Астана қалалық ҚАЖД-ға қарасты қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінің қызметкерлері сотталушыға ұзақ мерзімді кездесуге келген әйелдің неке қию туралы куәлігі жалған екенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесуге барған әйелдің құжаты мекеме қызметкерлерінің күмәнін тудырған. Ақмола облысы Аршалы кентінің АХАТ қызметкерлері бұл күмәнді растады. Яғни тіркеу журналында неке қию туралы куәлік болмады.
Қазіргі уақытта Ақмола облысы ПД Аршалы аудандық полициясы ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Әйелге 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынады.
– ҚАЖ қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес ұзақ кездесулерге сотталғанның жақын туыстарына рұқсат беріледі, онда туыстық байланыстар тиісті құжаттармен расталады, – деп нақтылады елордалық ҚАЖД бастығының орынбасары Ирсали Ахмедов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.