Таразда психикалық диспансерден қашып кетті деген ер адам автобус жүргізушісін пышақтап тастаған. Жарақат алған азаматқа шұғыл ота жасалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ер адам жол ақысын сұрағаны үшін жүргізушінің иық тұсына пышақ сұғып, артынша қашып кеткен. Қолында суық қаруы бар 33 жастағы күдіктіні полицейлер жеті күннен бері іздеп таба алмай жатыр.
Полицияның мәліметінше, күдікті ер адам 2010 жылдан бері облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрған. Алайда ондағы мамандар оның жеке бас дерегін жариялай алмайтындарын жеткізді. Іздеудегі азаматтың мекенжайын айтқан адамға Ішкі Істер органы қызметкерлерінің қаржылай сыйақысы бар. Полицейлер ол табылғанша тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.
– Полиция қызметкерлері қылмысқа қатысты күдікті 33 жастағы Байзақ ауданының тұрғыны екенін анықтады. Қазіргі таңда күдіктіні іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр, – деді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі.
Ал Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы ешбір науқастың қашпағанын мәлімдеді.
– Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы «Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны орталықтан ешбір науқастың қашпағанын мәлімдейді. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 274 бабына сәйкес « Көрінеу жалған ақпарат тарату бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығын ескертеді, – делінген хабарламада.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.