Былтыр ШҚО-ға 370 мыңнан астам турист барған.
Шығыс Қазақстандағы туристік орындарға ұшақ қатынайтын болады
337
оқылды

Шығыс Қазақстан облысындағы туристік нысандарға ұшақ қатынайтын күн алыс емес. Ол үшін Қарағайлы ауданы мен Зайсан қаласындағы әуежайларды қайта жаңғырту жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Туристік инфрақұрылымы ретке келсе, Алматы, Астана мен басқа да өңірлерден келген қонақтар бірнеше сағат ішінде Алтай тауларындағы ұлттық саябаққа және Зайсан көліне жете алады.

Былтыр елдің көрікті жерлерін көру үшін 9 миллионнан астам шетелдік турист келген. Бюджетке 450 миллиард теңгеге жуық қаржы түсті. Логистика мен инфрақұрылым жақсарса, бұдан да көп пайда табуға болатынын сала мамандары растап отыр.

– Былтыр ШҚО-ға 370 мыңнан астам турист келді. Алдағы уақытта туристер ағынын 2-3 есеге дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жету үшін тиісті талапқа сай әуежайлар керек, – дейді Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев. 

Металлург Сергей Панасюк Катонқарағай мен Зайсанда әуежай салынатыны туралы Президент Жолдауынан білген.

– Шығыстың тамаша табиғаты әлемдік туризмнің орталығына айналуы ғажап емес. Шығыс Қазақстанда туризм дамып келе жатыр. Шетелден келіп демалатындардың қатары көбейген. Өйткені біздің табиғатымызға қарап, екінші Швейцария дейтіндер бар, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Сергей Панасюк. 

Саланы серпілту үшін атқарылатын шаруа аз емес. Бірінші кезекте демалыс орындарына баратын жол мен әуеқатынасын реттеу керек. Бүгінде Катонқарағайдағы бұрынғы әуе айлағын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, Зайсан ауданында жаңадан үш әуежай салынуы мүмкін.

– Біз Тарбағатай мен Зайсан ауданы арасындағы Салтай ауылында жаңа әуежай салуды қарастырып жатырмыз. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда бұл әуежайды Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл ауданы пайдалана алады, – деп түсіндірді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов. 

Зайсандағы жаңа әуежайға жұмсалатын қомақты қаржы сауда аэрохабын құрғаннан кейін еселеп қайтады деп болжайды мамандар.