120 адам – магистратура, 6 адам – докторантура бағдарламалары бойынша білім алады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
2,034
оқылды

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 150 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

120 адам – магистратура, 6 адам - докторантура бағдарламалары бойынша білім алады, тағы 24 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына кәсіби тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Дайындықтың басым бағыттарына ерекше назар аударылды, стипендиялардың үштен екісінен астамы жаратылыстану-техникалық пәндер бойынша бөлінді. Жеңілдікті санаттар бойынша 22 адам шетелде білім алады.

Үміткерлер Harvard University, Imperial College London, University of Pennsylvania, University of Melbourne, Columbia University , Johns Hopkins University, University of Bristol сияқты әлемдік рейтингтердің топтарына кіретін университеттерге түсті.

Ең танымал мамандықтар: ақпараттық технологиялар мен жүйелер, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік, көлік технологиялары және логистика, қоғамдық денсаулық сақтау, неонатология және хирургия, үлкен деректерді талдау, құрылыс, геология және тау-кен ісі, металлургия, қаржы технологиясы, урбанистика және математика.

Орталық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін кандидаттарды конкурстық іріктеуге ерекше назар аударады.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ғылыми тағылымдамалар бойынша сапалы іріктеуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Конкурстық іріктеу процесі қайта қаралды, кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Халықаралық бағдарламалар орталығы ғалымдарды қолдауға арналған бөлек басқарманы құрды, ол жеңілдік санаттары бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан байланыс орнатуға және тегін шақырулар алуға көмектеседі. Бұл шаралар ғылым мен зерттеулерді қолдау жөніндегі стратегиялық жоба аясында ғалымдарға тиімдірек қолдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әлия Оспанова

Грант иегерлерінің толық тізімін мына жерден көре аласыздар.

Сондай-ақ 33 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында экономика үшін аса маңызды бағыттар бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.