Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының еліміз үшін қандай маңызы бар екенін айтты.
Бүгін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ресми түрде басталды. Бұл – түркі әлемі асыға күткен үлкен спорттық әрі мәдени іс-шара.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ойындардың ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, Ұлы дала мұрагерлері – бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін маңызы ерекше екенін атап өткен болатын. Бүгін біздің қазақ жеріне 89 елден 2 мыңнан астам спортшы келді. Жарысқа түркі елдерінің дәстүрлі командаларымен қатар, Оңтүстік және Солтүстік Американың, Африканың, Аустралияның, Еуропа мен Азияның көптеген елінен команда қатысуда. Мұндай халықаралық қызығушылық көшпелілер мәдениетінің бүкіл әлемге танымалдылығын, оның өзіндік ерекшелігі мен өзге халықтар үшін маңыздылығын білдіреді. Қатысушылар спорттың 21 түрінен сынға түседі. Еліміз құсбегілік, жамбы ату, асық ату, арқан тартыс және ат бәйгесі мен ұлттық күрестің барлық түрінен өнер көрсетеді. Бұл бағыттар – көшпелілер өркениетінің ортақ мұрасының інжу-маржаны. Оны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етуге міндеттіміз. Бүгін біз көшпелі халықтар достығының мерекесіне куә болдық. Президентіміздің құттықтау сөзі және командалардың көрсетілімдері жарыстың шымылдығын ашты. 2022 жылы Қазақстан Ойындарды өткізу эстафетасын Түркия Республикасынан қабылдады. Біздің ел ойындардың жоғары деңгейде өтуі үшін барлығын жасады. Бұл – еліміз үшін көптеген шетелдік қонаққа ұлттық мәдениетіміздің барлық ерекшелігін және халқымыздың қонақжайлылығын көрсетуге тамаша мүмкіндік. Туристердің қызығушылығын арттыруға жақсы негіз болатынына сенімдімін. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін және қазақстандық спортшылардан жарқын жеңіс күтеміз!», – деді Ерлан Қошанов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.