Ең қорқынышты көлік жолдар туралы материал жариялаған Science Focus журналына сілтеме жасаған Aikyn.kz қауіпті жолдардың тізімін ұсынады.
Бұндай жолда екі көліктің жолға сыймай құзға құлауы жиі болады. Фото mybestplace.com сайтынан алынды
Астана мен Алматыдағы, Шымкенттегі кептелістерге, жаз айларындағы жол жұмыстарына наразы болатын жүргізушілер әлемде қаншалықты қауіпті жолдардың бар екенін біле бермеуі де мүмкін. Мысалы, тау асуынан төмен түсіп келе жатып қарсы бағыттан шыққан көлікпен кездескенде екі көліктің жолға сыймай біреуінің құзға құлауы туралы не деуге болады? Бұл әлемнің көптеген қауіпті жолдарында кездесетін шындық. Біз сондай жолдар туралы айтамыз.
Мыңдаған метр биіктіктегі құз бен көліктің арасында ешқандай қорғаныс бөгеттері жоқ. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Кейлонг – Киштвар жолы, Үндістан
Егер сіз қауіпті тау асулары арқылы қызықты 235 км қара жол саяхатын іздесеңіз, Үндістандағы Кейлонгтан Киштварға дейінгі жолды байқап көріңіз. Мыңдаған метр биіктіктегі құз бен көліктің арасында ешқандай қорғаныс бөгеттері жоқ. Бұған көшкін қаупі мен құбылмалы ауа райын қоссаңыз, бұл Үндістандағы ең қауіпті жолдардың бірі екенін түсінесіз. «Жартас ілгіш» деп аталатын жолдың бір бөлігі тар және шетіне тым жақындасаңыз, опырылып кетуі мүмкін.
Қауіпті бұрылыстары мен түзу жолдар тізбегінде көптеген апаттар болып жатады, әсіресе түнгі мезгілде. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Wikipedia Commons / BrankaVV
Ибарска Магистрала, Сербия
Мемлекеттік 22-ші жол немесе жергілікті жерде «Қара тас жолы» деп аталатын Ибар тас жолы Еуропадағы ең қауіпті жолдардың бірі саналады. Сонымен бірге елдегі ең қарқынды қозғалысы бар жолдардың бірі. Магистраль Белградты Сербияның басқа ірі муниципалитеттерімен және Черногория сияқты көрші елдермен байланыстырады.
Қауіпті бұрылыстары мен түзу жолдар тізбегінде көптеген апаттар болып жатады, әсіресе түнгі мезгілде. Олардың көпшілігі жылдамдықты арттыру немесе көлікті мас жүргізудің салдарынан болады екен.
Бұралаңы көп тау жолы 2000 метрден астам биіктікте орналасқан және 150 км бойы таңғажайып пейзаждармен қоршалған. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Трансфэгэрашан, Румыния
Румыниядағы Трансфэгерашан тас жолы Еуропадағы ең әдемі жолдардың бірі, бірақ сонымен бірге ең қауіпті жол саналады. Румынияда автомобиль жолдарының сапасы бойынша Еуропадағы ең төменгі орындарда тұр. Бірақ ең танымал және ең қауіпті жол – Трансфэгерашан тас жолы.
Бұл бұралаңы көп тау жолы 2000 метрден астам биіктікте орналасқан және 150 км бойы таңғажайып пейзаждар ұсынады. Оған күрт бұрылыстар, туннель және биіктіктегі кенет өзгерістер кіреді, бұл жыл сайын осы жолмен жүретін көптеген туристер үшін өте қиын сынақ.
Бұл тас жолда кезігуі мүмкін тағы бір үлкен қауіп – жолдың ортасында қой отарлары жүреді. Шопандар да осы жолды қойды жайылымдарға көшіру үшін пайдаланады, сондықтан асығыс болсаңыз, бұл жолдан аулақ болыңыз.
Жолды тек қол құралдары мен жарылғыш заттарды пайдаланған кеншілер жартастарға ойып салған. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Wikipedia Commons / Bernard Spragg
Skippers Canyon Road, Жаңа Зеландия
Скиппер каньоны – Жаңа Зеландиядағы Шотовер өзені бойында орналасқан шатқал. 1862 жылы бұл аймақта алтын табылып, каньон арқылы жол салу қажет болады. Жолды тек қол құралдары мен жарылғыш заттарды пайдаланған кеншілер жартастарға ойып салған. Шатқалдың жұмсақ топырағына байланысты жолдың беті жаңбыр жауған кезде өте тайғақ болып, құрғаған кезде үгітіліп тұрады.
Оның тік құламалы, кілт бұрылыстары және ұзындығы 22 км болатын көп бөлігінде бір жақты қозғалыс үшін жолдың ені жеткілікті. Бірақ екі көлік бұндай жолға сыймайды. Жолдың қауіпті сипатына байланысты бұл жол учаскесінде автокөлікті жалға алуды сақтандыру жарамсыз болып қалады.
Жол аяқталған кезде алтын ағыны да таусылады, бірақ оның тарихи табиғаты мен таңғажайып пейзажы оны бүгінгі күнге дейін туристердің сүйікті нысанына айналдырды.
Жол бойында елді мекендердің болмауы және ақ аюлардың көптігі қауіп факторын одан сайын арттырады. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy
Джеймс Далтон тас жолы, АҚШ
Ice Road Truckers телешоуымен танымал болған Джеймс Далтон тас жолы – Фэрбенкс қаласын Арктикалық шеңбердің үстінде орналасқан солтүстік Дедхорс қонысымен байланыстыратын ұзақ жол. Жолдың 666 шақырымы Аляскадан келген инженердің құрметіне осылай аталған. Жол мұнайшыларға жанармай мен керек-жарақ тасымалдайтын жүк көліктерінің негізгі бағытқа айналған. Жолдың үштен бір бөлігі ғана асфальтталған, қалған бөлігіне қиыршық тас қана төселген.
Қар мен көктайғақ сияқты қолайсыз ауа-райында бұл жол адамдар үшін басты қауіп-қатері болып саналады. Дегенмен жол бойында елді мекендердің болмауы және ақ аюлардың көптігі қауіп факторын одан сайын арттырады.
Жолдың ені бір ғана көліктің асудан өтуіне жеткілікті. Ешқандай қауіпсіздік қоршауы жоқ. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Faisal Khan
Зожила асуы, Үндістан
Зожила асуы – Ладах аймағын Кашмир алқабымен байланыстыратын маңызды жол. Гималай тауларында биік орналасқандықтан, бұл жол қар мен мұздың ауыртпалығына ұшырайды және айлар бойы жиі жабылады.
Жолдың ені бір ғана көліктің асудан өтуіне жеткілікті. Ешқандай қоршау жоқ болғандықтан, сіз бен жардың арасында ештеңе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл жол жүйкесі мықтылар үшін ғана жасалғандай.
Қазіргі уақытта жолдың жыл бойы ашық болуы үшін трассаның үлкен бөлігін бойлай жаңа түнел (туннель) салынуда. Бірақ бұл жолды әлдеқайда қауіпсіз ете ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
Құзға құлаудан сақтайтын ешқандай қауіпсіздік кедергілері жасалмаған. Көліктердің құзға құлауы өте жиі болады. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy
Fairy Meadows Road, Пәкістан
Бұл өте қорқынышты жол Пәкістан таулары арқылы өтеді, кейбір жерлерде теңіз деңгейінен 3000 м-ден астам биіктікке көтеріледі. Бір бағытта жолға тек бір ғана шағын көлік сыяды. Құзға құлаудан сақтайтын ешқандай қауіпсіздік кедергілері жасалмаған. Көліктердің құзға құлауы өте жиі болады.
Ұзындығы 16 шақырым болатын жол Қарақорым тас жолын Фэйри-Медоуз ұлттық саябағындағы шағын Тато ауылымен байланыстырады. Жол өте қауіпті болғандықтан, онымен тек жергілікті тұрғындар ғана жүреді.
Бұл сұмдық жол құз-жартастарда ойып жасалған, қиыршық тас төселген. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Anton Petrus
Юнгас жолы, Боливия
Боливиядағы «Өлім жолы» деп аталатын Солтүстік Юнгас жолы әлемдегі ең қауіпті жолдардың бірі. 64 шақырымдық жол Ла-Пас қаласын Боливияның Юнгас аймағымен байланыстырады және жаңа тас жол ашылғанға дейін жыл сайын орта есеппен 200-ден 300-ге дейін адамның өмірін қиып келді.
Бұл сұмдық жол құз-жартастарда ойып жасалған, қиыршық тас төселген. Жолдың негізгі проблемалары – тұман мен жаңбыр, өте тарлығы, бұралаңдаған жол көруді қиындатады. Бұған тік жартастардың шетінде көліктердің бір-бірін басып озуы, қарсы бағыттағы көліктердің көптігі де қосылады.
Кептелістердің салдарынан бұл жолмен жүру кейде 15 күнге созылады. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Сычуань-Тибет тас жолы, Қытай
Сычуань-Тибет тас жолы – өзіндік қиындықтары бар әлемдегі ең биік жолдардың бірі. Қар көшкіні мен тас көшкінінен бастап, жоғары биіктік, жолдың тарлығы кез келген жүргізуші үшін үлкен сынақ. Бұл – өте қарқынды қозғалысы бар жол. Кептелістердің салдарынан бұл жолмен жүру кейде 15 күнге созылуы мүмкін, ал жағдай қиындаған кезде жүргізушілер арасында төбелестер де болады. Егер сіз осы жолмен жүруге батыл болсаңыз, сізге қар басқан таулар мен терең шатқалдары бар таңғажайып пейзажды тамашалай аласыз.
Тау баурайын кесіп өтетін бұрылыстарының көптігінен әлемдегі ең қорқынышты жолдардың бірі деп аталады. Фото Science Focus сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Ali Ihsan Ozturk
Bayburt D915, Түркия
Бұралмалы D915 жолы тау баурайын кесіп өтетін бұрылыстарының көптігінен әлемдегі ең қорқынышты жолдардың бірі деп аталады. Ол солтүстік жағалаудағы Қара теңізді бір кездері Қытай мен Еуропа арасындағы ежелгі Жібек жолы сауда жолының бір бөлігі болған Байбурт қаласымен байланыстырады. Жол жергілікті көлік қозғалысы үшін маңызды саналады және жолдың борпылдақтығы, жиі қолайсыз ауа райы және басқа да көптеген қауіп-қатерлер жүргізушіден аса сақ болуды және шыдамдылықты қажет етеді.
Міне, әлемдегі ең қауіпті деген 10 жолдың сипаты осындай. Көлік жүргізетін әрбір адам тау жолының да, тегіс автобанның да қаупі бірдей екенін жақсы біледі. Жол ережесін сақтау, басқалар мен өз өміріңізге жауапкершілікпен қарау арқылы ғана қауіпті азайтуға болады.
Сізді үйде күтіп отырған жақындарыңыз бар екенін ұмытпаңыз!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.