Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жұртшылықты күзде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын лайықты түрде өткізуге шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Актриса алдымен балалық шағындағы естелігін айтып өтті.
"Қонақ келе жатыр, үй жинаңдар! Бала күнімнен білетінім, үйге қонақ келерде айналаны айнадай қылып, жалтыратып қоятынбыз. Анам арнайы ыдысын шығарып, дастарқанға бар тәттісін үйіп-төгетін. Бәріміздің үстімізге әдемі киім кигізіп, шашымызды тас қылып өріп қоятын. Келген қонаққа біздің тек жетістігімізді баяндап, реті келсе жаттаған тақпағымызды айтқызып, 5 деген бағаға толы күнделігімізді көрсетіп қалатын", – дейді актриса.
Жақында Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қонақжайлық танытуға шақырды.
"Айтпағым мынау, 8-16 қыркүйек аралығында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам қонақ келеді. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Барынша қонақжайлық танытайықшы. Өткенде тәжік жәрмеңкесіндегі жабайылықты ұмыту мүмкін емес. Қазақ деген ұлттың бейнесін көрсететін біз. Мәселен, өзім шетелге барғанда таңданатын бір жайды айтайыншы. Түркияда әуежайдан қонақүйге жеткенше такси жүргізушісі елінің тарихын, қаланың әсемдігін тамсана баяндайды. Ұлы тұлғаларын айтып мақтанады. Сүйсінесің. Сізге жолыққан әр туристің алдында қазақ деген халықтың бейнесін көрсетіп тұрғаныңызды әрқайсымыз ұмытпайықшы", – деп жазды ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.