Ұрланған қаражаттың көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
Астана қалалық Мәдениет басқармасының экс-басшысы ұсталды
473
оқылды

ҚМА Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Агенттіктің мәліметінше, 2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей тікелей келісімшарттар жасалған. 

– Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. 

Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр. 

Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр, – делінген ҚМА хабарламасында. 

Күдікті, Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

– Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер.

Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды, – деп мәлімдеді ҚМА өкілдері. 

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.