Жұмыс күні аяқталған соң басшылардың қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермеуге болады. Осындай заң нормалары күшіне енді.
Басшылардың қоңырауы мен хабарламасына жауап бермеуге болатын заң күшіне енді
Жұмыс күні аяқталған соң басшылардың қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермеуге болады. Фото jasoncortel.com сайтынан алынды
5,370
оқылды

Жұмыс уақыты біткен соң да жұмыс берушілердің тапсырмаларын орындайтын қызметкерлердің өмірі жеңілдегенін BBC News жазды. Бұл заңның талаптарын Aikyn.kz британдық сайтқа сілтеме жасай отырып талдайды. 

Заң нормаларын бұзған қызметкерге 12 900 доллар айыппұл, ал  компанияға 63 800 долларға дейін айыппұл салынады. Фото kp.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

«Ажырату құқығы» деп аталатын ереже жақында Австралияда күшіне енді. Жаңа заңға сәйкес, жұмыс берушінің қоңыраулары мен хабарламаларына қызметкердің жұмыстан тыс уақытта жауап бермеуіне болады. Заң қызметкерлерді басшылардың жазалауынан қорғауға арналған, қызметкерге жұмыстан тыс уақытта хабарламаларға жауап бермеу құқығы берілді. Мұндай ұқсас ережелер 20-дан астам елде, негізінен Еуропа мен Латын Америкасында қолданылады.

Өткен жылы жүргізілген сауалнама австралиялықтардың жылына орташа есеппен 281 сағат ақысыз үстеме жұмыс істейтінін көрсеткен. 

Күшіне енген жаңа заң жұмыс берушілерге жұмыстан тыс мезгілде қызметкерлермен байланысуға тыйым салмайды. Заң қызметкерге басшысының қоңырауына жауап бермеу құқығын береді. 

Жаңа заң жұмыс берушілер мен қызметкерлердің арасындағы дауларды шешуге көмектеседі. Фотоколлаж training-partner.ru сайтынан алынды

Ережелер жұмыс берушілер мен қызметкерлердің арасындағы дауларды шешуге көмектеседі. Егер дау шешілмесе, онда Австралияның әділ жұмыс комиссиясы (FWC) араласады. FWC жұмыс берушіден жұмыстан тыс уақытта қызметкермен байланысын тоқтатуды талап етуі мүмкін. Ал комиссия қызметкердің жауап беруден бас тартуын орынсыз, жұмыс процесіне зиян келтірді деп тапса, қызметкерге жұмыстан тыс уақытта басшысымен байланысуға бұйрық бере алады.

FWC комиссиясы заң нормаларын бұзған қызметкерге 12 900 доллар айыппұл, ал  компанияға 63 800 долларға дейін айыппұл сала алады. Австралияның еңбек ұйымдары бұл қадамды құптап отыр.

Австралиялық кәсіподақтар кеңесінің айтуынша, бұл «жұмысшыларға жұмыс уақытынан тыс қажетсіз байланыстарды болдырмауға және жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді». Еңбек жөніндегі сарапшы BBC News-ке жаңа ережелер жұмыс берушілерге де пайда әкелетінін айтқан. Суинберн технологиялық университетінің қызметкері Джон Хопкинс: «Қызметкерге тынығуға жақсы мүмкіндік беретін және жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі жақсы үйлестірілген ұйымда қызметкерлердің ауырып, жұмысқа жарамсыз болуы немесе ұйымнан кету ықтималдығы аз болады. Заң қызметкерге де, жұмыс берушіге де тиімді», – дейді.

Рейчел Абдельнур: «Біз күні бойы телефонымыз бен электронды поштаны тексеретініміз сонша, менің ойымша, оны өшіру өте қиын». Фото forbes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Алайда жаңа заңға жұмысшылардың реакциясы әртүрлі болды. Рейтер агенттігіне жарнама саласының қызметкері Рейчел Абдельнур: «Менің ойымша, бізде осындай заңдардың болуы өте маңызды. Біз күні бойы телефонымыз бен электронды поштаны тексеретініміз сонша, менің ойымша, оны өшіру өте қиын», – дейді. Дегенмен басқалар жаңа ережелер оларға жақсы мүмкіндіктер береді деп сенеді.

«Менің ойымша, бұл тамаша идея. Бұған үйренеміз деп үміттенемін. Шынымды айтсам, оның біздің салада орындалатынына күмәнім бар. Өйткені бізге жақсы жалақы төленеді, бізден нәтиже күтеді және ондай сенімді біз тәулігіне 24 сағат бойы ақтауымыз керек деп санаймыз», – дейді қаржы саласының қызметкері Дэвид Бреннан.

Мына әзіл видеода демалыс кезінде жұмысты ойлаудың зияны көрсетіледі:

Жаңа еңбек қатынастары да технологиялық жаңару жағдайына байланысты өзгеруде. Бескүндік еңбек аптасынан төрткүндік аптаға ауысу қарастырылып, қашықтан жұмыс істеу формасы енгізілуде.

Бұның бәрі коммуникациялық жаңашылдықтың көмегімен іске асырылып, жойқын ақпарат әлемінде адамның денсаулығын, әсіресе, психологиялық орнықтылығын сақтауға арналған.

Өйткені адамзат өркениеті өзінің миллиондаған жылдарға созылған эволюциясында мұндай ақпарат тасқынын көрмегендіктен, оған бейімделіп үлгере алмауда. Қазақ елі де бұл ғаламдық үдерістерден тыс қалмасы анық.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.