Бұл автокөлік өндірушісі осыдан үш жыл бұрын жариялаған мақсатынан бас тартты. Толық электрлі көліктер шығаруға көшпейтін болды.
Volvo толық электрлі көліктерді сатудан бас тартты
Volvo тек электрлі көліктер шығару мақсатынан бас тартты. Фото de.marketscreener.com сайтынан алынды
1,355
оқылды

Қытайлық Volvo автомобиль компаниясы 2030 жылға қарай тек толық электрлік көліктер шығарудан бас тартқанын BBC News хабарлады. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, қытайлықтар сатып алған компанияның шешімін түсіндіреді.

Geely-дің негізін қалаушы Эрик Ли Volvo XC40 моделін таныстыруда. Фото afr.com сайтынан алынды

Volvo автомобиль компаниясы 2030 жылға қарай тек толық электрлік көліктер шығару мақсатынан бас тартып, енді гибридті көліктер сату жоспарларымен бөлісті. Автокөлік өндірушісі 3 жыл бұрын жариялаған жоспарынан бас тарту нарықтық конъюнктураның өзгеруімен байланысты екенін мәлімдеген. Кейбір ірі нарықтарда электр көліктеріне (EV) сұраныстың төмендеуі және Қытайда жасалған электр көліктеріне сауда тарифтерінің енгізілуі Volvo-ның жоспарларына әсер еткен.

Өзінің экологиялық стандарттартын мақтан ететін Volvo басқа да ірі General Motors және Ford сияқты концерндерге қосылып, электромобиль амбицияларынан бас тартады.

Енді Volvo 2030 жылға қарай өз өндірісінің кем дегенде 90%-ы ғана электрлі көліктер мен гибридтер құрайды деп күтеді. Швед компаниясы сонымен қатар дәстүрлі көліктерге орнатылған электрлік көмекші компоненттері бар жұмсақ гибридтер деп аталатын көліктерді де сатуды қолға алмақшы. 

Volvo басқа да ірі General Motors және Ford сияқты электромобиль амбицияларынан бас тартуда. Фото commons.wikimedia.org сайтынан алынды. Авторы: Mangan02

Volvo-ның бас директоры Джим Роуэн «болашағымыз электрлік екеніне сенімдіміз, алайда, электрлендіруге көшу сызықтық процесс болмайтыны анық, ал тұтынушылар мен нарықтар әртүрлі жылдамдықпен өзгеруде», – дейді. 

Компания сонымен қатар зарядтау инфрақұрылымының баяу іске қосылуы және тұтынушыларды ынталандырудың алынып тасталуы сияқты факторларға байланысты электрлі көліктерге арналған бизнес климат өзгергенін айтуда.

Тәуелсіз сарапшы Анна Макдональд тұтынушылардың электрлі көліктерге көшуіне алаңдайтынын білдірді: «Үкіметтердің электр көліктерін сатып алуды ынталандыру үшін берген кейбір субсидиялары аяқталды және тұтынушылар зарядтау мәселесіне де алаңдайтындықтан сұраныс әлі де төмен».

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі электромобильдер әлі де қымбат. ЕуроОдақ пен АҚШ импортталған қытайлық көліктерге олардың нарықты басып кетуіне жол бермеу үшін жоғары тарифтер енгізді. Автоөндірушілер болса қымбат электрлі көліктер шығарып, ақша жоғалтқысы келмейді.

Volvo компаниясы Geely-ге тиесілі және оның көп модельдері Қытай зауыттарында шығарылады. Фото BBC сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығының мәліметі бойынша, шілдеде ЕуроОдақтағы электромобильдерді тіркеу 11%-ға төмендеген. Volvo акцияларының 78,7%-ын қытайлық автомобиль гиганты Geely-ге тиесілі және Volvo көліктерінің көпшілігі Қытай зауыттарында шығатындықтан, оған Еуропа мен Солтүстік Америкаға импортына салынатын тарифтер де әсер етеді.

Өткен аптада Канада АҚШ пен ЕуроОдақтан кейін Қытайда өндірілген электр көліктеріне 100% импорттық тариф енгізетінін мәлімдеді.

Батыс елдері Қытай үкіметі электр көлік өнеркәсібін субсидиялап, автомобиль өндірушілеріне әділетсіз артықшылық берді деп айыптауда. Қытай бұл айыптауларды жоққа шығарып, енгізілген тарифтерді нарық заңдарына қайшы, «кемсітушілік» деп сынады.

Қытайлық Volvo сияқты америкалық Ford та элтекрлі көлік (EV) амбицияларын бәсеңдетті. Өткен айда америкалы автогигант толық электрлі жол талғамайтын көлік (SUV) жоспарынан бас тартқанын және келесі электрлі пикапты шығаруды кейінге қалдыратынын мәлімдеді. Тағы бір әлемдік көшбасшы General Motors та өткен жылы электр көлігі жоспарларын қысқартты.

Батыс елдері Қытай үкіметі электр көлік өнеркәсібін субсидиялап, автомобиль өндірушілеріне әділетсіз артықшылық берді деп айыптауда. Фото grubbsvolvocarscentralhouston.com сайтынан алынды

Қысқаша анықтама

Әлемдік нарықта Volvo Car Corporation атауымен белгілі швед автомобиль компаниясы Volvo жеңіл автокөліктерін өндіреді. 1999 жылы компанияны америкалық Ford концерні 6,45 млрд долларға сатып алды. Ал 2010 жылдың тамызында шведтік Volvo Cars компаниясы қытайлық Zhejiang Geely холдингінің құрамына кірді. Қытайлық компания америкалықтардан Volvo-ны 1,8 млрд долларға сатып алған. Volvo үшін бұл қаржылық қиындықтан шығу жолы болса, қытайлық Geely үшін бұл бірінші және ең үлкен сатып алу болды.

2013 жылы Volvo Еуропадан тыс жерде алғашқы толыққанды зауытын салды. Зауыт Чэнду қаласында ашылды, онда бастапқыда Volvo S60L және XC60 үлгілері шығарылып келген еді.

Әйел азаматтардың көлік жүргізгендегі ерекшеліктері туралы мына әзіл видеода.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.