Құтқару операциясы арнайы жасақ қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асырылды.
Оралдық полицейлер 6-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарды
458
оқылды

7 қыркүйекте полицияға Орал қаласындағы 9 қабатты үйлердің бірінде 6-қабаттың терезесінде белгісіз әйел адамның отырғаны және секірмек ойы бар деген хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден жеткен патрульдік полицейлер Досым Бисембай, Батыр Альшинов, Дамир Казиханов әйелді аман алып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Polisia.kz мәліметінше, әйелді әңгімеге тартуға тырысқанымен, одан еш нәтиже болмайтынын түсінген полиция қызметкерлері 6-қабатқа көтерілген. Қажетті пәтерді тауып, қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында есікті бұзуға шешім қабылдайды.

– Осы кезде көмекке түнгі кезекшілікте қызмет атқарып жүрген “Үкі-8” жасағы келіп жетті. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен есікті жартылай майыстырып ашып, ішке қарай ең бірінші Казиханов Дамир кіріп, қалған әріптестеріне пәтерге кіруге мүмкіншілік жасайды. 

Полиция қызметкерлері әйел адамның терезе жақтауында әлі отырғанын көріп, байқатпай тез қимыл жасап, әйел адамды пәтер ішіне еш жарақатсыз түсіріп алады. Кейін жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып, әйелді соларға табыстады, – делінген ақпаратта.

Осылайша, полиция қызметкерлерінің тез шешім қабылдауының арқасында адам өмірі құтқарылды.