Сұлу Сырдың жағасына қоныстанған жамағаттың ежелгі атакәсібі балық шаруашылығымен тікелей байланысты. Тіпті, бір кездері Сырдың «су маржаны» елдің атын шығарды. Сол уақытта халықтың ырзық-несібесі артты. Тұрмыстық жағдайы айтарлықтай түзелді. Ал қазір ше?
Балықшы көп, балық жоқ
354
оқылды

Бір кездері судан несібесін терген Сыр жұртшылығының қазіргі жағдайын салыстыруға келмейді. Әсіресе, тұрғы­лықты халық теңіз тартылғаннан кейін байырғы кәсібінен қол үзіп барады. Кез келген балықшыдан жөн сұрасаңыз, теңіз­де балық жоқ екенін айтып, зар илеп қоя береді. Бүгінде бұл мәселе елдің шымбайына батып тұрғаны жасырын емес. 

Соңғы жылдары Арал теңізін сақтап қалу бағытында ауқымды жоба қолға алынғаны әмбеге аян. Соның ішінде Аралдың жарты бөлігін сақтап қалу жобасы елдің сөне бастаған үмітін қайта тұтатқандай болған еді. Бірақ қуанатындай нәтиже әзірге көрінбейді. 

Өңірдің жастары екі қолға бір күрек таппай, балықты кәсіп етуге бетбұрыс жасаған. Айлап, апталап теңіз жағасын паналап, судан несібесін алуға үміт артады. Алайда көп жағдайда еселі еңбегі еш болып, құралақан қайтатынын айтып, ашынады. Байырғы «Аралдың ақ сазаны» арманға айналып бара жатқанын алға тартады. Соның салдарынан базар мен сауда орындарында көп жағдайда өзге өңірлерден жеткізілген балық түрлері саудаланып жатқаны ащы да болса шын­дық.

Өз кезегінде Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен мәселенің мән-жайын білмекке тырыстық. Бөлім тарапынан бұл мәселені теңізге түсетін су көлемінің жылдағыдан азаюымен түсіндіріп отыр.

Жалпы, аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл есепке алынған. Оның ішінде Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді екен. Оның 16 түрін кәсіпшілік мақсатта аулауға рұқсат етілген. Аталмыш бөлімнің мәліметіне сәйкес, есепті кезеңде 5489,2 тонна балық ауланған болса, оның 3 105 тоннасы өңделген. 

«Негізі, облыстағы су айдындарының басым көпшілігін Арал ауданы құрайды. Соңғы жылдары Кіші Арал теңізіне түсетін судың көлемі едәуір азайды. Тиісінше, ондағы балық қорының да мөлшері айтарлықтай төмендеді. Ендігі кезекте балықты молайтып, атакәсіпті үзбей, саланы әртараптандырудың өзге де жолдарын іздестіру арқылы оны дамыту біз үшін аса маңызды болып тұр», – деп түсіндірді бөлімнің бас маманы Жеңіс Ер­болсынов.

Дерекке сәйкес, 2016-2017 жылдары теңізден 8,5-9 тоннаға дейін балық аулан­ған екен. Ал қазіргі жағдайда су көлемінің азаюына байланысты теңіздегі балық қо­рының мөлшері кеміп бара жатқанын сала мамандары растап отыр. 

Соған орай, аудан аумағынан тоғанда балық өсіру шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп отырғанын айтып, алдағы жоспарлы жұмыстармен бөлісті. Мәліметке сәйкес, бұл қиындықты еңсеру бағытында Арал ауданында 10 балықты қолдан өсіру жобасы жоспарланыпты. Соның негізінде қазіргі кезге дейін 5 тоғанда балық өсіру шаруашылықтары іске қосылып, жұмыс жүргізіп жатса керек. Жыл соңына тағы дәл осындай 5 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр екен.

«Соңғы жылдары өңірде балық қоры мөлшерінің күрт төмендеп кеткені жасырын емес. Соған орай тоғанда қолдан балық өсіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, ауданға қарасты Бөген ауылдық округінен ДК «Қ.Қарагенеев», Жаңақұрылыс ауылдық округінен «Қуаныш» ШҚ тоғандарды тереңдетіп қазып, су жіберу жұмыстарын бастады. Ал Аманөткел ауылдық округінен «Түрікпен» ШҚ және Қамыстыбас ауылдық округінен ДК «Ә.Рақымжан» тоғанды балық шаруашылығын құру бағытында жер телімдерін алу бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Осы орайда айта кету керек, ауданда тұқы өсіретін тоған балық шаруашылығы құрылды. Қазір «Арал Рыбторг» ЖШС 15 гектар аумақтағы 4 тоғанда балық жіберу жұмыстарын бастады. Биылғы жылдың маусым айында 7,7 млн дана тұқы тұқымы тоғанға жіберілді. Күзге дейін тоғандардың ауданын 25 гектарға дейін ұлғайтып, содан кейін қуаттылығы жылына 15-20 млн шабаққа арналған инкубациялық цехты орнату жұмыстары басталатын болады. «Арал Рыбторг» ЖШС тарапынан тауарлы балықтың алғашқы партиясын 2025 жылы аулау жоспарлануда. Бұл жобаның құны – 150 млн теңге, ал қуаттылығы жылына 300 тоннаны құрайды», – дейді бөлімнің бас маманы.

Негізінен, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 2030 жылға қарай балық өсіру  көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланғаны белгілі. Бұл тұрғыда облыста тауарлы балық өсірумен 93 шаруашылық айналысады екен. Оның ішінде 76 көл тауарлы балық шаруашылығы көлі, 12 тоған және 3 тор шаруашылығы және 2 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіру шаруашылығы.

«Жалпы, облыс бойынша 2021 жылы жоспарланған тауарлық балықтың көлемі 172 тонна болса, 2022 жылы жоспарланған тауарлық балықтың көлемі 480 тонна, нақты 527 тонна өсірілді. Ал 2023 жылы жоспарланған тауарлық балықтың көлемі 800 тонна, нақты 875 тоннаны құрайды. Алдағы 2024 жылға 1000 тонна тауарлық балық өсіру жоспарланған. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тара­пынан.

Негізінен, бұл келеңсіздік су тапшы­лығынан болып отырғанын жоғарыда айттық. Дей тұрғанмен, балықшылар қауымы тәлімбақтар жұмысын әлі де жетілдіру қажет екенін айтады. Жергілікті жұртшылықтың тағы бір пікірінше, заңсыз аулау фактілері жиі бой көрсетіп жатыр. Әсіресе, су маржанын түгін қалдырмай сүзіп алып жатқандарға тосқауыл қойылса игі. Қалай дегенде де, бір кездері ақ сазанымен аты шыққан аймақтың бүгінгі халі алаңдатар­лық күйде тұр. Балықшы көп, бірақ балық жоқ. Жергілікті жұртшылық «Жағ­дай бұлай жалғаса берсе, атакәсібіміз­ден мүл­де қол үзіп қалмаймыз ба?» деген қор­қынышта жүр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы