2024 жылғы XV Ұлттық дельфий ойындары Көкшетау орталық алаңында өтетін салтанатты ашылу рәсімінен басталды.
Көкшетауда XV Ұлттық дельфий ойындары өтті
704
оқылды

Көкшетауда SILK WAY CREATIVE GAMES шығармашыл жастар форумының аясында XV Ұлттық дельфий ойындары өтті. Ұйымдастырушылар – Ұлттық дельфий комитеті және Ақмола облысы әкімдігі.

2024 жылғы Ұлттық дельфий ойындарына 8-25 жас аралығындағы 650-ден астам адам 25 номинация бойынша қатысты: фортепиано, скрипка, академиялық ән айту; халық аспаптары, халық әндері, халық биі; заманауи би, фотография, қысқаметражды фильм, киім дизайны, көркемсөз оқу, театр өнері; бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер және т.б. Дәстүрлі түрде ым-ишара тілінде ән айту және мүмкіндігі шектеулі жас дарындар үшін хореографиялық өнер деген екі параноминация өткізілді.

Өңірлік іріктеу турлары 2024 жылғы 29 наурыз-17 мамыр аралығында елдің 15 қаласында өтті. Олардың қорытындысы бойынша, жасақталған аймақтық құрама командалар Көкшетауда өтетін ұлттық кезеңге келді.

2024 жылғы XV Ұлттық дельфий ойындары Көкшетау орталық алаңында өтетін салтанатты ашылу рәсімінен басталды. Содан кейін екі күн бойы қаланың 25 алаңында шығармашылық жарыстар өтті. Оның қорытындысы бойынша, 23 тамызда «Көкшетау» мәдениет сарайының марапаттау рәсімі өтті. Ойындарға шақырылған қонақтар арасында мемлекеттік, қоғамдық құрылымдардың көшбасшылары, елдің спорт, мәдениет саласының танымал өкілдері бар. 

Қазылар алқасында республиканың барлық өңірінен келген 40-қа жуық мәдениет қайраткері, оның ішінде 15 ҚР еңбек сіңірген қайраткер болды. 

Үздіктердің үздігі XVIII Халықаралық жастар дельфий ойындарына және ТМД қатысушы елдерінің алғашқы балалар дельфий ойындарына (2024 жылғы 30 қыркүйек-5 қазан, Бішкек, Қырғыз Республикасы) қатысу үшін Қазақстанның Ұлттық құрамасының мүшесі атанды.

Командалық есеп нәтижесі бойынша Қарағанды облысы жеңімпаздар саны бойынша алға шықты. Дельфий туы салтанатты түрде осы өңірдің өкіліне табыс етілді. 

Дәстүр бойынша, SILK WAY CREATIVE GAMES Ұлттық дельфий  ойындарында халықаралық ғылыми-практикалық отырыс өтті. 21 тамызда Көкшетау қаласындағы Достық үйінде BOOTCAMP форматында «МӘДЕНИ СЕБЕТ 2.0» деген тақырыпта конференция болды. Коллаборацияға ҚР мәдениет қайраткерлері, Ұлттық дельфий ойындарының қазылар алқасының мүшелері, ТМД Дельфий ұйымдарының өкілдері (Ресей, Тәжікстан), 2024 жылғы сәуірден бастап Ұлттық дельфий комитеті клубына мүше болған ЮНЕСКО өкілдері, ҚХА, НВС, ESENfondasion, Ақмола облысы әкімдігінің қызметкерлері және басқалар қатысты. Конференцияның модераторы – Ұлттық дельфий комитетінің директоры, Халықаралық комитеттегі ҚР өкілі, CIOFF Дүниежүзілік фольклорлық фестивальдер федерациясындағы ҚР өкілі Құралай Түспекова болды. Талқылау тақырыптары – мәдени игіліктерге қолжетімділік жүйесі, ауылдағы білім беруді дамытудың жаңа құралдары мен модельдері, оқытудағы креативті технологиялар, ҚХА және НДК мәдени бастамалары арқылы этносаралық бірлікті ілгерілету, Халықаралық дельфий ойындарын дамыту, елдер арасындағы мәдени ынтымақтастық, мәдениеттегі еріктілік және т.б.

Әлемдегі дельфий ойындары – өнердің барлық түрлері бойынша жас кәсіпқойлардың кешенді жарысы. Ойындар таланттарды тауып қана қоймай, олардың жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейде өсуіне, өзін-өзі көрсетуіне және жарысуына мүмкіндік береді. Комитеттің бірнеше жылғы жұмысы барысында Қазақстандағы дельфий  қозғалысы 100 мыңнан астам қолдаушы тапты, комитет жобаларына 5 миллионнан астам қазақстандық қатысты. Әр жылдары бұл ойындар Азамат Жылтыркөзов, Димаш Құдайберген, Әли Оқапов, Ratovich, Sensitive би театры және т.б. сияқты қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық жолындағы әлеуметтік сатыға айналды.

Ойындар мәдени мұраны сақтау, жас таланттарды іздеу және қолдау, жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеу, тұлғаның рухани қалыптасуына көмек көрсету, мәдениетаралық диалогті дамыту және ЮНЕСКО, Еуропа Кеңесі, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Еуропалық Комиссия, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті, ТМД қатысушы елдерінің мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңесі тарапынан қолдау тапқан мәдени әралуандықты дамыту үшін тиімді құрал.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.