Астанада абитуриент университеттен музыкалық аспап ұрлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Құжаттарын тапсырған күні ол аспапты университет бөлмесінен байқап қалған. Бөлмеге жасырын кірген жігіт баянды ұрлап, негізгі шыға берістен шығып кеткен. Ол өз әрекетімен 150 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы қаскүнемді анықтады. Ол осы университеттің 18 жастағы талапкері болып шықты.
Жас жігіт жасаған қылмысын мойындады. Ұрланған құрал тәркіленіп, білім мекемесіне қайтарылды. Тергеу барысында жас жігіттің іс-шараларда музыкант болып жұмыс істейтіні және алдағы қойылымға аспап қажет болғаны белгілі болды.
Астана қаласы Полиция департаменті бөтеннің мүлкін иемдену қылмыс ретінде сараланып, қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін ескертеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.