамандар бір вейпті бірнеше адамның қолдануы туберкулез, гепатит және тағы басқа аурулардың таралуына себеп болатынын айтады.
4 мыңға жуық азамат өкпе қатерлі ісігіне шалдығады
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, өкпе қатерлі ісігінің пайда болуына электронды шылымды пайдаланудың әсері мол. Елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық азамат өкпе қатерлі ісігіне шалдығады. Жастар бұл кесапатқа неге үйір? Вейп адам өмірі үшін қаншалықты қауіпті? Оның құрамында қандай зиянды заттар бар? Осы және өзге де сауалдарымызды дәрігер-терапевт, диетолог, герантолог Әсемгүл Саятқызына қойып көрген едік.
– Хош иістендіргіштер мен ауыр металдар ішкі секреция бездеріне канцерогендік әсер етеді. Бұл – өсу, даму, көбею, бейімделу және мінез-құлық процестерін қамтамасыз ететін жоғары биологиялық белсенділігі бар гормондар. Вейп, әсіресе жасөспірімдік шақта, дене әлі өсіп келе жатқанда және мұндай стреске тап болмаған кезде қауіпті. Мен үнемі науқастарға вейптен бас тартуды ұсынамын. Егер науқаста қант диабеті болса, вейпинг жүйесін пайдалану – аурудың неғұрлым ауыр ағымының қосымша факторына айналады. Электронды темекіні немесе вейпті шегу кезінде бөлінетін будың құрамында қауіпті заттардың 30-дан астам түрі болады. Мысалы, пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды, іріңді процестерді, сондай-ақ бауыр мен бүйректің бұзылуын тудырады. Пропиленгликоль мен глицериннің термиялық ыдырауы кезінде тыныс алу мүшелері мен орталық жүйке жүйесі зақымдалып, мутагендік процестер дамиды, – дейді маман.
Электронды темекідегі аэрозоль қауіпті
Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары тәтті дәмі мен хош иісі арқылы жасөспірімдердің қызығушылығын оятатын вейптен уытты заттар бөлінетініне көз жеткізген. Әсемгүл Байкенова вейпті жиі тұтыну бауыр мен бүйрекке, жүйке жүйесіне орасан залал келтіретінін негізге алды.
– Вейпті жиі қолданудың нәтижесінде тәуелділік қаупі артады. Алкогольге деген қызығушылық жоғарылайды. Хош иістендіргіштер де аллергиялық реакцияларды тудырады, соның ішінде бронх демікпесінің дамуы. Электронды темекілердің аэрозольдары қауіпті, себебі олардың құрамында металдар, әсіресе никель мен қорғасын бар. Олар жүйке, тыныс алу, эндокриндік, ас қорыту, жүрек-тамыр және экскреторлық жүйелерді зақымдайды. Вейптің құрамында никотин болмаса да оларды темекі өнімдерімен теңестіруді және қоғамдық орындарда насихаттауға және пайдалануға тыйым салуды заңмен бекіту – ұлт денсаулығын жақсартуға бағытталған ақылға қонымды қадам екені сөзсіз, – дейді дәрігер-терапевт Ә. Байкенова.
Біз көтеріп отырған мәселе Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр қиырында орналасқан өзге мемлекеттерде де өзекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіш заттарды қолданып қана қоймай, оның ашық түрде жүргізілетін жарнамасына да тыйым салыну қажет дейді. Мамандар вейпті «темекі тастауға көмектеседі» деген пікірдің ғылыми тұрғыда шындыққа сәйкес келмейтінін, тіпті осы күнге дейін еш жерде дәлелденбегенін айтып жоққа шығарады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы