Cпектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Абай» қойылымымен 34-маусымын ашады
963
оқылды

2024 жылдың 11 қыркүйегінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 34-ші маусымын ашады. Жаңа маусым шымылдығы дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Cпектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков. Хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Жұмашев. Қоюшы суретші – Қ.Мақсұтов.

Сахнада Аға Абай рөлін Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен, Абай ойы, Абай философиясы өркендеп ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар, сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.

Театрдың қыркүйек айындағы репертуарына М.Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Д.Рамазанның «Жошы хан», С.Тұрғынбекұлының «Шәмші», Ж.Шайхисламұлы, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Г.Бюхнердің «Войцек», О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым», Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!.», Э.Филиппоның «Әйел құпиясы», А.Дударевтің «Кеш» спектакльдері мен халық аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестрдің концерттері еніп отыр.

Сонымен қатар, қыркүйек айында М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы (реж: Г.Миргалиева) Ақтау қаласында өтетін ІІI Халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестиваліне, Qalleki театр лабораториясының «Войцек» драмасы (реж: Ұ.Қабыл) Павлодар қаласында өтетін Ж.Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестиваліне қатысады.

Жаңа маусымның тағы бір жаңалығы – қазан айында көрермен назарына режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязовтың сахналауында «Фигароның үйленуі» (авт: П.Бомарше) спектаклінің премьерасы, желтоқсан айында Т.Әбдіктің «Парасат майданы» (реж: Ф.Молдағали) спектаклінің премьерасы ұсынылады.